Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » “Жібер шайтан, жібер деймін...”

“Жібер шайтан, жібер деймін...”

Тер шыққан сайын екпінді үдететін тарланбоздай нағашымның да шабыты енді ояна бастағандай. Апам ұсынған сапар кесе толы шұбатты демін алмастан сіміріп тастап, қайтадан сөзін жалғастырды. Біз тышқан аңдыған мысықтай Жәкеннің аузынан шыққан әрбір сөзді қалт жібермеуге тырыстық.
«Кеңес өкіметінің кезінде мектепте еңбекке баулу деген пәннен сабақ бердім» деген нағашым маңайын көзінің астымен, шолып өтті. Ол кезде біздің совхоздың атағы Одаққа танылып, дүрілдеп тұрды. Мал санының көптігі жағынан ауданда алғашқы орынды иеленетін. Қара қойдың бейнеті де көп, зейнеті де аз емес. Өкімет малшы ағайынды бар мүмкіндігінше қолдап бақты. Қолдағаны емес пе? Сонау Қарақұмның қиырында жалғыз үй отырған қыстауға пәленбай шақырымнан электр жарығын жеткізді. Өзге адамның қолы жетпейтін небір қат дүниелерді малшыларға авто дүкен жиі-жиі аралап апарып беріп тұрды. Аудан, облыс тіпті республикадан келген өнерпаздар шопандарға концерт қойып, кітапханашылар кітап тасып, автоклуб меңгерушілері кино қойып, бір тынбайды.. Жазда жайлауға қонарда жазғы қорасын дайындап беріп, күзде қыстаудағы үйін, қора-қопсысын жөндеп, сақадай-сай қылып қоятыны тағы бар. Оқу жылы басталысымен мені мектеп директоры мен совхоз басшысы шақырып алып жоғары кластың оқушыларын бастап, қырдағы шопанның қорасын салуға барасың деген тапсырма берді. Жаныма танымал құрылысшы, жасы елуді орталаған ағамызды бригадир қылып қосты. Қарақұм беткейіне алғаш рет шығуым. Ел арасында «Қарақұм дегенше, қарағым десейші» деген қанатты сөз бар. Мәнісін – береке дарып, құт қонған мекен деп түсінген жөн. Шыныменде, тіршілікке жайлы, әр бұтасының түбінен қадақ ет табылады дейтіндей малға да жанға да аса қолайлы екен.
Межелі жерге қиналмай жеттік. Үй егесі Жақып та, әйелі де ақжарқын, қонақжай жандар екен. Қауқылдасып жүріп, баспақтай ірі семіз қойды жіліктеп, қазанға салды. Оқушы қыздарға төргі, ер балаларға ортаңғы, бригадир мен маған кішілеу бөлмеге дастархан жайдырып, әбден сыйлады. Жапан түзді жалғыз қоныстанып, тілдесер жан таппаса керек, аузы сөзден бір босар емес. Астан соң жатып, демалуды жөн санадық.
Осы мезетте Жақып шопан түнде түзге жалғыз – жарым шығуға болмайтынын, қыстау маңында аты жаман нәрсе (ауыл арасында малғұн десе азайып, шайтан деп атын айтса көбейеді деген ұғым қалыптасқан) барын, өздеріне бірнеше мәрте көрінгенін ескертті. Мұндайды бұрын-соңды естімегендіктен тұла бойым түршігіп кетті. Көзім бригадирге түскен еді. Түрі оңған шүберектен бетер ағарып кетіпті. Жанары жасаурап, әлсін-әлі жұтына береді. Шешініп жатып қалғанмын. Көзім тез ілінді.Біреудің жұлқылағанынан шошып оянсам, бригадир ағамыз екен. Өзін дәрет қыштағанын айтып, түзге шығып келейік деген өтінішін білдірді. Ұйқылы-ояу «өзің бара берсеңші» деп дүңк ете түстім. Ағамыз үн-түнсіз далаға беттеген. Біршама уақыт өтті. Әрі күттім, бері күттім, үйге кіре қоймады. Ағамыз әлі жоқ. Шыдамым таусылып, далаға іздеп шықтым. Айдың бетін бұлт басып, қаракөлеңкеленіп тұр екен. Күндіз үйден біршама жерде бұтағы жан-жаққа жайыла өскен, биік жыңғыл өсіп тұрғанын көргенбіз. Сол жақтан жалына, жылаған дауыс естігенде төбе құйқам шымырлады. Осыны күтіп тұрғандай айдың беті бұлттан жарым-жартылай ашылып, маңайға аздап сәуле түсе бастады.
Сондағы көргенім...
Бригадир дарақ жыңғылдың түбінде шарта жүгініп отыр. Басы салбырап жалынышты үнмен «Жібер деймін, жібер» деп үздіксіз қайталайды. Қаншама қорықсамда анықтап тағы қарадым. Артында бұтағы желмен тербелген жыңғылдан өзге ешнәрсе байқалмайды. Зәрем зәр түбіне кетті. Үйге жүгіре кіріп шопанды оятып «Жәке, бригадир далада жібер, жібер деп жылап жатыр. Маңында ешкім жоқ. Сірә, малғұнлар ұстап алған шығар» деп асыға-үсіге жеткіздім. Шопанның көзі шошынғаннан төңкеріліп түсіп, орнына келді. Қолына қос ауызды мылтығын алып, далаға жүгірген оның ізіне менде ілестім. Екеуміз есіктен шығысымен айқайға бастық. Бізді көріп қайраттанған бригадир жанекпін алға ұмтылды. Етпетінен құлап түсіп, қас-қағымда қайта тұрып, бізге қарай құстай ұшты. Жанымызға жетісімен еңіреп жіберді. Белбеуі ілінбеген шалбары аяғына оратылып қалыпты. Оның киімін мұқият қарап шыққан шопан кенет, түнгі даланы жаңғырта күлкіге бассын. Біз аң - таңбыз. Сәлден соң күлкісін тия алмаған қалпы «міне, сендерге шайтан» деп бір қарыстай жыңғыл бұтағының сынығын көрсетті.
«Бақсақ, бақа екен» демекші, жағдай бұлайша өрбіпті. Жыңғылдың түбіне барып дәрет сындырған бригадир шалбарын қайта кигенде желмен тербелген бұтаның кішкентай бөлігі белдігін арт жағынан іліп қалады. Бұл тұруға оқталғанда белбеуге кептетілген жыңғыл жібере қоймайды. Тастай қараңғыда мұны аңғармаған бригадирдің бұрылып қарауға жүрегі дауаламайды. Есіне шопанның айтқаны түсіп, шайтандар ұстап алды деп ойлап “жібер де жібер” қылып, жалынып жылай береді. Біздің даусымызды есітіп ұмтылғанда жыңғылдың бұтағы сынып кетіп, тұра қашыпты. Айтпақшы, шопанның малғұн бар дегені қалжыңы екен. Мұнан кейін ешқандай оқыс оқиғаға жолықпадық. Шопанның қорасын салып, үйін жөндеуден өткізіп ауылға оралдық.
“Қорыққанға қос көрінер” деп нағашым сөзін түйіндеді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ
26 сәуір 2022 ж. 655 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031