Ел боламын десең, бесігіңді түзе
Түн артынан – күн шығатындай, еліміз басынан талай қиыншылықты кешіп, қазірде қарқынды даму жолындамыз. Оның септігі Қазалы ауданына да айналып өтпегені анық. Бірнеше жылдар бұрын А.Көшербаев әкім болған тұста кент орасан зор өзгеріске ұшырап, инфрақұрылым аяқ алған. Бүгінде игі істер жалғасын тауып, жыл сайын бірнеше нысан бой көтеріп, дамып келеді. Алайда аудан дамып, көркейген сайын көпшілік санасы керісінше төмендеп бара жатқандай.
Бірнеше жылдар шамасында жоғарыда айтқандай елеулі өзгерістер орын алған-ды. Осы орайда ауданды көркейту мақсатында миллардтаған қаржы тартқан атқамінерлерге алғысымыз шексіз. Мұнан кейін орталық алаңға жақын орналасқан аумақ бойына серуен аллеясы салынған болатын. Онда жарық шамдар мен орындықтар орнатылып, кеш батса сол жерде ойын балаларының қарасы қалыңдайды. Бірақ тұрғындар қуанышы көпке созылмай көше бойында орналасқан аллея жарық шамдарынының тас-талқаны шығып, орындықтардың ағаштарын белгісіз біреулер қиратып кеткен.
Мұндай іс-әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соқтырады. Атап айтар болсақ, ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабына сәйкес жеке тұлғаларға – бес айлық есептік көрсеткіш, яғни 12 625 теңге мөлшерінде айыппұл немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылады.
Жергілікті жердің көркін кетіру – оңай іс, ал қалпына келтіру ше? Ол қанша уақытты және қыруар қаражатты қажет етеді. Туған жердің көркейіп, гүлденіп тұруы ол өзіміздің абыройымыз. Сондықтан мұны көше бұзақылары түсінсе құба-құп.
Жақында Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей жанынан өтіп бара жатып, аялдамада қазақтың қаһарман қызы Р.Бағланованың суретін көзім шалды. Бұзақылар тұлғаның бет әлпетін бояп, екі көзі мен аузы орналасқан жерін қиып әкеткен. Бұны жасаған жан әсте Р.Бағланованың кім екенін білмейтін болар. Әйтпесе мұндай бассыздыққа бой бермес еді.
Мұндай мәселелер төңірегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы:
– Жуырда елордада мас адам лифтідегі мониторды сындырғаны үшін оған 14 мың теңге ғана айыппұл салынған. Бұлай болмайды. Мұндай іс-әрекет үшін кемінде 15 тәулікке қамау керек немесе 1 жылға түзету жұмыстарына салу жөнінде жаза кесу қажет. Мұндай жағдайларға мүлдем төзбеу керек. Жеңіл жаза жарамайды. Ал іс жүзінде жазаламау салдары құқық бұзушылық пен қылмыстың одан әрі өршуіне алып келеді. Сондықтан осы мәселе бойынша заңнаманы қатаңдату керек, – деді.
Көше жарығы жарқырап сап түзеп жанып тұрса, ол біріншіден аудан көркі екіншіден кешкілік әпке-қарындастарымыздың және үлкен ата-әжейлеріміздің қорқынышсыз үйіне оралуға септігін тигізетінін қаперіңізге алған абзал.
Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тәмсіл бар. Үлкенді-кішілі біреудің қоғамдық орынды бүлдіріп, шамды сындырып жатқанына куә болсақ, оған мұнысы қате екенін түсіндіріп, қайталамауын талап етуіміз қажет. Ал егерде оны түсінбесе заңды орынға жүгінгеніңіз артық болмайды. Жұдырықтай жұмылып, бұл іске зор мән беру бәріміздің міндетіміз. Себебі Қазалы – баршамыздың ортақ үйіміз, оның дамуы біз және келешек балғындар үшін маңызды екенін естен шығармайық.
Серік АҚМЫРЗА