Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқытудың оңай жолы орталық па?

Оқытудың оңай жолы орталық па?

«Баламды репититорға бердім». Бүгінде бұл сөзді ата-аналардың аузынан жиі естейтін болдық. Бір пәннен ғана арнайы мұғалімге апарса жөн, мектеп бағдарламасын түгелдей оқытып, білім ордасында берген тапсырманы оқытушымен бірге орындайтын орталықтар көптеп ашылуда. Себебі неде?
«Іздегенге – сұраған» деген. Бұл көп ата-анаға «ауырдың асты, жеңілдің үстімен» жүруге таптырмас мүмкіндік болғандай. Бала қалай оқып жатыр, ақшаға келген білімді көкейге тоқып жүр ме? Бұл мәселелерден гөрі «оқу ақысын тауып берсем болды» деген түсінік қалыптасқан. Бірі жұмысбастылығын желеу етсе, енді бірі мектеп бағдарламасын баласының миына қондыра алмай мезі болғандықтан, осындай қадамға баратындығын қынжыла айтады. Мектептегі мұғалім жетесіне жеткізе алмаған, үйдегі ата-ана көкейіне құя алмаған білімді баланың санасына сіңіретін оқу орталығындағылардың қандай қасиеті бар? Ондағы ұстаздардың біліктілігі басым ба, әлде бар құпия ақылы болғандығында жатыр ма? Ақы демекші, орталықтардағы оқудың ақысы да оңай сома емес. Бір сағат білім алсаңыз, мың теңге төлейсіз. Мәселен, Әйтеке би кентіндегі «Асу» оқу орталығы 2021 жылдың қыркүйегінде ашылған. Бұнда орыс тілі, математика, ағылшын тілінен қосымша сабақтар береді. Бастауыш сынып оқушыларына ана тілі, әдебиет, математика пәндерінен мектепте оқытқан жаңа тақырыптарды түсіндіріп, үй тапсырмаларын орындауға көмектеседі. Қосымша сабақтар топ түрінде жүргізіледі. Ұзақтығы 1 сағаттан. Бір топта 3 оқушыдан артық болмайды.
– Кейбір оқушы күнде, кейбіреулері аптасына 2-3 күн келеді. Қанша оқытса да, қабылдауы қиын балалар болады. Ондай балаларды жекелеп те оқытамыз. Кейбір бала жеке оқығанда, кейбіруі топпен жақсы қабылдайды. Кейде басқа мұғалім қарастыруды ұсынамыз. Әр оқушы әрбір үйдің еркесі. Мұғалім кішкене дауыс көтерсе, жылайтындары да бар. Көбінесе ата-ана қаттылау қараңыздар деп өздері тапсырады. Нәтиже 2-3 айда белгілі болады. Бізге келгеннен кейін, үздікке шыққан балалар көп. Ата-аналар рақметтерін айтып жүреді, – дейді орталық оқытушылары.
Бұл мәселеде ата-аналардың пікірі екіге жарылды. Бірі құп көрсе, енді бірі «сәнге» айналдырып алған өзіміз дейді.
– Бір танысым екі баласын бірдей репититорға сүйреп, айына 50000 төлейді. Өзінің айлығы жүз мыңға жетпейді. Одан нəтиже шықса жақсы. Мектептегі мұғалімнен түсінбеген бала репититорға апарғаннан керемет болып шығады дегенге күмәнім бар. Оқушы кезден ақша төлеп оқытасыз, жоғары білім алу үшін тағы ақша. Бұдан кімге пайда, кімге зиян? – деген ойымен бөлісті Балзира есімді келіншек.
«Қыздарымды «Зейін» оқу орталығына апарып жүрмін» – деген ата-ана Айнұр Бекзадаева мұнымен келіспейді.
– Орталықта барлық сабақты оқиды. Қосымша тапсырмалар орындайды. Дүйсенбі мен жұма аралығында таңертеңгі 9-дан түскі 1-ге дейін сонда болады. Үйге келген соң, бірден мектебіне кетеді. Сенбі күні бір сағат тағы барады. Пәндерден бөлек би, вокал, домбыра үйірмелеріне қатысады. Іші жайлы, тазалығы, тәртібі жоғары деңгейде. Екі балама айына жобамен 45 мың теңге төлеймін. Ата-ананың жағдайымен санасады. Өткен айдағы төтенше жағдай кезінде көп көмек тигізді. 50 пайызға дейін жеңілдік жасады. Қыздарым білімді, өнерлі болып өсіп келеді. Орталық жұмысының нәтижесіне көңілім толады. Көпбалалы ана болғандықтан, балаларымның жан-жақты білім алуына осылай жағдай жасаудамын, – дейді ол.
Бұл ретте ұстаздардан да пікір сұрауды жөн көрдік. №226 мектеп-гимназиясының орыс тілі пәнінің мұғалімі Гүлсім Исмағұлова:
– Мектепте мұғалім барлық балаға бірдей үйретеді, түсіндіреді. Алайда оқушының қабылдауы әртүрлі. Біреуі тез қағып алады, екіншісі бірден қабылдап кете алмайды. Балаларға, бір жағынан, карантиннің теріс ықпалы тиді. Оқушылар жалқауланып, еріншектеніп, енді ес жинап жатқан жайымыз бар. Телефонға тәуелділік басым, сөздік қорлары жоқтың қасы, кітап оқымайды, ізденбейді. Көпке топырақ шашпаймын, қазір көп ата-аналар, әсіресе, жастар балаларына қарамайды, көмектеспейді, қадағаламайды. Жұмыссыздык, тұрмыс-тіршілік те әсерін тигізетін шығар, – дейді.
Орталықтың бары да жақсы, оған төлейтін ақша болса әрине. Бұл бір жағынан ата-анаға көмек, екінші жағынан, мұғалімдік мамандықты бітіріп, бос жүрген жандарға жұмыс көзі. Және де балдардың қабылдауы баяу, мектепте немқұрайлы отыратын оқушыларда бар. Кей ата-аналар базарда, кафеде жұмыс жасағандықтан, уақыттың сәйкес келмеуінен де қарай алмайды. Себебі ол келгенше, бала ұйықтап қалады немесе өзі шаршап келеді. Мәселе көп, жұмыс істемесе, тағы болмайды. Таяқтың екі ұшы секілді, барлық жағдайды екіжақты қараған орынды.
Сіз қалай ойлайсыз, баланы оқытудың оңай жолы орталыққа тапсыру ма?

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
19 ақпан 2022 ж. 680 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031