Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Төрт жолақты жол жолаушыларға тиімді

Төрт жолақты жол жолаушыларға тиімді

Жол қадірін жүрген біледі. Кенттің шет аймақтары мен кейбір орталық көшелерін есепке алмағанда қала және ауыларалық жолдардың жағдайы жақсарды. Жыл өткен сайын аудан тұрғындарын алаңдатқан мәселе оң шешімін тауып келе жатқаны да баршаға мәлім. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев халық алдындағы есепті жиынында да, әлеуметтік желідегі парақшасында да аталған қажеттілікке алаңдайтынын, қиындықтарды жою мақсатын көздейтінін мәлімдеген болатын. Ал биыл кент пен қала арасына орасан инфрақұрылым жұмыстары жүретінін білеміз. Бұл әсіресе ауылдық округтерден қатынайтын көліктер, жалпы аудан тұрғындары үшін ақжолтай жаңалыққа айналып отыр.
Аталған жобаны жүзеге асырумен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі айналысады. Бөлім басшысы Мұрат Әбсұлтанов қазірдің өзінді жоспарланған шаруаға дайындық жүріп жатқанын айтты.
– Өткен жылы аудандық маңыздағы Әйтеке би кенті – Қазалы қаласы 7 км автомобиль жолын реконструкциялауға жоба сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге байланысты облыстық бюджеттен 12000,0 мың теңге қаржы бөлінген болатын. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесімен «Проммедконтракт» ЖШС жеңімпаз атанды.
Аталған мекеме тарапынан жолдың бастапқы деректемелері жинақталып, инженерлік-геодезиялық және инженерлік-геологиялық іздестіру жүргізіліп, топографиялық түсірілім жасалды. Сонымен қатар келісімшарт негізінде қолданыстағы конструкциялардың 2 темір бетонды көпір мен 2 су өткізгіш құбырдың техникалық жай-күйі анықталды. Қазіргі таңда жолдың жоба сметалық құжаттамалары әзірленіп, құны 2 415,0 млн теңге құрайтын жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілді, – деді ол.
Биылғы жылы қала мен кент арасындағы даңғылды қайта жаңғырту басталады. Ірі жобаны жүзеге асырудың бастапқы сатысы үшін биылға республикалық бюджеттен 700,0 млн теңге қаралған. Бүгінде мердігер мекемелерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде.Ауқымды жоба ауданға жаңашылдық әкелетінін көпшілік біле бермейді. Бұл орайда тек жол ғана емес, жолаушылар қажеттілігін қанағаттандыратын нысандар да бой көтермек. Оның үстіне бұрын- соңды аудан көлемінде төрт жолақты жол болмаған. Егер жоба сәтті жүзеге асатын болса екі аралықтағы аудандық маңыздағы автомобиль жолының бір бағытының өзі 7,5 метрді құрайтын қос жолақтан салынады. Жалпы жолдың ені 4 жолақтан, 15 метрге дейін кеңейтіледі. Онымен қоса жол жиегіне жарық бағаналары орнатылады. Құрылыс аумағында орналасқан 2 бірдей темір-бетонды көпірді қайта жаңғыртып, Ақарық пен Шалабай каналдарындағы тағы бірнеше су өткізгіш құбырларды кеңейту де аталған жоба аясында іске асырылмақ.
Бұған дейін кент көшелеріне төселген асфальттың жұқалығы мен төзімділігі сын көтермейтіні айтылып келген еді. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары төрт жолақты жол жоғарғы сапада салынады деп сендіріп отыр. Өйткені қара жолдың негізгі қабаты еселеніп, асфальтбетонды төсеніші бірнеше қабатқа қалыңдайды. Жол бойындағы барлық инженерлік инфрақұрылым (электр бағаналары, су құдықтары, магистральді желілер (ТУСМ) салынатын жолдың жиегіне орналастырылады.
Соңғы кездері әлеуметтік желіде қоғамдық көлік пен оған арналған аялдамалардың жағдайы көп талқыға түскен болатын. Ендігі жерде жол бойынша жаңа үлгідегі автобус аялдамалары орнатылып, оның аумағы 6 метрге дейін кеңейтіледі. Сондай-ақ жол белгілері орнатылып, әрбір көше бұрылысына қиылыс жолдар салынатыны жоспарда барын білдік.
Алдағы уақытта аталған аудандық маңыздағы автомобиль жолы VI категориялы жолдан II санатты жолға өтеді. Бұл қалааралық маңыздағы автомобиль жолына ауысады деген сөз. Осы тұста Мұрат Әбсұлтанов бастаған бөлім қызметкерлері міндеттерін тиянақты орындап жүргенін айта кеткен жөн. Өйткені ауқымды жобаға республикалық бюджеттен қаражат тартудың орасан тірлік екенін бұған дейін аудан әкімі де ескерткен. Аталған жобаны іске асырып, сапалы әрі қауіпсіз жол қатынасын қамтамасыз етуді мақсат еткен бөлім мамандары құрылыстың уақытылы аяқталуына мұрындық болып, келешекте ауданға бұдан да ұтымды, тың жобалар алып келеріне сенім мол.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
22 ақпан 2020 ж. 1 015 0

Жаңа министр ант берді

10 мамыр 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031