Өрт неге өршіп тұр?
Соңғы уақытта аудан жұрты аспанға будақтай ұшқан қара түтінді жиі көріп жүр. Бұл елді елең еткізген келеңсіз жайттың ең сорақысы 2020 жылы «Орын-ай» базарында орын алған. Артынша, бірінен соң бірі көрініс тауып отырды. Оның алдында болғаны көп дегенімізбен, алыстан арбалаудың қажеті шамалы. Өйткені кейінгі жылдардағы мәліметтің өзі жаға ұстатады. Шындығында ауданда өрт неге өршіп кетті? Мұның алдын алу жолдары қандай? Саралап көрелік.
Өткен жылдағы өкініш
Осы мәселе көтерілгенде өткен жылдары болған оқиғаларға оралғымыз келмеген. Соның салдарынан келместің кемесінен орын тапқандар болды. Дегенмен барлығын сараптап, тереңіне бойламасқа болмады. Аудандық №9 өрт сөндіру бөлімінің берген мәліметіне сенсек, 2020 жылы жергілікті жерде 37 қара түтін ұшса, былтырғы жылы 29 тілсіз жау көрініс тапқан.
2021 жылы тағы 84 өртке жатпайтын жану оқиғасы тіркеліпті. Бұл дегеніңіз ауладағы қураған шөпке жалын қойып, ие бола алмай қалғандардың немесе электр сымдарының қысқа тұйықталуынан қорыққандардың әуселесі. Өрт сөндірушілер солардың бәрін ауыздықтап үлгерген. Алайда өзекті өртейтін өкінішті айналып өту әркез мүмкін бола бермейді. Олай дейтініміз, тілсіз жаудың кесірінен қайғыдан қан жұтқан отбасылар болды.
Есте болса, жұрт «арғы бет» атайтын аумақтағы тұрғын үйлердің бірін жалын шарпығанда кәмелет жасқа толмаған балақайды жалмай кеткен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше болған жағдайға өкініш білдіреді. Төтенше жағдай жайында сәл ерте хабар алғанда, жеткіншекті құтқарып үлгеретін ба едік дегенді айтады.
Тұрғын үйлерден бөлек, жаз түссе, өрттен көз ашпайтын орталық базар, одан бөлек жұмысын жаңа ғимаратта бастағанына аз уақыт болған «Ақмаржан» құрылыс дүкенін өрт шарпығанда көңілде күдік пайда болғаны рас. Оқиға куәгерлері ғаламтордағы жергілікті өрт сөндірушілердің қолы қысқа, құрылғысы көне екенін жазып, үрейлендіргені тағы бар. Сол тұста бұған аудандық №9 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Ғабит Ниетәлиев өрт сөндірушілердің техникалық базасы соңғы үлгіде жасақталғанын, қаңқу әңгімеге жұрттың ермеуін сұрады. «Рас, арнайы көліктерді қайта толтыруда қиындық болды. Жаз мезгілінде тұрғындардың тіршілік көзін шамадан тыс пайдалануы бізге де кесірін тигізеді. Су қысымы төмен болғасын уақыт үнемдеу мақсатында арық, канал жағалап кетеміз. Осы жағдай базар маңында байқалғаны анық. Бұдан бөлек, су шашатын құбырлар базардағы өртті сөндіру барысында жыртылған жағдай болды. Бірақ кез келген шақыртудан кейін көліктің, өрт сөндіру құрылғыларының жарамдылығы сол күні тексерістен өтіп, кемшіліктер еңсеріледі. Өйткені келесі оқиғаға дайын отыру міндетіміз. Бұл үшін тұрғындар алаңдамаса да болады» дегені де есте.
Расында қазір №9 өрт сөндіру бөлімінде бес өрт сөндіру көлігі бар. Олардың жағдайы орташа, жақсы деп бағаланады. Мекеменің елуге жуық маманы қала, кент, ауылдық округ, қажет болған жағдайда, жақын маңдағы іргелес аудандарға қол ұшын созуға әрқашан дайын.
Біздің айтайын дегеніміз...
Былтыр теміржол вокзалы маңында болған өртті тұрғындар ұмыта қойған жоқ. Республикалық маңызы бар ғимарат жаққа өрт сөндірушілер абырой болғанда дереу жеткен. Кейінірек апатқа ұшыраған №40 белгі беру және байланыс дистнациясының ғимараты екені анықталды. Тілсіз жау нысанның қауіпті тұсына, яғни жанармай сақтау қоймасына ауыз салған. Жарылыс оқиғасы орын алуға бірнеше минут қалғанда мамандар өртті «өшіріп» үлгергендерін айтады. Бұған дейін өрт сөндіруші құрамының бір бөлігі мекеме қызметкерлерін қауіпсіз орынға көшірген. Теміржол жанын жағалай қоныстанған нысанның бірінде жарылыс орын алған болса, апаттың соңы трагедияға алып келуі де мүмкін еді. Мұндай келеңсіздіктің алдын алған білікті өрт сөндірушілердің жанкештілігі ерлікпен пара-пар десек жарасады.
Бейбіт күннің батырлары жайында сөз қозғала қалса, Жамбыл облысындағы оқиға ойға орала кететін болды. Бүкіл Қазақстанды қан жылатқан қаралы күнде өрт сөндірушілер де шейіт кеткен еді. Қазалы ауданында мұндай қару-жарақ немесе жарылғыш заттар сақтайтын орын жоқ. Десек те Әйтеке би көшесінде оқ дәрі, қару жарақ сататын дүкен барын білеміз. Мамандар онда жарылыс тудыруға қауқарлы қор жоғын айтып сендіреді. Алайда кент орталығындағы жанар-жағармай құю бекеттерінде от тұтанса, орасан апат әкелуі мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Жергілікті атқарушы органдар бұл іске бейжай қарамаса деген жұрт тілегі орынды. Біздің басты айтпағымыз да осы.
Қай күні, қай жерден, қара түтін көкке көтеріледі деп қолқусырып отыра беруге болмайды. Бүгін тек ғимарат не тұрғын үй жанып кетті десек, ертең тілсіз жау адам жанын алмасына кім кепіл?!
Қаңтардағы қара түтін
Барыс жылы басталғалы жергілікті жұртшылық жалындаған оттан көз ашпай келеді. Олай дейтініміз, алдын-ала болжануы қиын бұл алапат жыл басынан бері 5 рет орын алған. Бар жоғы 1 айдың ішінде жалғасын тауып отырған жайт көңілге қорқыныш ұялатпай қоймайды. Бұл туралы өрт сөндіру бөлімінің мамандары «алау электр сымдарының қысқа тұйықталуынан көрініс тапты» дейді.
Соның ішінде есте қалғаны бірнеше апта бұрын арасын күн салып екі бірдей өрттің алаулағаны. Оның бірі – 26 қаңтар күні таңертеңгілік Жалаңтөс батыр ауылындағы тұрғын үйде болған болса, екіншісі 28 қаңтар кешкілік аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі М.Шоқай көшесіндегі тұрғын үйден қара түтін ұшты. Аудандық №9 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері дер кезінде оқиға орнынан табылып, жалынды ауыздықтай білді. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.
Нақтыласақ, Әйтеке би кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 7 шақырымдай қашықтықта орналасқан округтегі жалындаған от тұрғын үйдің асханасынан басталған. Тілсіз жау таңғы сағат 6:34-те оқшауланып, 6:59-да толық сөндірілген. Араға екі күн салып кенттегі М.Шоқай көшесіндегі үй отқа оранды. Мұнда да өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері күшімен от тез арада өшірілді.
Әрине жеті ағайынды тілсіз жаудың бірі саналатын өрттің айтпай келетіні белгілі. Ел ішіндегі беймарал уақытта жарылыс ізіне ұқсайтын түтін шыға қалса, қызыл оттан зәресі зәр түбіне жеткен тұрғындар іштерінен «біссіміләсін» айтып, әлеуметтік желіні ақтара бастайтыны жасырын емес. Сәйкестік деуге де болатын шығар, дегенмен, бірнеше жылдан бері Қазалыда қаншама ғимараттың күлі көкке ұшты. Құзырлы орындар мұны нысан иелерінің қауіпсіздік шараларына бейқам қарағанынан көре салады. Үйдің техникалық қауіпсіздігін бақылау, ескерту, тұрғынжайлардың қысқы маусымға дайындығын қатаң тексеру жоқ. Болса да «формальды», сөз жүзінде іске асады. Нәтижесінде қанша кәсіпкер шығынға батып, баспанасыз қалғандар қатары көбейді. Бұдан бөлек өрт сөндірушілер бастарын бәйгеге тігеді. Асылында жауаптылар қажетті шараны қолға алатын уақыт жетті.
Абзал ЖОЛТЕРЕК