Кедей би
Қазақстан егеменді ел болған бірнеше жылдың ішінде тамыры терең тарихы қайта сарапталып жазылуда. Тарихтағы қазақ халқының рухани, саяси азаттығы, елдігі, ұрпағының баянды болашағы үшін күрескен тарихи тұлғалардың қызметін, өмірін зерттеуде, сол арқылы бүгінгі ұрпақтың ұлттық сезімін оятып, тарихына құрметін қалыптастыруда атқарылған жұмыстар нәтижесіз емес. Десек те, халқымыздың елдігі жолында кейбір ерен ерлердің емірене еткен еңбектерін кешегі кеңестік кезеңнің салқынынан әлі де толыққанды ашып көрсете алмай жатқан жайымыз бар. Әрі белгілі тарихшы Талас Омарбеков: «...Тарихи деректердің жеткіліксіздігінен аймақтық қайраткерлер деңгейінде қалып қойған тарихи тұлғаларда аз емес», – дегені бар еді. Сондай күйді кешкен тұлғалардың бірі – Кедей би Жәнібекұлы. Мақсат – тарихи деректердің негізінде осы тұлға туралы мәлімет беріп, ұрпақ есіне салмақ. Осындай зерттеулер тарихымызды толықтыра түседі деп ойлаймын.
Кедей би – ХVІІІ ғасырдағы қазақ ханы Әбілқайырдың белді билерінің бірі, уәзірі, заманының көрнекті қайраткері. Шығу тегіне тоқталсақ, Кіші жүздің Әлімұлының ішіндегі Шөмекей руынан шыққан. Шөмекейден Аспан, одан Еспембет, одан Тоқымбет, одан Тұрымбет, одан туған Айтқұл бидің Малбике, Қарабас (бәйбіше, екінші әйел) деген әйелдерінен кейін алған Бұқара ханының (Шыңғыс ханның тұқымы) қызы Дәулетбикеден Есім, Жәнібек атты екі ұл дүниеге келеді. Жәнібектен Қангелді, Кедей би, Қайып, Құлтай, Жаманқара, Саполат дейтін алты бала туылады. Қазақ билеріне тән дәстүрлі нәрсе оның бойындағы қасиет, ел басқарудағы дарындылық, мұраға өтіп отыратындығы тарихтан белгілі. Кедейдің ірі тұлға болып қалыптасуына атасы Айтқұлдың әсері зор болды. Айтқұл би – Әлім-Шөмен ру-тайпасының тізгінін ұстаған, әрі даңқты батыр Жалаңтөс баһадүрдің замандасы және онымен бірге Самарқанд маңындағы Нұратада 40 мың Алшынды басқарған тарихи тұлға.
Кедей би ХVІІ ғасырдың ІІ жартысы мен ХVІІІ ғасырдың 60 жылдары аралығы шамасында өмір сүрген. Олай деуімізге себеп бар. 1748 жылы Кіші жүзге Нұралыны хан сайларда Кедейдің жасы біразға жетіп қалған. Өйткені, сол кезеңде оның баласы Қосқұлақты дақара қылды қақ жарған би атанып, ел ісіне араласқан еді. Сонымен қатар, 1740-50 жылдары Петербургке елшілікке Қазақ хандығы тарапынан Кедей баласы Қосқұлақ жіберілді деген деректер көп кездеседі. Бұған қарап, әкесінің балаларына ел-жұртын аманат етіп тапсырып жатқан уақыты десек те болады. Оның үстіне, 1750 жылдардан кейін жазылған тарихи деректерде Кедейдің аты кездеспейді. Ал өлкетанушы Т.Дайрабай Кедей бидің 1700-1768 жылдар аралығында өмір сүргенін өз еңбегінде көрсетеді. Демек, бидің дәм тұзы таусылып, дүние салған жылы шамамен белгілі болды.
Атаның балаға аманаты – ауызбірлік
Кедей бидің балалық шағына тоқтала кетсек, ол дөйт ұранды шөмекей елінің рухани ұстазы, пірі болған Мағзаман әулиенің қолында өседі. Алуадин есімді көнекөз қарияның айтуынша, Айтқұл өзінің немересін бір сәбиге зар болып жүрген пірінің бауырына басады. Жеті жылдан кейін Мағзаманның Ақназар деген баласы дүниеге келеді. Өз баласы өсіп аяқтанғанда әулие Кедейді бөлек шығарып, еншісін бөледі және өз жұртына баруына рұқсат береді. Алайда ол айналшықтап сол жерден шықпай қояды. Мағзаман баба одан не себепті үйіне қайтпай жүргенін сұрайды. Сонда Кедей: «Сырты түк, іші боқ малдың маған керегі жоқ», – депті. Әулиенің тәрбиесінде жүріп, жастайынан руханиятпен сусындап өскен зерек бала дүниеге қызықпаған-ды. Оған разы болған Мағзаман: «Ақсарбас (ақ) қуларымды бердім», – деп батасын береді. Бұл әруағымды, қасиетімді бердім дегені еді. Ал Қабыл Ырзаев деген зерттеушінің ел аузынан жазып алған нұсқасына қарасақ, Мағзаманның Ақназар атты жалғыз баласы болғандықтан, ол бір баламен шектеліп қалмасын деді ме, әлде жақсылыққа жақсылық деді ме, кім білсін, Айтқұл би немересі Кедейді әулиеге Құдай үшін деп атап, өкіл бала ғып береді.
Қартайған шағында Мағзаман ата «көзімнің тірісінде ұрпағыма өсиетімді қалдырайын» деп өз баласы Ақназар мен өкіл баласы Кедейді алдына шақырып: «Ақназар, Кедей, менің Құдай берген балаларымсыңдар. Екеуің бауырмал болыңдар, туысқандығың, махабат-бірлігің берік те мәңгі болсын! Араларыңнан қыл өтпес тату болыңдар!» – деп өсиетін айтыпты. Міне, сол «бір-біріңе боқтығың (қарғысың) өтпесін» деген батаның шарапаты Кедей мен Ақназар бірлігінің ұласуына себеп болды. Осы достық, татулық ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалды.
Ақназар қожа (көнекөз қариялардың кейбіреуі Мағзаман болуы мүмкін дейді) Кедей биден өзіне қызмет етуге бір ұл сұрайды. Ол кезде Кедей Ырғыз өзені бойындағы Майтөбе сайында орналасқан Әбілқайыр ханның ордасында жүреді. Кедейдің Қосқұлақ деген би, әрі адуынды батыр баласы бар. Ол баласын Кедей бергісі жоқ. Ойлана келе Қазалы аймағында жүрген Қойшыбай атты баласын қызметке беруді ұйғарады. Кедей Қосқұлаққа Қойшыбайға барып, Ақназар әулиеге қызмет ететінін, сондай-ақ, еңбегі үшін батасынан өзге еш нәрсе алмауын тапсырады. Қосқұлақ Қойшыбайға барып, әкенің сөзін айтады.
Әкенің сөзін қабыл алған Қойшыбай қожаға риясыз қызмет етеді, әулиенің құмандағы суын ышықпен ықыластана қойнына қысып жататын Қойшыбай суды жылытып қояды екен. Малын жайып, шаруасын тыңғылықты жалғастырып жүреді. Сегіз-он жылдан соң Қойшыбайды алып қайту үшін Қосқұлақты жібереді. Қожа Қойшыбайдың қызметіне дән риза болып: «Бұл баламның еңбегі өтіп кетті. Еншісін беремін және қалың малын өзім төлеп, құда түсемін», – дейді. Қойшыбай әкенің айтқан сөзін есіне түсіріп, қожаға еншінің де, әйелдің де керек емес екенін айтады. «Әкенің ботасын алма, батасын ал, ботасы кетер, батасы қалар» демекші, бала әулиенің батасын сұрап, қолын жаяды. Сөйтіп, ол қожаның батасын алып, ауылына қайтады.
Кедей – тарихи тұлға
Кедейдің білгір би болуы, біріншіден, Айтқұл биге, тегіне тартса, әрі әкесімен замандас Жалаңтөс би сынды салиқалы адамдардың тәрбиесін көрсе, екіншіден, руханиаттан сусындауы болатын, яғни тағаты Хаққа ұнаған Мағзаман әулиенің қолында тәрбиеленіп, даналыққа бет бұруы, үшіншіден, Айтқұл бидің Бұқара ханының қызы Дәулетбикеден туған баласы Жәнібектен Кедей туылған еді, текті тұқыммен құдандаласу баланың зайырлы болып өсуіне, болашақта асқаралы алқа тобынан табылуына әсер етті. Кедейде балғын бала шағынан қайраткерлік, тұлғалық қасиет осылайша қалыптасты.
1731 жылдан бері Кіші жүз қазақтары патшалы Ресейдің протектораттығын қабылдады. Ал 1736 жылдың жазында Орынбордан Әбілқайыр хан ордасына Джон Кэстли бастаған елшілік топ келеді. Ол 1734-1737 жылдары Қазақстанды зерттеу мақсатында Орынборға барған И.К.Кириллов экспедициясының құрамында болған. Елшілер Мұғаджар тауынан өтіп, Әбілқайыр ханның Ырғыз өзеніндегі ордасы орналасқан Майтөбе сайына (қазіргі Ақтөбе маңайы) ат терлетіп жетеді. (Әбілқайыр ханның портретін салып кеткен осы Джон Кэстли болатын) Орыс елшісінің келген құрметіне хан ордада той жасайды. Кіші жүз бен Орта жүздің игі жайсаңдары тойға жиналды. Осы тойда Шөмекей руының биі Кедей де болады. Бұл турасында Әбіш Кекілбаев «Елең-алаң» тарихи романында былайша келтіріп өтеді: «Дыр-думан, бәйге, күрес ертеңіне басталды. Төртінші күн дегенде тойдың тарағанын паш еткендей шақшақ Жәнібек, Бөкенбай, Дербісәлі, атығай Қожаназар, керей Күлсары, Құттымбет Қоштай баласы, уақ Ақбота, қанжығалы Төлеміс, қыпшақ Сақа, найман Талбасар, Төле батырлар бастаған Орта жүз тобы бәйгеден озып келген жүйріктеріне қалы кілем жауып, түйе бастаған тоғызды жетелеп Торғай бетке, палуандары жығып лақылдап күліскен жағалбайлы Серке, тама Тыныбек, Төбел, табын Төлебай, тілеу Қараменделер бастаған жетіру тобы Елек бетке,тайтұяқ бастаған тоғызды жетелеген Кедей, Жайылған, Бақа, Киікбай, бастаған шөмекейлер тобы Ырғыз бетке жылыстап шыға берді». Хан ордасындағы жиынның осылай тарағанын көрсетеді.
Жалпы Кедей би – Шөмекей руы атынан талай тыңғылықты істерге араласқан және Әбілқайыр, Нұралы хан тұсындағы тарихи кезеңде болған оқиғалар мен құбылыстардың куәгері. 1731 жылы Әбілқайыр хан, Бөкенбай, Есет батырлармен бірге Ресей бодандығын қабылдаған 27 старшынның ішінде Кедей бидің де болуы ықтимал. Бірақ қолымызда бар айғақпен сөйлейтініңіз анық. Зерттеуші Н.Төреқұлов Кедейдің XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Әбілқайыр ханның басты билерінің бірі болғанын айта келе «Кедей – тарихи адам» деп баға береді. Кедей мен оның баласы Қосқұлақ билер Әбілқайырдың бұйрығымен Петербургке елшілік басқарып барған деген ел аузында деректер бар. Бірақ бұлардың баянын жазба деректерден таба алмадық. Жалпы Кедей және оның баласы Қосқұлақтың аттары «XVI-XVIII ғасырдағы орыс-қазақ қатынастары» деректер жинағында жиі кездеседі. Әбілқайыр хан өлген соң орнына Нұралыны хан сайлауға қатысып, оны бекіту туралы орыс үкіметіне өтініш жасайтын білікті адамдар арасында Кедейдің де аты аталады. 1748 жылы 5 қазанда Нұралы сұлтанды қазақтың Кіші жүз және Орта жүздеріне хан етіп бекіту туралы Кіші жүз, Орта жүз билері мен батырларының императрица Елизаветаға өтініш хатында «Әбілқайыр хан өлген соң оның орнына баласы Нұралы сұлтанды таңдағанын, сондай-ақ оны патша ханымның үкімімен алтын мөрін басып, хан етіп бекітіп беруін» мәлімдейді. Хатқа Орта жүздің шақшақ Жәнібек тарханы бастап қол қойғандардың ішінде шөмекей руынан Кедей би, Мәмет-аталық, Жайылған билер де өздерінің таңбаларын қояды. Ал осындай мәселемен Петербургке елшілік сапарлармен Кедейдің баласы Қосқұлақ би аттанып жүреді (Көнекөз қариялардың айтуынша, Кедей би екеуі барып, бекітіп қайтқан-ды). Кедей би тарихи сынақты кезеңдерде ел тірлігіне белсене атсалысқан.
Зерттеуші А.Сабырханов XVIII ғасырдағы Кіші жүздегі жер қатынастары туралы қарастырған мақаласында: «Хан немесе сұлтан қыстауларына әдетте өте ықпалды ірі батырлар мен билердің (старшын) қыстаулары қосылып, жанасып жататын. Мәселен, 1749 жылы көктемде Бопай ханша И.И.Неплюевке хат жазды. Онда: «Бізбен бірге үнемі көшіп жүретін және қазір де көшіп-қонып жүретін Шұмай руының (шөмекей руының) атақты адамдары Кедей би, Алдияр би (Алучиал Диярбий), Жайылған би, Қожанай би, сондай-ақ барлық Қаракесек руының адамдары әрқашан да сенімді, жігерлілік танытатынын, бізді тастап кетпейтінін жеткізгім келеді», – деп жазды Бопай ханша», – делінген.
Бұл деректен Кедейдің жалпақ жұртқа беделді болғанын ғана емес, хан отбасымен тығыз қарым-қатынаста, ауылы аралас, қойы қоралас жатқанын байқаймыз.
Ал, енді хан отбасының қай аймақтарда қыстағанын, қоныстанғанын анықтап алайық. Өйткені, Кедей бастаған шөмекей елінің қонысының қайда болғаны сол арқылы белгілі болады. «XVI-XVIII ғасырдағы орыс-қазақ қатынастары» деректері жинағындағы айғаққа сүйенсек, Әлімұлы (Шекті, Қаракесек, Шөмекей, Төртқара, Қаракете, Қарасақал) іргелі рулар қатарына саналып, алты руға да тікелей Әбілқайыр басшылық еткен. Байұлына Нұралы хан қараған. 1748 жылы Әбілқайыр дүниеден озған соң Байұлымен қатар Әлімұлының ұрпақтарының жартысы Нұралы хан иелігіне өтсе, ішіндегі шекті руы Батыр сұлтанның қанатының астына кетті. (Бұл жерде жалпы сұлтандар билігінің үстінен Нұралы хан басқарғанмен, әлімұлы, байұлы, жетіру руларын басқаруға икемдеу үшін ата дәстүр бойынша сұлтандар жоғарғыдағыдай бөліп алған болатын). Демек, Шөмекей елі алғашқыда Әбілқайыр хан қоныстанған жерлерде көшіп-қонып жүреді. Кейін Нұралы ханның, Бопай ханшаның қыстаған, отау тіккен аймақтарында болған. Дәлірек айтқанда, Шөмекей руы Қарақұм, Қазалы, Қармақшы, Арал аймағы, Ырғыз, Борсық, Ембі өзені өңірлерін айнала көшіп қонған. Бұл – әрине, Кедей би мен оның серіктерінің дәурен сүрген өткен жерлері. Ал XVI ғасырдың аяғында төртқара-шөмекей елімен Айтқұл атамыз көшіп барған Бұқараның айналасы да Кедей ұрпағы үшін жат жер емес. (Қазірдің өзінде Бұқара облысының Тамды, Үшқұдық аудандарында Кедей деген ру бар.) Кейін жаугершілік заманның ықпалымен, Оңтүстік Орта Азия хандықтарының (Бұқара, Хиуа) билеушілері қысымынан және кешегі ата қонысы болғандықтан, шамамен XVIII ғасырдың бас кезінен Қызылқұм, Қазалы өңірлеріне қарай жылыстаған. Кейін Әбілқайыр ордасының жанынан орын алған. Осы дәлелімізге қарап, біз Кедей бидің балалық шағы Бұқара өңірінде өткен деп есептейміз. Зерттеуші Т.Дайрабай Кедей биді Ырғыз өзенінде туып-өскен деп жазады. Біздіңше, бұл шындыққа жанаспайды. Ол Шөмекей ру-тайпасының өткен-кеткен тарихын, бидің ата-бабасының қоныстанған аймақтарын, Кедей бидің балалық шағының қайда өткенін білмеген немесе қолдағы дерегі тапшы еткен болуы керек.
Кедей – Кіші жүздің Шөмекей руының ішіндегі ірі аталық руға айналды. Оның 7 баласы болған. Бәйбішесінен (Беріш қызы) – Түрке, Жомарт, Пұсырман. Кедейдің тоқалынан (Арғын қызы – Рабиға) – Қосқұлақ, Қойшыбай, Байғара, Сәден деген төрт жолбарыс ұл туады. Қазір бәрінің де ұрпағы баршылық. Көп өскені Пұсырман тұқымы, оның отыз ұлы болған. Пұсырман балаларын тостағандарына ас құйып бергенде түгендеген. Тостаған ауысып қалса, соған қарап жоқ балаларын іздепті. Өз сыбағасын ішкен балалары қазанға екінші рет ұмтылмаған.
Жалпы Шөмекей елінде Аспанның Кедей, Бозғұлдың Жолай руларынан данышпан, аруақты билер көп шыққаны үшін ақсүйек ел деп танылып, олардан бір адам кісі қолынан өлсе, екі кісінің құны төленетін болған. Біз Кедей ұрпақтарын шолып шығайық.
Түрке елге даңқы белгілі жаужүрек батыр болған. Ал, Жомарттың ұлы Шанақтан Назар туады. Назар өзінің қонысына лапылдатып от жағып қояды екен. Ондағысы жол-жөнекей адасқандар болса, тауып алсын дегені. Назар елімен көшкенде көшкен жеріне шоққа нан салып кететін болған. Жолда ашыққандарға нәр, талғажау болсын дегені. Ел аузында «Есімнің еліне қонғанша, Жомарттың жұртына қон» деген мақал қалды.
Қойшыбай атақты бай әрі би болған. 1961 жылы жарық көрген «XVI-XVIII ғасырдағы орыс-қазақ қатынастары» деректер жинағында 1780 жылы 14-қыркүйекте Нұралы хан Қойшыбайды келіссөз жүргізу мақсатында бригадир А.Тевкелевке аттандырғаны жөнінде дерек кездеседі. Қосқұлақ бидің де тарихтан алар орны ерекше. Ол – Нұрата мен Сыр, Тауелібай жерінде, жалпы қазақ елінде әділ билігі мен тапқырлық шешендігімен көзге түскен көрнекті де қабырғалы би. Одан Жұбан батыр (1794-1868) мен Жарылқап би Манасұлы (1855 жылы) тараған. Біріншісі – қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күрессе, екіншісі – патша билігінде бола тұра, қызмет-мансабын тәрк етіп, Кенесарының ұлы Сыздықты қолдаған.
Ал Байғара алып денелі палуан болған. Оның алып күш иесі екені туралы ел аузында көптеген аңыз сақталған. Байғара адам баласымен күреспеген-ді. Бірде біреулер одан «Неге басқа палуандар секілді күресіп, осы уақытқа дейін бағыңды сынамадың?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Менімен күресетін адам болған жоқ», – деп жауап беріпті. Байғара өзінің астындағы тұлпарын кейде арқалап жүріпті-міс. Ол ешкімге қиянат, зорлық қылмаған ақ бейіл кісі болған екен.
Аспан-Кедей руынан шыққан Бақа биді атап өткен жөн. Белгілі Балқы Базар жырау бір болыстың жаласымен Қазалы қаласының түрмесіне түсіп қалады. Түрменің қасынан өтетін көшемен келе жатқан Бақа биге терезеден сөз қатысады:
Ассалаумағалайкүм,
Айбектің батыр Бақасы!
Шөменнің алтын сақасы.
Жақсы сөзбенен ашылар
Көңілдің қайғы-қапасы.
Жадыңа дұрыс алмасаң,
Көзіңнің қырын салмасаң,
Қайратты туған Би-аға,
Арлаған Базар ініңнің –
Болмай тұр еркін сапасы.
Жолдасын жауға бермеген,
Көлденең сөзге ермеген,
Ешкімді бөтен көрмеген,
Қосқұлақ еді бабаңыз.
Ежелден халыққа жол айтқан,
Жәнібек ұлы Кедейсің,
Бір істі алсаң ойыңа,
Ермейтін жан жоқ соңына,
Қанатымен су сеуіп,
Қаршыға көңілін білдірген,
Қысылған мендей ініңді,
Бір жолға, Бапа-ау демейсің!
Бақа би Базар жыраудың қарызын төлеп, түрмеден шығарыпты. Бұл жыр шумақтарын Базар жырау Бақа биге айта отырып, Кедей, Қосқұлақ, Айбек секілді бабаларының ел қамын жеген ерлер болғанын алыстан орағыта жеткізеді.
Қорыта айтар болсақ, бұрын-соңды зерттелмеген бидің ғұмырымен, ел үшін атқарған қызметімен там-тұмдап таныстырудың өзі зор табыс. Өкініштісі, «Кедей би былай депті» дейтіндей өсиет, билік сөздері жоқтың-қасы. Мұны уақыт еншісіне қалдыралық. Осындай ардақты бабаларымыздың істерін зерттеп, тарихтан тиісті бағасын беруіміз керек.
Алдажар АЛПАМЫС