Қиындықта шыңдалған қария
Бекарыстан би ауылының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Қабақ Смағұлов ақсақалға кездесіп, өмірдерегі мен майдангерлік жолы жайлы білгіміз келетінін айттық. Сонда тоқсанның бел ортасынан асқан абыз қария тұнжырап, біршама уақыт үнсіз отырып қалды. Сосын терең дем алып барып:
– Қарағым, әр нәрсе өз тұсында ғой. Біздің жалындаған жастық шағымыз қиыншылығы мол кезеңмен қабаттаса өтті. Бірақ «Көппен көрген ұлы той» демекші, барлығына тәуба етеміз, – деп сөз өрбіткен қартпен арадағы әңгімеміз өзара жарасылымдылық тапты...
– Қарағым, әр нәрсе өз тұсында ғой. Біздің жалындаған жастық шағымыз қиыншылығы мол кезеңмен қабаттаса өтті. Бірақ «Көппен көрген ұлы той» демекші, барлығына тәуба етеміз, – деп сөз өрбіткен қартпен арадағы әңгімеміз өзара жарасылымдылық тапты...
«Шәудіркөлдің» етегінде кіндік қаны тамып, қарапайым шаруа адамдарының отбасында тәрбиеленгендіктен шығар жасынан өмірге құштар болып ержетті. Оңы мен солын таныған бозбала сабақтан кейін үй шаруасына көмектесіп, әке-шешесіне қамқоршы бола бастады.
1940 жылдың желтоқсанында әкесі Смағұл Магнитогорск қаласына жұртпен бірге еңбек майданына алынды. Шаңырақтың тірегі атанған азаматтың орталарынан алыс сапарға аттануы бұлардың мойнына біраз ауыртпашылық жүгін артты. Шешесі Төлебике таңның атысынан, күннің батуына дейін шаруашылықтың тірлігімен айналысады.
Қабақ аға сол жылы мектептің жоғарғы сыныбында оқып жүрген. Он алты жастағы көкөрім жігіт басшылармен келісіп, Октябрь колхозы төрағасының хатшылығы жұмысына орналасты. Зейінді жас аз күнде міндетті ісін дөңгелетіп алып кетті.
Ұзамай ел басына қара бұлт үйірген Ұлы Отан соғысы басталып, ауыл-аймақ аласапыран күйге түсті. 1942 жылдың маусым айында Қабақ басқа құрдастары сияқты әскери комиссариаттан шақыру қағазын алды. Шешесі Төлебике және бес жасар інісі Тілеубергенмен, ағайын-туыстарымен қимай қоштасып, Отан қорғау жорығына аттанды.
Бұлар мінген қызыл вагон Орынбор қаласына жетіп, атбасын ірікті. Жайық өзені бойында бір айдай әскери жаттығудан өткен жауынгерлер Мәскеу бағытындағы майдан төсінде жаумен алғаш рет бетпе-бет келді.
1942 жылдың желтоқсан айында қолбасшы Рокоссовский басқарған екпінді армия сапында неміс-фашистеріне қарсы шабуылға қатысып, оқ пен оттың ортасында болды. Станокты пулеметтің көздеушілігін меңгере жүріп, Тула қаласын азат етуге қатысты. Жан беріп, жан алысқан дүлей шайқастағы көрсеткен ерлігі үшін Қабақ Смағұлов «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.
1943 жылдың қақаған қысындағы Орёл қаласын жау құрсауынан босату жолындағы ұрыс оңайға соқпады. Мықтап бекініп алған қарсы жақ қасарысып бақты. Кеңестік солдаттар көптеп шығынға ұшырады. Алайда өліспей беріспеуге серт еткен біздің жауынгерлеріміз қаладан неміс-фашистерін қуып шықты.
1943 жылдың ақпанындағы осы жойқын соғыс үстінде Қабақ ауыр жараланып, Горький қаласындағы әскери госпитальға жатқызылды. Оның аталған шайқас кезіндегі батылдығы еленіп, «Ерлігі үшін» медалі берілді.
1943 жылдың қарашасында арнаулы медициналық комиссияның ұйғарымымен соғысқа жарамсыз деп табылып, туған жерге оралды. Отбасы, ел-жұртымен қуана қауышқан Қабекең тылдағы қызу еңбекке бел буа араласты. Алдымен «Жаңабасшылық» колхозында есепшілік қызмет атқарды.
1944 жылы Октябрь колхозында есепші болды. Соғыс аяқталысымен әскери комиссариат арқылы Қарағанды қаласын қалпына келтіру жұмысына араласты. Кейін ауылдық Кеңестің хатшысы, №24 орта мектептің, №5 санаториялық мектеп интернаттың, аудандық оқу бөлімінің, аудандық мал сою пунктінің, Майдакөл ауылдық Кеңесінің есепшісі қызметтерін абыройлы атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Майдангер Қ.Смағұловтың кеудесінде соғыста алған мадақтауларынан бөлек ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені және Жеңістің 30, 40, 50, 60, 70, 75 жылдығы, «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл», Маршал Г.К.Жуков атындағы мерекелік медальдары жарқырайды.
Ол – ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты әке. Өмірлік зайыбы, марқұм Гүлжан апа екеуі өздері тәрбиелеп өсірген: Барша, Кемал, Күлшара, Төлеген, Төлеу, Гүлнар, Гүлназым, Қалдыгүл есімді ұл-қыздарынан немере-шөбере сүйіп, қуаныш пен шаттыққа кенелді. Yлгілі отбасын ауылдастары ерекше құрметтеп, мақтанышпен ауызға алады.
– Жойқын соғыс өрті талайлардың жүрегіне өшпес жара салды. Әкем 1943 жылы майданға түсіп, елге қайтпай қаза тапты. Мұндай жағдай менің замандастарымның талайының басында бар. Ол күндер енді қайтып келмесін. Бүгінгі ұрпақ бейбітшіліктің шуағына бөленіп, бақытты өмір сүре берсін! – деді Отан үшін от кешкен соғыс ардагері ақ тілегін жеткізіп.
Иә, бекарыстанбилік Қабақ Смағұлов – Жеңіс күнін жақындатқан, қатары сиреп қалған майдангерлеріміздің бірі. Кейінгі толқын жастарға оң жол сілтейтін бір ауылдың ғана емес, өзі тұратын аймақтың ақылман қариясына денсаулығыңыз мықты, көңіліңіз хош болсын дейміз.
Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі