Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір кем дүние

Бір кем дүние

«Әр елдің салты басқа» деген аталы сөзді уақыт ағымының өзгеруіне де байланысты айтуға болатын секілді. Себебі, біз қазір өмір сүріп жатқан дәуір мен тарих қойнауында қалған заманның айтарлықтай ерекшеліктері бар. Бірақ, бір әттеген-айы, кешегі күннің адамдары қазіргі қолданыста жүрген техникалар мен мүмкіншіліктерден ада болса, бүгінгінің еншісіне сол кезеңдегі қазаққа тән қастерлі қасиеттер жетіспейді. Ата-бабамыз үлгі етіп көрсетіп кеткен рухани байлық: табандылық, ержүректілік пен даналықты өмірімізге бағана ете алмай жүргеніміз қынжылтады. Әсіресе, отбасылық құндылықтарды сақтай алмағандықтан шаңырақтардың шайқалуы, қазақ қоғамының бас ауруы болып отырғаны жасырын емес. Оның үстіне, келіндердің өтпелі қиыншылықтарға шыдас бермей, төркініне қарай тартып тұратын әдеті қазір белең алып барады. Көне көздеріміз бұны тек Батыс елдерінде болатын жағдайға теңейді. Әйтпесе, біздің түсінігімізде, келіннің қуанса да, жыласа да басар тауы – өзінің босаға аттап түскен үйі болатын.
«Қыз бала – жатжұрттық» дегенді де атам қазақ бекерге айтпаған. «Қызым келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» деп ұрпағынан жақсылық күтетін халықпыз. Бұрынғыдан бұрмалауға келмейтін келін тәрбиесі жөнінде жасы сексенге келген кейу¬ана Тойғаным Сырлыбай: «Балауса қыз ертең-ақ бойжетіп, ақылы толысып, бір үйдің т а б а л д ы р ы ғ ы н келін болып аттары сөзсіз. «Келіннің аяғынан…» деп барған жерінде жас келінге сын көзбен қарау деген болады. Отбасындағы әже, аналарынан тәлімді тәрбие алған қыз «тастай батып, судай сіңіп», отбасының ұйытқысы болуы керек. Бір әулеттің түтінін түтетіп, шаңырағын биіктете түсу – үлкен жауапкершілік.
Мұны болашақ келін болатын қыздар терең сезінулері қажет. Жас келіннің көтерер жүгі қашанда ауыр. Қайын ата, қайын ене, қайын сіңлі, қайнінілермен де тіл табысу ақылдылықты қажет етеді. Оң жақтағы қыз баланы «ертеңгі күнгі – келін, ерін сыйлар – адал жар, ана, ақыл айтар – жеңге, тату болар абысын» деп ұлттық тәрбиені өн бойына дарыта білу де оңай іс емес. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кешегі Домалақ ана, Зере мен Ұлжан аналарымыздың салып кеткен сара жолы. Ақ жаулықты әжелеріміз бен аяулы аналарымыз осы дағдының жалғастырушысы бола білді. Қыз баланы жеткізудің басты қағидасы ретінде жат жұрттық болуға дайындады. Бұл тәрбие өз кезегінде өнегелі отбасын қалыптастырудың методикасына айналды», – дейді.
Ал, қазіргі аналар өзге үйдің отанасына айналар қыздарын қалай тәрбиелеуде? Келіндер неге төркіншіл? Бұл жайында бір ұл, төрт қыз өсіріп, олардан 15 немере, 4 шөбере сүйіп отырған ақжаулықты әже Күлтай Оспанның пікірін тыңдаға-
нымызда: «Қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. Әкесі бой жеткеніне дейін қырық үйден тыйым қойып, бақылауда ұстаса, шешесі өзге отауға келін болуға даярлаған. Қазір, ең алдымен, ата-ананың тәрбиесі өзгерген.
Біріншіден, тұрмысқа шыққысы келген қыздарын әр түрлі мақсатта тежейді. Оның үйде қонақ екенін ұмытқан. Сосын басқа үйге келін болып түскеннен соң байлап ұстай алмайсың, «қит» етсе әке-шешесінің үйіне кеткіш болатыны осыдан», – деп қыз тәрбиесіне келгендегі ата-аналардың салғырттығына ренжіді.
«...Той өткен соң да бәрі жақсы сияқты еді. Тек ерке қызға есті келін болу қиынға түсті. Алғашқы айда білінбегенімен Жәудір шаруаға – епсіз, қазан-ошаққа – олақ болып шықты. Айтсаң ренжитін, айтпасаң білмейтін еркетотай қыз енесін ұнатпады. Еркебұлан жұмыстан келсе болды, «сенің мамаң маған былай деді, олай деді, бүйт деді, сөйт деді» деп құлағына ызыңдай берді, ызыңдай берді...». Бұл Мерген Тоқсанбайдың «Ерке қыз – есті келін» әңгімесінен алынған үзінді. Келіндердің біразы екінші анасын мойындамайды. Көп жағдайда даудың басы осыдан бастау алатыны белгілі.
Осы тұста төрт келін түсіріп, тәрбиесіне тәлімгер бола білген Несібелі Оңдасын әжейдің ойын сұрағанбыз. Ол: «Қазақта үлкен адамдар келіндерге сын көзбен қарап, білмегенін үйретіп, білгенін толықтырып отырған. Бұл көзқарас әлі күнге дейін бар, өйткені салтымыз солай. Неге десеңіз, келін епті, көрегенді, ақылды болса, тәрбиелеп шығаратын балаларымыз да тектілігін тақымынан бір сәтке босатпақ емес. Бірақ, түбі тереңде жатқан ғибратты тәрбиені кемсітушілік пен басынушылық деп қарайтын келіндер қазір көп. Шындығын айтар болсақ, таяқтың бір ұшы анасының еншісінде болмақ. Осы-дан кейін келін шу шығарып, күйеуін бөлек шығуға үгіттейді. Болатын бала бұндайға жол бермейтіні анық. Анасын ардақтаған ұлдан безіп, қыз төркініне кетеді. Ал, төркіншіл қыз, өзінен шыққан қызға тұшымды тәрбие бере алмайды, меніңше», – дейді.
Әрине, қазір ажырасып, «қайтып келген» деген атаққа қалдыратын белгілі-белгісіз себептер көп. Бірақ, шаңырақтың шайқалуына біржақты келіндерді жазғырудан аулақпыз. Мінезді немесе ішкілікке салынып, құмар ойынға басын жоғалтқан еркектердің келіншектері қандай бақытсыз десеңізші?! Десек те, өзінің қылығымен, ақылдылығымен тырнақшаның ішіндегі еркекті шынайы еркек кейіпіне әкелген жеңгейлерді талай көзіміз көрген. Дегенмен, тағы да сол жалған намысты бетке ұстап, өзі білмесе де, айтқанды ұғынбайтын ағалардың жағдайы тіптен аянышты.
Қазақ қоғамында келін тәрбиесі қашанда маңызын жоғалтпаған. Оның жақсы жерден екені тұлғасына, іс-әрекетіне қарап байқалса керек. Заманның ағымына сай, тәрбие мәселесіне көңіл бөлу мұң болып кеткені қашан?! Көгілдір экранға көлбеңдетіп байынан ажырасып, басқа біреуді тауып алған елге белгілі адамдарды насихаттағаннан гөрі, ұлттық болмысымызды дәріптейтін бағдарламаларды көрсетуге көңіл бөлінсе екен.
Өз ұлтымды басқамен салыстырғанды жаным сүймейтін. Алайда айтпасқа болмайды, өзбектің майталмандары шығарған «Супер келін» киносын бір жылдары бәріміз аузымыздың суы құрып көрдік. Көрші ел келіндерін шынында да тамаша дәріптей білген. Басты кейіпкер ауылдың үздік келіні атануы үшін барын салады. Бір қызығы, қазақтың келіндері олардан кем түспейтін болса да, ондай туындылар бізде мақұрым. Жоқ, бар екен. Естеріңізде болса ойына келгенін істеп, әдептен асатын Ермек Тұрсыновтың «Келін» киносы. Бір кем дүние. Ондай масқараға, енді, жол беруге болмайды.
Себебі, біз текті батыр бабалар мен дана аналардың сынығымыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.
14 ақпан 2018 ж. 1 556 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 76

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930