Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Адасқан атаулар

Адасқан атаулар

Кент көшелерін көркейту, абаттандыру жұмысы күн өткен сайын жаңа қарқын алып келеді. Оны орталық көше бойындағы тұрғын жайлар мен ғимараттардың сәнді келбетіне қарап білуге болады. Алайда жан-жақты зерттеу барысында орталықтан алыс көшелердің әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстары барын байқадық. Түсінікті болуы үшін бұл туралы тарқатып айтуды жөн көрдік.

Әйтеке би кентінде көше атауы жазылған тақтайшалар мен үй нөмірін ілу жұмысы біраздан бері кенжелеп келе жатқаны жасырын емес. Естеріңізде болса бұл жайында газетіміздің өткен санында да әңгімелеген болатынбыз. Іздеген мекен жайын таппай, көше кезген тұрғындарды талай көзіміз көрді. Осыдан бірнеше жыл бұрын басты көшелердің санаулысының көше аттары жаңартылғанын білеміз. Бірақ, одан кейін қанша жыл өткені әмбеге аян. Бір қарағанда әр шаңырақтың мекен жайын көрсететін тақтайшалар дайындау пәлендей қаражатты қажет етпейді. Есесіне көптеген кедергілердің орын алмауына көмегі тиеді.
“Естімеген елде көп” демекші, бізде жақын аумақтар орналасқан бірнеше көше бір атаумен аталады. Мысалы, қазалылықтар “арғы бет” атап кеткен 5-ші кварталда Қазыбек би атын иемденген үш көше бар. Ш.Айманов, Ы.Жақаев, Б.Момышұлы атты көшелердің де әлденешесі кезде­седі. Қазақ халқына белгілі тұлға­ларымызды ұлықтағанымыз дұ­рыс. Алай­да, бірнешелеген көше­ге қайталап атау берудің қажеті қанша? Негізгі көшеге кесе­сінен тағы біреуі жалғанып, екеуіне ортақ есім берілсе жөн дер едік. Тұрғындардың айтуынша, Ы.Жақаев көшесінің біріншісі мен екіншісінің арасында бірнеше көше жатыр. Бұның барлығы бұл мекенжайдың дұрыс үйлестірілмегендігін көрсетеді.
Үйдің реттілігіне байла­нысты да қателікке жол берілген. Мәселен, бір ғана С.Мұқанов көшесінде 59 деген нөмірді еншілеген 6 үй бар. Сол сияқты Ы.Жақаевта төрт бірдей №2, үш №1 үй орын тепкен. Санға мұнша сараң болу дұрыс емес. Бұл аз десеңіз, Ы.Жақаев көшесінен №14 үйді іздеп көріңіз. Біршама жүргеннен кейін тұрғын үйдің бірінің нөмірі 13 екенін байқайсыз. Одан кейінгісі 14 шығар деп кіріп барсаңыз, иесі бұның №1 үй екенін айтады. Енді ойланып көріңіз, сіз іздеген үй қай тұста болуы мүмкін? Дәл болжап айту қиын.
Жергілікті тұрғындар тұрғын үйлердің нөмірі өзгеріп кеткен жағдаймен де жиі ұшырасады. Бір көшедегі №4 б деген үй жақында 34 болып өзгертілген. Ал Ш.Айманов көшесіндегі 24-ші үйдің нөмірі 37-ге ауысқан. Келтірілген мәліметтер әлдекімге күрмеуі қиын мәселе емес сияқты көрінер. Одан халыққа қандай зиян бар деген сұрақтың туындауы да заңды. Бұның барлығы нөмірі өзгерген немесе жаңа атау берілген көшелер туралы мезгілінде ақпарат таратылмағанның кесірі екені анық. Осындайда көңіл түкпірінде тұрғындар адасып, әбігерге түспеуі үшін жауапты мамандар бұл жөнінде халықты құлағдар етіп отырса деген тілек қылаң береді.
Шындығында жедел-жәрдем, полиция, өрт сөндіру сияқты сала қызметкерлері де бұл қиындықтың тезірек шешімін тапқанын қалайды. Себебі олардың көмек­теріне мұқтаж жан жедел көмек мамандарын шақырғанда дер кезінде келуін талап етеді. Әрі-беріден соң олар керекті мекен жайды іздеп жүргенде хәл үстінде жатқан науқас көз жұмып, қылмыскер із суытып үлгеруі әбден мүмкін. Қазір қоғамда орын алып жүрген қиындықтардың бірі – осы.
Құзырлы мекеме жоғарыда айтылған мәселелерді шешуге күш салса, халыққа қызмет ететін басқа сала өкілдері үшін де діттеген жеріне бару мұң болмас еді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

02 ақпан 2019 ж. 1 127 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 34

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 30

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 34

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930