Баба рухын ұлықтау – ұрпақ парызы
Тарихта қазақ халқының рухани, саяси азаттығы, елдігі, ұрпағының баянды болашағы үшін күрескен тарихи тұлғалар көптеп кездеседі. Алайда ерен ерлердің емірене еткен еңбектерін кешегі кеңестік кезеңнің салқынынан әлі де толыққанды ашып көрсете алмай жатқан жайымыз бар. Ақын-жыраулардың өлеңдерінде жырланған азаматтардың есімдерін мұрағат құжаттарынан, қолжазбалар мен кітаптардан кездестіруге болады. Айналасына мейірімі тиіп, елдік істерде беделді болған тұлғаның бірі – Кедей би Жәнібекұлы. Сонымен бірге тарихта Ақназар әулиенің де үлгілі өмірі, тылсым күші қатар айтылады.
Кедей би Шөмекей руының рухани ұстазы, пірі болған Мағзаман әулиенің қолында өскен. Көнекөз қариялардың айтуынша, Айтқұл өзінің немересін бір сәбиге зар болып жүрген пірінің бауырына басады. Жеті жылдан кейін Мағзаманның Ақназар деген баласы дүниеге келеді. Өз баласы өсіп аяқтанғанда әулие Кедейді бөлек шығарып, еншісін бөледі және өз жұртына баруына рұқсат береді. Алайда ол айналшықтап сол жерден шықпай қояды. Мағзаман баба одан не себепті үйіне қайтпай жүргенін сұрайды. Сонда Кедей: «Сырты түк, іші боқ малдың маған керегі жоқ», – депті. Мұнымен әулиенің тәрбиесінде жүріп, жастайынан руханиятпен сусындап өскен зерек бала дүниеге қызықпағанын аңғарамыз. Ал Кедей – тарихи тұлға. Оның білгір би болуы, біріншіден, Айтқұл биге, тегіне тартса, әрі әкесімен замандас Жалаңтөс би сынды салиқалы адамдардың тәрбиесін көрсе, екіншіден, руханияттан сусындауы болатын, яғни тағаты Хаққа ұнаған Мағзаман әулиенің қолында тәрбиеленіп, даналыққа бет бұруы, үшіншіден, Айтқұл бидің Бұқара ханының қызы Дәулетбикеден туған баласы Жәнібектен Кедей туған еді, текті тұқыммен құдандаласу баланың зайырлы болып өсуіне, болашақта асқаралы алқа тобынан табылуына әсер еткені тарихтан белгілі. Сол ұрпақ бүгінде Қ.Пірімов ауылында отыздан астам қазақы үй тігіп, ат шаптырып, баба рухына арнап, мыңдаған адамға ас берді.
Ең алдымен сенбі күні таңертең Шөмекей руының ұрпақтары Майлыбас ауылына ат басын бұрып, Кедей ата кесенесінің ашылу салтанатын өткізді. Бұдан кейін көкмешіт аталарға зияраттап, құран-қатым бағыштады. Қазақтың «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген тәмсіліне сүйенген жұрт, осы арқылы келешек ұрпақ өткенімен байланысын жаңғыртып, дінін ұмытпайтынын айтады.
Бұдан кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевпен бірге ел ағасы, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов, облыстық мәслихат депутаттары Мінәжадин Өтеев пен Ибайдулла Тілеп шара басталмас бұрын ауылдық клуб алдында елге белгілі тарихшы, жыршыларды қарсы алды. Меймандар арасында Алматы қаласынан ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Қазбай Құдайбергенов, Нұр-Сұлтан қаласынан жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов, Алматы облысынан ҚР Мәдениет қайраткері, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени, қорық-музейінің бөлім басшысы, этнограф Балтабай Ибраев, ақтөбелік өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, Қарағанды облысынан тарихшы Оңдасын Оразов төбе көрсетіп, арнайы ат арытып келді. «Тарих. Тұлға. Тағзым» тақырыбындағы конференцияның тізгінін облыстық «Рухани жаңғыру орталығының» директоры Мақсат Дауылбай ұстады. Сөз алған аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы шараның маңыздылығына тоқталып, игі іске сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Рухани жаңғыру құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым мен білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер» – дей келе тарихи таным үшін жасалған жұмыстар өз жемісін беретінін айтты. Сондықтан, халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттерді, тарихи тұлғаларды ұлықтаудың, олардың еңбегі мен ерлігін зерделеудің маңыздылығы жоғары, – деді.
Белгілі тарихшы Талас Омарбеков: «...Тарихи деректердің жеткіліксіздігінен аймақтық қайраткерлер деңгейінде қалып қойған тарихи тұлғалар да аз емес», – дегені бар еді. Сондай күйді кешкен тұлғалардың бірі – Кедей би Жәнібекұлы. Бұл пікірімізді ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы қуаттады. Ауылда өткен республикалық конференцияда сөз тізгінін алған ғалым «Кедей би және оның заманы туралы» баяндама жасады.
“Кіші жүздегі шөмекей тайпасының танымал биі – Кедей бидің тұлғалық болмысы қазақ халқы үшін бетбұрысты болған сындарлы кезеңде көрініс береді. Оның есімі XVIII ғасырдың 30-40 жылдарындағы орыс тіліндегі ресми деректерде кездесе бастайды. Және де жай ғана кездесіп қоймайды, Кіші жүздегі танымал және беделді ірі тұлғалардың бірі ретінде айтылады. Бірақ та орыс тіліндегі дерек мәліметтерінде, орыс тілінен қазақ тіліне аударылған кейбір деректерде Кедей бидің есімі – Кидей-бий, Кидай-бий, Қытай би деп әртүрлі жазылып жүр. Мысалы, 1748 жылғы 28 тамызда Бопай ханым мен Қожахмет сұлтанның И.И.Неплюевке жазған хатында: «Ханның (Әбілқайыр ханды айтып отыр – Б.К) қаза болуының мән-жайын сол қанды оқиғаның басы-қасында болған Қытай бидің ұлы Қосқұлақ айтып берер», – делінген. Шөмекей шежіресінде Кедей бидің жеті ұлының бірі Қосқұлақ екендігі айтылады, делініп, ол да әкесінен соң белгілі тұлғалардың бірі болады. Осылайша, қазақ тіліне аударылған орыс тілінде жазылған Кидай-бий сөзінің Қытай би деп аударылғанын байқаймыз”, – деді Б.Кәрібаев
Бұдан кейін Кедей бидің рухани жетекшісі, Алашқа ортақ діни қайраткер Мағзаман әулиенің ғибраты жайында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Қазбай Құдайбергенов мінберде зерттеу жұмысын оқыды. Ал Мағзаманның өмір тарихы мен дүниетанымын зерттеген, Мағзаман әулие мен Айтқұл би достығы жайында тың тарихи себептерді тапқан. Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмас Алматов жиынға қатысушыларға құнды дерек ұсынды. Сондай-ақ Алта Аспан аталығының шежіре тарихы және жинақтау жұмыстары жайлы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени, қорық-музейінің бөлім басшысы Балтабай Ибраев сөз сөйлеп, Ақтөбе қаласынан келген өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай білгенін көпшіліктен жасырып қалмады. Бұдан кейін сыйлы меймандарға пікір алмасуға кезек берілді.
Қазақстанның әр өңірінен жиылған білекті де жүректі жігіттердің алғашқы сайысы гір көтеруден өтті. 32 келілік гірді екі иығына басқалардан артығырақ мінгестірген Жәнібек Аралбаев пен Ондрей Жандәулет ауылына қой арқалап қайтты. Жалағаштан келген Абдулхасан Сейтенов, Төлеген Қайсар және Нұрлан Сембаев есімді жігіттер 30, 20, 10 мың теңге жүлде алса, үздік бестікті жосалылық Бағлан Еламан қорытындылады. Ал қошқар көтеруден болған таласта 193 рет отырып-тұрған шымкенттен келген мейман Құттыбай Сырлыбай қошқарды иемденіп, оның жерлесі, арыстық, Азамат Мақұлбеков екінші орынға тұрақтады. Жосалыдан келген Бекмұрат Нысанбаев үштікті, жерлесіміз Нұрқожа Темірбекұлы мен Ү.Түктібаев аулының тумасы Дәулет Түлкібай төртінші, бесінші тұғырға тұрақтады.
Ас болған жиында қазақы күрес ұйымдастырылмай тұрмайтыны хақ. Біреу түйе палуан кім болды десе, арқасы жерге тимей, 350 мың теңгені ұтып алған аралдық Нұрым Сәлімгерейді айта жүріңіз. Реттілігіне сай, екінші орынға тігілген 250 мыңды Жосалыдан Мақсат Исағабылов, 200 мың теңгені қызылордалық Ержан Абдуллаев, 190 мың теңгені қармақшылық Марат Аймаханов иеленді. Жосалының жігіттері жарап тұр десеңіз жарасады. Сол сияқты 80 келіге дейінгі арпалыста облыс орталығынан келген Саламат Жұқағұлов мығым түсті де, 250 мың теңгені қалтаға басты. Бұдан кейін Азамат Шайқұлов, Т Тергембаев, Олжас Оразалының бағы жанды. Ал 35 жасқа дейінгі құрамалар арасындағы волейбол жарысынан Бозкөл бірінші, Жалаңтөс екінші, Құмжиек үшінші орынға тұрақтады. Ал қамал бұзар жігіттердің құрамасы арасынан «Қазалы» командасы жүз мың теңгені жеңіп алды. Құмжиек пен Ақсуат екінші, үшінші орынды місе тұтты. Сондай-ақ қатысқан басқа командаларға да қаржылай сыйлық үлестірілді.
Түс ауа жұрт Сыр сүлейлерінің жалғасы, үш дүркін “Алтын домбыраның” иегері Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай сынды белгілі ақындар қатысқан республикалық ақындар айтысын тамашалауға жиналды. Республикалық деңгейдегі дүлдүлдер додасының бас жүлдесін Мұхтар Ниязов жеңіп алып, 1 миллион теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ашық аспан астында өткен сөз сайысының жүлделі орындарын Рүстем Қайыртай, Аруна Керімбек және Бексұлтан Орынбасаров өзара бөлісті. Ал домбыраны ұрғылап, әні мен мәні келіскен жыр орындаудан Айбек Тәңірбергеновке тең келер жан табылмады. Серік Жақсығұлов пен Айдос Рахметов кейінгі жүлдеге ие болды.
Торқалы жиынның ай-хайы құлақ тұндыратын мезеті ат жарыс басталғанда үдеді. Себебі аламан мен құнан бәйге жеңімпаздары үшін Бай Шөмекей ұрпақтары қос бірдей темір тұлпар атаған. Осылайша, біраз жылдан бері қазақы дәстүрді аңсаған, ата-баба әруағына тәу етуді ойлап жүрген жұрттың ойлағаны жүзеге асты.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Нұрлан Бозғұловтың пікірінше, бабаларды ұлықтау – ұрпаққа парыз. Кедей би Жәнібекұлы мен Ақназар әулиенің өнегелі өмірін дәріптеу жұмыстары жалғасады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ