Ене мен келін неге келіспейді?
Асыл аналарымыз өмірге ұл әкеледі. Қуанады. Шаңыраққа ие болып қалатын перзентім деп шаттанады. Ұлын өсіріп-өндіріп, үйлендіреді. Сөйтіп, ол үйге келін түсіріп, думандатып той жасайды. Ал содан соң не болады? Ұлан-асыр тоймен басталған қуаныш ұзаққа созылса бір сәрі...
Кей жағдайда сол жастар ажырасу деген пәлеге ұрынып, уайым-мұңға ұласып жататыны жасырын емес. Өкінішке орай, бұл көбінесе кердең қаққан келіннің күйеуін тыңдамауы мен енесін сыйламауынан болып жатады.
«Келін» деген киелі атауға кір келтірмей, енесін өз анасындай аялап, келіндік міндетін абыроймен атқарып жүрген келіндердің көңілдеріне келмесін, әрине. Дегенмен, кейбір «кермарал» келіндерді көргенде көңіліміз толмай жататыны рас. Сондайда: «Қайран, қазақтың келіндері-ай, қайда барасыңдар?!» дейміз еріксіз.
Көшеде шолтиған етек немесе тыртиған шалбар киіп, кіндіктерін көрсетіп, бет-аузы мен шаштарын аяусыз бояп, барынша бүлініп, шолжиып жүргендерді, үлкенге жол бермейтіндерді де көріп жүрміз. Орамал дегеннің не екенін білмейтіндері, үлкеннің сөзін құлағына ілмейтіндері және бар. «Енесі жаулық тақпаған соң, келінінен не сұрайсың» дейді кейбіреулер. Жас келіндерге көрсетер өнегесі аз болса да, айтар ақылы азаймаса екен кейбір «енесымақтардың». Бұл жерде енелерді сынап-мінеуден аулақпын, үлкенді түзету жастың міндеті емес шығар. Дегенмен, жастың үлкендерден үлгі алатынын ұмытпаған жөн-ау деймін...
Өзім де болашақ бір ененің келіні болғандықтан, қазақтың бүгінгі жас келіндерін көргенде жаным ашып, қаным тасып, ұялатындықтан, оларға аз-мұз ой тастамақпын.Тыңдай қоймайтындары анық, дегенмен, саналылары зер салар деген ойдамын.
Ене деген кім осы,келіндер?... Иә, ол өздерің ұнатып қосылған, болашаққа қол ұстасып бірге аттап отырған жандарыңның – күйеулеріңнің анасы.Туған анасы! Өздерің сүйген адамды өмірге әкелген, түн ұйқысын төрт бөліп, бағып-қаққан, өсіріп-өндірген адам! Олай болса, сендер соны түсініп, ол жанның көңілін неге таппайсыңдар? Қарсыласу, тыңдамау былай тұрсын, енелеріңнің қабағына кірбің түсіруге хақыларың жоқ екенін білмейсіңдер ме? Ене дұрыс айтса да, теріс айтса да тыңдауға және сыйлауға міндеттісіңдер, айналайындар! Болашақта өздерің де ене болатындарыңды, сол кезде өз қылықтарың алдарыңа келетінін естен шығармасаңдар екен...
Ойымды қорыта келе:
Енемен кей келіндер келіспейді,
Биемен есті байтал тебіспейді.
Келіндер, ене сөзін екі етпеңдер,
Демеңдер: «дұрысты да теріс дейді».
Қашанда киелі сөз келін деген,
Қазақтың келіндері ерінбеген.
Сыйлаңдар ата-енені ізетпенен,
Басыңдар алға қадам сенімменен!-дегім келеді.
Бұлбұл АЛЬПИЯРОВА.
baq.kz