Қара түтін қайдан ұшты?
Соңғы уақытта жұрт аспанға будақтай ұшқан қара түтінді жиі көріп жүр. Беймарал уақытта жарылыс ізіне ұқсайтын түтін аудан орталығында төтенше жағдай орын алғанынан хабар беретіндей. Мұны көргендер іштерінен «біссіміләсін» айтып, әлеуметтік желіні ақтара бастайды. Сәйкестік деуге де болатын шығар, дегенмен, былтырдан бері Қазалыда қаншама ғимараттың күлі көкке ұшты. Құзырлы орындар мұны нысан иелерінің қауіпсіздік шараларына бейқам қарағанынан көре салады. Үйдің техникалық қауіпсіздігін бақылау, ескерту, тұрғынжайлардың қысқы маусымға дайындығын қатаң тексеру жоқ. Болса да «формальды», сөз жүзінде іске асады. Нәтижесінде қанша кәсіпкер шығынға батып, баспанасыз қалғандар қатары көбейді. Бұдан бөлек өрт сөндірушілер бастарын бәйгеге тігеді.
Жыл басталғалы сегіз ай ішінде 15 ғимаратты өрт шарпыған. Бейбіт күннің батырларының сөзімен айтсақ, тағы 84 өртке жатпайтын жану оқиғасы тіркеліпті. Бұл дегеніңіз ауладағы қураған шөпке жалын қойып, ие бола алмай қалғандардың немесе электр сымдарының қысқа тұйықталуынан қорыққандардың әуселесі. Өрт сөндірушілер солардың бәрін ауыздықтап үлгерген. Дегенмен өзекті өртейтін өкінішті айналып өту әр кез мүмкін бола бермейді. Жұрт «арғы бет» атайтын аумақтағы тұрғын үйлердің бірін жалын шарпығанда кәмелет жасқа толмаған балақайды жалмай кеткен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше болған жағдайға өкініш білдіреді. Өйткені төтенше жағдай жайында сәл ерте хабар алғанда, жеткіншекті құтқарып үлгеретін ба едік дегенді айтады.
Тұрғын үйлерден бөлек, жаз түссе өрттен көз ашпайтын орталық базар, жақында ғана жұмысын жаңа ғимратта бастаған «Ақмаржан» құрылыс дүкенін өрт шарпығанда көңілде күдік пайда болғаны рас. Өйткені оқиға куәгерлері ғаламтордағы жергілікті өрт сөндірушілердің қолы қысқа, құрылғысы көне екенін жазып, үрей алауын тұтатқаны тағы бар. Соны желеу етіп қоржын сауалмен аудандық №9 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Ғабит Ниетәлиевтің алдынан бір-ақ шыққанымызды өзіміз де байқамай қалдық. Өрт сөндірушілердің басшысы техникалық базасы соңғы үлгіде жасақталғанын, қаңқу әңгімеге жұрттың ермеуін ескертуді сұрады. Сол тұста базардағы алауды ауыздықтау барысынан да хабар берді.
– Рас, арнайы көліктерді қайта толтыруда қиындық болды. Жаз мезгілінде тұрғындардың тіршілік көзін шамадан тыс пайдалануы бізге де кесірін тигізеді. Су қысымы төмен болғасын уақыт үнемдеу мақсатында арық, канал жағалап кетеміз. Осы жағдай базар маңында байқалғаны анық. Бұдан бөлек, су шашатын құбырлар базардағы өртті сөндіру барысында жыртылған жағдай болды. Бірақ кез келген шақыртудан кейін көліктің, өрт сөндіру құрылғыларының жарамдылығы сол күні тексерістен өтіп, кемшіліктер еңсеріледі. Өйткені келесі оқиғаға дайын отыру міндетіміз. Бұл үшін тұрғындар алаңдамаса да болады, – дейді Ғабит Қонысбайұлы.
Бірер күн бұрын теміржол вокзалы маңынан да қалың қара түтін байқалды. Республикалық маңызы бар ғимарат жаққа өрт сөндірушілер абырой болғанда дереу жеткен. Кейінірек апатқа ұшыраған №40 белгі беру және байланыс дистнациясының ғимараты екені анықталды. Тілсіз жау нысанның қауіпті тұсына, яғни жанармай сақтау қоймасына ауыз салған. Жарылыс оқиғасы орын алуға бірнеше минут қалғанда мамандар өртті «өлтіріп» үлгергендерін айтады. Бұған дейін өрт сөндіруші құрамының бір бөлігі мекеме қызметкерлерін қауіпсіз орынға көшірген. Теміржол жанын жағалай қоныстанған нысанның бірінде жарылыс орын алған болса, апаттың соңы трагедияға алып келуі де мүмкін еді. Мұндай келеңсіздіктің алдын алған білікті өрт сөндірушілердің жанкештілігі ерлікпен пара-пар десек жарасады.
Бейбіт күннің батырлары жайында сөз қозғала қалса, Жамбыл облысындағы оқиға ойға орала кететін болды. Бүкіл Қазақстанды қан жылатқан қаралы күнде өрт сөндірушілер де шейіт кеткен еді. Қазалы ауданында мұндай қару-жарақ немесе жарылғыш заттар сақтайтын орын жоқ. Десек те, Әйтеке би көшесінде оқ дәрі, қару жарақ сататын дүкен барын білеміз. Мамандар онда жарылыс тудыруға қауқарлы қор жоғын айтып сендіреді. Алайда кент орталығындағы жанар-жағармай құю бекеттерінде от тұтанса, орасан апат әкелуі мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Жергілікті атқарушы органдар бұл іске бейжай қарамаса екен деген жұрт тілегі орынды.
Айта кетейік, №9 өрт сөндіру бөлімінде қазір бес өрт сөндіру көлігі бар. Олардың жағдайы орташа, жақсы деп бағаланады. Мекеменің елуге жуық маманы қала, кент, ауылдық округ, қажет болған жағдайда, жақын маңдағы іргелес аудандарға қол ұшын созуға әрқашан дайын.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ