Кедей мен Ханкелді, Қосқұлақ батыр хақында
Ауызша әңгімелерде біреу асыра мадақталып, енді біреу тым жамандалып жататыны белгілі. Дегенмен, ауыз әдебиетінде болмаса ел аузындағы әңгімелерде аттары аталған көптеген батырлар мен билер хақында сөздердің біразы шындыққа жол сілтейді. Ақын-жыраулардың өлеңдерінде жырланған тұлғалары азаматтардың есімдері мұрағат құжаттарынан сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптардан кездестіруге болады. Сондай айтулы тұлғалардың бірі Кедей мен Ханкелді, Қосқұлақ билердің есімдерімен қатар, олардың балалары мен немерелерінің де аттары тарихи құжаттарда хатталған.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік туралы айтқан, жазғандарында Тәуелсіздіктің бәрінен де қымбат екенін жан-жақты талдап көрсете отырып, Тәуелсіздіктің жолында күрескен тұлғаларды ұлықтау қажеттігін де атап өткен-ді.
Қазақ даласының ұланғайыр болуы, сан ғасырлар бойы еркіндік, Тәуелсіздік үшін күрескен бабаларымыздың еңбегі, қажыр-қайраты. Сондай бабалардың бірі Кедей мен Қосқұлақ билер деп есептеймін. Олар сарбаздарды бастап, басқыншы жауға қарсы тұрса, енді бірінде хан қасында болып, елді бірлікке, татулыққа әрдайым шақырып отырған. Жұртшылыққа сөзін өткізе білген қайраткерлер.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік туралы айтқан, жазғандарында Тәуелсіздіктің бәрінен де қымбат екенін жан-жақты талдап көрсете отырып, Тәуелсіздіктің жолында күрескен тұлғаларды ұлықтау қажеттігін де атап өткен-ді.
Қазақ даласының ұланғайыр болуы, сан ғасырлар бойы еркіндік, Тәуелсіздік үшін күрескен бабаларымыздың еңбегі, қажыр-қайраты. Сондай бабалардың бірі Кедей мен Қосқұлақ билер деп есептеймін. Олар сарбаздарды бастап, басқыншы жауға қарсы тұрса, енді бірінде хан қасында болып, елді бірлікке, татулыққа әрдайым шақырып отырған. Жұртшылыққа сөзін өткізе білген қайраткерлер.
Шөмен-Шөмекей тайпасынан тарайтын, ел аузында «Алты Аспан» деп аталатын рудан шыққан олар ХҮІІІ ғасырдағы аумалы-төкпелі, қилы кезеңдерде Әбілхайыр хан қасынан табылып, бірде кеңесші, енді бірінде қамқоршы бола білді. Хан мен қара халықтың арасында алтын көпір болған тұлғалар Кедей би руын иемденген тұлға.
Кедей Жәнібекұлының есімі 1720-1721 жылдардан бастап құжаттарда көрініс тапқан. Жазушы Жұбатқан Мұратбаевтың Орынбор облыстық мемлекеттік архивынан алдырған деректерінде Ақкете Айдар батырдың 1721 жылы кеңес өткізгені, оған көптеген билер, батырлардың қатысқаны және оның ішінде Кедей бидің болғанын «Алаштың жұлдызы» атты кітабында жазады. Сондай-ақ осы кітаптың Алтай батырдың 1749 жылы өткізген кеңесінде Кедей (би) Жәнібекұлы қатысқан. Елдік мүддені сарапқа салған тұста белсене араласқан.
Ресейдің құпия кеңесші қызметін атқарған В.Н.Татищевтың 13 тамыз бен 12 қыркүйек аралығында жазған жазбаларында: «...Әлім руы деген бөлімінде Қаракесек-Қожанбай, Кете-Алтай би, Шөмекей-Кедей би, Қаратамыр Бозы бидің өзімен кездесіп, сөйлескенін жазады».
Ресей елінің елшісі болып келген генерал-майор Тевкелевтің күнделігінде Кедей, Ханкелді, Қосқұлақ билердің есімдері жай аталып қана қоймай, олардың биік тұлғасын сезінгені көрініп-ақ тұр. Тевкелев хан мен қатар қазақ даласында билер мен батырлардың беделін байқап, олармен жақсы қарым-қатынас жасау керектігін түсінгендіктен оларға басқаларға қарағанда ерекше сыйлықтар ұсынады. Кедей бидің өзімен қатар балалары Түрке, Пұсырман, Қосқұлақпен, Қойшыбайларға қызыл шұғадан шүберек бергенін, кейіннен жасырын түрде ашық түсті шұға бергені де нақты жазылыпты. Тіпті Кедей мен Қосқұлақпен Қойшыбайға 40 сом ақша да беріпті. Оның 28 сомы тікелей Кедей биге табысталыпты. Демек, Ресей мемлекетінен келген елші Тевкелев Кедей Жәнібекұлының жұртшылық алдындағы беделін ескеріп, берген сияқты.
1748 жылдың 21 шілдесінде Айшуақ сұлтан мен Досалы сұлтанның өкілі Байбек батыр (кейде Төленгіт деп те аталады) және Әбілхайыр ханның жасауы Шөмекей Ханкелді би мен Кедей бидің баласы Пұсырман, Аллаяр бидің баласы Айтембеттің М.Тевкелевтің қабылдауында болғаны хатталған. Бұл Айшуақ сұлтанның ерекше тапсырмасы екендігі айтылған. Осы жылдың 22-шілдесінде Айшуақ сұлтан елшіге арнайы хат жазады: «...Байбекше все ваши словесные наставления хотя мне со изьяснениями и доносили, однако я еще для подлинного уверения послал к вам Камкелдия Ясула, через которого и слышать желаю. 1748 год. На подлилном письме ево, Абулгаир – Ханеного сына Айговак салтана, Чернилная печать приложена».
Әбілхайыр хан баласы Қожахмет сұлтанның орнына басқа баласын Ресей патшалығына аманатқа беру мәселесін Қаракесек биі – Қожанай, Шөмекей Кедей би және Орта жүздегі Шақшақ Бөкенбай батырмен ақылдасқан. Аталған хатты алғаннан кейін, елші Тевкелев Әбілхайыр ханға жауап жазып оған жоғарыда аталған билермен қатар, Шекті руының биі Мойнақты, Жаппас биі – Өтетілеуді, Жетірудан Төлебай биді, Бағаналы Найман Өтегенді өзіне кеңесу үшін жіберуді сұрапты.
1748 жылдың 6 тамыз күні М.Тевкелев Қашқардан шыққан керуен келетіндігін, Ханкелді мен Байбектің керуенге қамқорлық жасауын өтінген. Кедей, Ханкелді тағы басқалардың орыс-қазақ қарым-қатынастарына араласқан, беделді би болғаны тағы да айқындала түседі.
Кедей бидің өз әкесі Жәнібек, арғы бабасы Айтқұл биден тараған. Айтқұл (би) өз заманында Төртқара руынан шыққан Жалаңтөс баһадүрмен атақты пір болған Мағзаманмен дос, сыйлас болыпты. Айтқұл Еспенбет биден туған Тоғымбет (төбет) тен тарайды. Айтқұл бидің Дәулетбике атты әйелінен Есім, Жәнібек дүниеге келген. Біз әңгімелеп отырған Кедей би меХангелді осы Жәнібектің бел баласы.
Кедейден – Түрке (Түркі), Жомарт, Пұсырман, Қосқұлақ, Қойшыбай, Байғара, Сәден атты ұлдарымен қатар қыздары да болыпты.
Ауызша әңгімелер желісінде Кедейдің Шөмекей елінің Аспанына пір болған Мағзаманның қасында тәрбиеленіпті. Өмірге Ақназар атты баласы келіп жігіт болған шағында Мағзаман пір Кедейге батасын беріп, ақжол тілеп, өз аталарына жібереді. Біраз уақыттан кейін қараса Кедейдің әулие ауылында жүргенін байқап, себебін сұраса: «Маған сырты түк, іші боқ малдың керегі жоқ» депті деседі. Сонда ойланып қалған Мағзаман: «Саған Ақсарбасымды бердім» – деп тағы да батасын беріпті.
Мағзаман пірге өкіл бала болған Кедей мен Ақназар әулие өмір бойы тату-тәтті өмір сүріпті. Ақназардың өтінішіне орай, Кедей, Қойшыбай атты баласын, қожаның қызметіне жіберіпті. Қойшыбай тыңғылықты адам екені Ақназардың бар жағдайын жасаумен қатар, оның шаруаларын тыңғылықты орындаған көрінеді. Біраз жылдан соң Ақназар әулие Қойшыбайды шақырып алып, балам еңбегің сіңді, еншіңді беріп, үйлендіремін депті. Сонда Қойшыбай бала: «Әкеңнің ботасын алма, батасын ал, ботасы кетер, батасы қалар, мәңгілікке» деген сөз есіне түсіп, Ақназардан батасын алып, ауылына қайтқан екен. Айтпақшы, Кедей мен Ақназар қожаның бейіті қатар жатыр.
Тарихи құжаттың бірінде (1750) генерал Неплюев кіші жүз бен орта жүз билері, батырларымен кездесіп сөйлеседі. Солардың ортасында Кедей би де қатысқан. Оның алдында (1748, 5 қазанда) патшайым Елизаветаға арнайы хат жазылып, онда Нұралы сұлтанды «хан етуді сұраған билердің арасынеда Кедей би, Мәмбет аталықтардың таңбасын басып, оны Қожакерейт Әлмұхамед Нұрмұхамбетовтың» бекітіп жібергені қатталған. Осы құжатта 1-ші болып Тулақ би, екіншісінде Кедей би, үшінші болып Мәмбет аталық таңбасын басқан.
Атақты жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев 1984 жылы баспадан шыққан «Елең-алаң» романында хан ордасында өткен тойды сипаттаған (169 бетте) жайларды айта отырып, Әбілхайыр ханның қынжылысын да берген. «... Төртінші күн дегенде» тойдың тарағанын паш еткендей тайтұяқ бастаған тоғызды жетелеген Кедей, Жайылған, Бақа, Киікбай бастаған Шөмекейлер тобы Ырғыз бетке жылыстап шыға берді» деп жазады. Олай болса, үлкен жиынға қатысып, келелі сөздер айтқандардың бірі өз заманында қабырғалы би болған Кедей Жәнібекұлы демекпіз.
Сондай-ақ 1748 жылдың қазан айында қазақ елінің хан-сұлтандары, би-болыстары бас қосып, жоңғарларға қарсы күресті аяқтау туралы кеңес өткізеді. Осы жылдың 20 қарашасында Батыр сұлтанды хан сайлаған. Бұл деректі молда Смайыл Әбдіразақов жазып қалдырған. Осы Құжатта Қосқұлақтың есіміде кездесті. Демек сол жылдарда Қосқұлақтың ел билігіне араласа бастағаны аңғарылады.
Кедей би туралы ауызша әңгімелермен тарихи жазбалар баршылық. Ауызша әңгімелерді тікелей ұрпақтары жаза берер. Мен архив құжаттары бойынша жазып отырмын. Тарихи құжаттарды оқи отырып, Кедей бабамыздың шын мәнінде қайраткер тұлға болғаны, елдің айтар сөзін айта алған соңына жұртты еріткен би болған. Бұл мақтау емес, оның тұлғалық бейнесін, елдің елдігін, бірлігін сақтаған, тәуелсіздік жолында күрескен тұлға деп білемін. Архивтер мен сирек кездесетін кітаптарда оқығанымда оның биік тұлға болғанын және оның есімі 1750-1752 жылдардан кейін көрініс бермеді және 1868 архивтік (руларға қатысты) тізімдерде кездеспеді. Тек 1869-1870 жылдары дайындалып, 1872 жылы шыққан «Материалы для статистики Туркестанская края» атты еңбекте «Кедей тамы» деген жер барын атап өткен (қазіргі Қызылорда облысының аумағында).
Кедей көптеген замандас билер мен иықтаса қызмет жасаған кісі. Бұрындарыда бүгінде Кедей атында ру бар. Біздер Кедей мергеннің ұрпағымыз, – деп айтады. Оның би есіміне, мерген деген тіркестің қосылуы, оны жаугершілік кезеңде билік шешімдерімен қатар қолына қару алып, жаумен соғысқанын аңғартады.
1749 жылғы бір құжатта Бопай ханша генерал И.И.Неплюевке хат жазып, өз ойын білдірген. «... Бізбен бірге үнемі көшіп жүрген және қазірде көшіп-қонып жүретін Шумай (Шөмекей) руының атақты адамдары Кедей би, Аллаяр би, Жайылған би, Қожанай би, сондай-ақ барлық Қаракесек руының (Қаракесекте Әлім, Шөмен, Байсары рулары жатады Т.Д) адамдары әрқашан да сенімді, жігерлілік танытатынын, бізді тастап кетпейтінін жеткізгім келеді», – деп жазыпты Бопай ханша.
Қайраткер ана Бопай ханша мен Әбілхайыр хан және оның балалары Нұралы, Ералы сұлтандармен сыйлас болып өткен, 300 жылдан аса уақыт өтсе де халық жадында сақталған есімі көп нәрсені ұқтырса керек.
Кедей (би) Жәнібекұлы хақында Орынбор, ҚР мемлекеттік архивтер мен сирек кездесетін кітаптардағы сараң сөздердің өзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады.
В.Н.Татишев пен И.И. Неплюевке және М.Тевкелевтің тағы басқа да патша қызметіндегі жоғары дәрежедегі шенеуніктерінің жазбаларында, сонымен қатар «Казахско-русские отношение в ХҮІ-ХХ веков», 2005 г, жинақтарымен Орынбор облыстық архиві және ҚР Орталық Мемлекеттік архивіндегі құжаттар (№4, 29, 394 т.б. қорлар) бойынша Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» кітабы, 1984, Т.Дайрабайдың «Сыр перзенттері» (2010), «Билер сөзі – киелі» (2018 екі тілде), «Сыр еліндегі ескерткіштер» (2012) кітаптарында және М.Білжановтың «Өзімді өзі тани білгем» (2014) атты жинақтарда біршама жазылған.
Өз кезеңдерінде Кедей мен оның балаларына арналған өлең-жырлар баршылық Сыр сүйлейлерінің ірі тұлғасы Балқы Базардың (1841-1911) Көнек Жалғасбай болып жырлаған өлеңінде:
«... Ежелден халыққа жол айтқан,
Жәнібекұлы Ханкелді мен Кедейсің,
Бір істі алсаң ойыңа,
Ермейтін жан жоқ жолыңа» деуінде олардың жұртшылықты соңына ерте білген билер болғанын нақтылай түседі.
Қорыта айтар болсақ, ХҮІІІ ғасырдағы тарихи оқиғаларға белсене араласқан тұлғалар. Хандар мен сұлтандар және Ресей шенеуніктері санасқан, оларға сөзін өткізе алған. Қазақ халқының Тәуелсіздігі жолында күрескен.
Осы ретте Кедей бабамыздан тараған ұрпақтардың жаз жайлауы мен қыс-қыстауларын атап өткен жөн.
Қуаңдария мен Жаңадария өзендерінің аңғары, Қарақұм, Қызылқұм ааймақтарында жаз жайлап, қыстаулары болған. Оны оларға салынған үй тамдардың орналасуынан байқауға болады. Нақтыласақ Қазалы, Қармақшы, Нұрата мен Тамды, Кенімық, Үшқұдық тағы басқа да өңірлдер мен аймақтарда көшіп жүрген. Бесқала, Дәуқара, Боқантауларында емін-еркін мекендеген. Оны атақты Әзілкеш ақынның Болық қызбен айтысында:
«Сыртында Нұратаның Балқым жатыр,
Бірталай Балқы деген халқым жатыр» деуінде Шөмекейлердің, оның ішінде Аспан, Бозғылдардың Самарқанд, Бұқара, Науай түгіл, Бесқала атанған Қарақалпақ өңірінде де молынан қоныстанған. Тіпті олардың біразының аттарымен аталған жер-су атаулары да баршылық.
Кедей және Хангелді билерден тараған ұрпақтардың қай-қайсыда тұлғалы азаматтар болыпты. Хангелдіден туған Бейбіт, Амалдық билер мен Төлебай палуан қазақ халқының тәуелсіздігі жолында елеулі еңбек еткен жандар.
Кедей бидің нақты өмір сүрген жылдарын анықтау үшін ата-тек шежіре тарқату әдісімен бір атаны 25-29 жыл деп есептесек, оның бізге немере-шөберелерінің туған жылдары белгілі болғандықтан былайша тарқатамын. Сыр еліне есімі белгілі, әрі би, әрі болыс болған Бақа (би) Әйбекұлы 1827 жылы туып, 1911 жылы, ал Жарылқап Манасұлы 1803 жылы туылғанын білеміз. Олай болса Жарылқаптың әкесі Манас би шамамен 1770-1771 жылдары, ал оның әкесі Қосқұлақ би 1730 жылдарда мүмкін одан бұрын өмірге келген сияқты. Оның ел ісіне араласа бастағаны 1748 жылдар. Осы шежірелік әдіспен есептей келгенде Кедей мен Хангелді билер 1680-1684 жылдар аралығында дүние есігін ашып, қайраткерлік істермен ел есінде сақталған.
Жоғарыда аталып өткендей Кедей бидің өз заманында туған халықты соңына ерте білген елдің елдігі мен бірлігі жолында сан түрлі оқиғалардың бел ортасында жүрген қабырғалы билердің бір ғана емес, бірегейі демекпін. Оны ел аузындағы түрлі әңгімелер мен архив құжаттарында жазылып қалған деректер растай түседі.
Мұндай ерен қайраткер азаматтар еске алынып, олардың есімдері еленіп, ескеріліп жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Бұл бүгінгі ұрпақтың парызы болмақ.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері,
Қызылорда қаласының Құрметті азаматы