Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарасымды тәрбие жаңылмайды

Жарасымды тәрбие жаңылмайды

Жастық дәуреннің алаңсыз, жайма шуақ күндерін өткізген көкөрім қыздарымыз әні-міне дегенше бойжетіп, өздерінің сүйген жігіттерін табады. Болашақта бірге жұптасып өмір сүруге серттесіп, отау құрады.
Жаңа ортаға келін болып түсіп, өзіне келешегі сағымдай бұлдыр тіршіліктің күйбеңіне бой ұсынады. Сондайда айналасындағылар жылы қабақ танытып, оның жаңа қадамына қолдау білдірсе, келген жеріне тез сіңісіп кетер еді. Ал жағдай бұған керісінше болса ше?... Онда жас жұбайлардың шаңырағы дүлей дауыл соққандай шайқалып, босағасы құлап қалуы қиын емес.
Бәрімізге етене таныс «Қыз жақсы жерге түссе келін, жаман жерге түссе келсап» деген аталы сөзді бұрынғы көнекөз аталарымыз тірліктің осындай түйіткілді жайларына байланыстырып айтқаны анық.
Жас келіндердің сыпайы, көргенді болып тәрбиеленуі отбасындағы енелерге де байланысты. Олар келешекте өз әулеттерінің отанасы болып қалатын жас келіндерге қазақы әдет-ғұрыптардың жолдарын үйретіп, құлағына күнделікті құйып отырса, нұр үстіне нұр ғой. Кейде бұлай болмай жататын да сәттер бар...
Бұдан бірнеше жыл бұрын Астана жақта тұратын балдызымның үйіне жолым түсті. Алыс сапарға жолсоқты болып жеткен біз бір мезгіл тынығып алдық.
Ертелетіп ұйқыдан оянып, аулада жүрген маған балдызым Айберген:
– Сәке, Сіздерді осыдан алпыс шақырымдай қашықтықта тұратын қайын жұртымның ауылына алып барайын. Жер көріп, қыдырыңыздар, – деді.
– Жарайды, айтқаның болсын! – деп келісім бердік.
Таспадай тегіс жол үстінде желмен жарыса жүйткіген жеңіл автомашина бір сағатқа жетер-жетпес уақытта межелі жерге жеткізді.
Балдызымның енесі – құдағайымыз елпілдеп, жылы қарсы алды. Кешкілік көршілерін жинап, қонақасы берді.
Дастарқан басына жиналып, шай ішуге кірісе берген кезімізде құдағай есік жақтағы қыжылдаған самаурын жанында отырған жалаң басты жас келіншекті нұсқап:
– Құда бала, мынау менің жан дегендегі жалғыз ұлымның жан жары, менің келінім. Жазирамды келінім емес, қызымдай көремін. Сосын «Өзім үйде орамал тартпай-ақ жүре бер» деп рұқсат бергенмін, – деді көңілін мақтаныш сезімі кернегендей.
Үнсіз бас изеп, құдағайымыздың айтқан сөзін мақұлдағандай сыңай білдірдік. Десек те, көңіл түкпірін «Жазира жалғыз келін екен. Қызындай аялап, құрметтегені өте орынды. Бірақ ескіден келе жатқан ата жолымызды, ұлттық үрдісімізді бұзып оған «Орамал тартпай-ақ қой» деген ақылы бар болсын. Бұл келіндерді ибалықтан айырып, бүру жолға салатын бейәдепсіздік болып шығады ғой» деген түйткілді ойлар шырмауықтай шырмай берді. Құдағайымыздың келіні үшін жасап жүрген оспадарсыз құрметіне іштей қатты торықтық.
Қазақтарымыз енді ғана шоғырлана бастаған арқа жерінде өмір сүріп, салт-дәстүрімізді берік сақтап, кейінгі толқын жастарға үлгі көрсетеді деген сарықарын құдағайдың қисынсыз қылығы көңілімізге көлеңке түсірді.
Сыйлас досымыз жас жұбайлардың жаңа өмірге қадам басқан қуанышты кешіне шақырғасын бардық. Тойымыз кең сарайдай «Ақтілек» мейрамханасында өтті.
Жас отау иелері қуанышына ортақтасуға жиналғандар қатары аз емес. Кеш өтетін жер жақсы безендірілген. Ортаға көл бетінде қатарласа жүзген қос аққудай болып, жас жұбайлар шықты. Жиналғандар оларды орнынан тұрып, қошеметпен қарсы алды. Дәстүрлі «Жар-жар» айтылып, жастар төрдегі арнайы дайындалған орындарына жайғасты.
Самсаған дастарқан мәзіріне толы ұзын үстел басындағы көпшіліктің абыр-сабырын басып, жүргізуші жігіт салтанатты басқосуды бастап кетті.
Жас жұбайлар тойына ақ ниет, ізгі тілекпен келген ағайын-туыстар кезектесе сөз алды. Игі тілектерін ақтарыла айтып, әкелген сыйлықтарын тапсыруда.
Кеш рәсімі қыза бере асаба жігіт жаңа құда-құдағайларды, жас жұбайларды ортаға шығарды. Қос құданы көпшілікке таныстырып, олардың бір-бірімен төс қағысуын өтінді. Осы бір қазақылығымызға жарасымды әсерлі көріністі жұртшылық ду қол шапалақтай қолдады.
Бұл рәсім бітісімен жүргізуші келін мен қалыңдықтың қасына келді.
– Келін болып түскен үйіңде бір қайның мен қайын сіңілің бар екен. Сен оларға еркелетіп қандай ат қойғанды қалайсың? – деп келінге арнаған сұрағын қойды.
Сәл-пәл ойланып, мүдіріп қалған жас келін:
– Мен қайныма Әсем бала, ал қайын сіңіліме Ақгүлім деген аттарды таңдадым, – деп жауап қатты. Айнала үстел басында отырған кеш қонақтары: «Жарайсың, келін! Өте әдемі атау. Құтты болсын!» – деп келіннің тапқырлығына ризашылығын аңғартты.
Жарасымды шараның куәсі бола отырып, көңіліміз көтеріліп, көкке жеткендей күйге бөлендік.
Міне, біз ортаға салып әңгіме арқауына айналдырған жағдай екі түрлі. Әдепкісінде аңғал, ағеден ене келінін тым «еркелетіп», ұлттық үрдісімізге дақ салғанын байқамай қалады. Ал соңғы оқиғада жаңа түскен келінге қазақы қалпымызды сақтай білу қажеттігі ескертіледі.
Келін – әрбір әулеттің құты. Алтын асықтай ұл, күміс қасықтай қыз өсіретін болашақ ана, өскелең ұрпақты жалғастыратын қасиетті жан. Сондықтан да олардың «Қазақтың келіндері-ай» деген атқа сай, әр нәрсенің жолын білетін тәрбиелі, әдепті, инабатты болғаны жөн-ақ.
Тәрбие негізі отбасында қалыптасады. Осы ретте көпті көріп, ақыл тоқтатқан енелер қауымы келіндеріне ұлтымыздың салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрпының мәнін түсіндіріп, олардың әрдайым оң жолмен жүруіне мұрындық бола білсе. Сонда тәуелсіз еліміздің жас өскіндерін тәрбиелеуге үлес қосып жүрген ибалы, кемел ойлы келіндеріміздің қатары толыға түскен болар еді дейміз.

Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
26 сәуір 2022 ж. 547 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031