Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тау тұлғалы азамат

Тау тұлғалы азамат

Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жастар арасында шынайы патриотизмді дамыту, елдік мүддені қастерлеу мәселесіне маңызды мән берілгені белгілі. Осыған орай төмендегі әңгіме Ұлы Отан соғысының от-жалынын көзбен көріп, еңбек майданының майталманы атанған ардақты ардагер жайында болғалы отыр.
***
Бақытжанның кіндік қаны 1911 жылы Ақтөбе облысы, Қарабұтақ ауданындағы Тасөткел ауылында тамып, жарық дүние есігін ашты. Әр нәрсе өз тұсында десек те сол жылдардағы халықтың тұрмыс жағдайы өте төмен еді. Көппен бірге сан түрлі қиындықтарды бастан кешіре жүріп, оң-солын таныды. Ширақтығының, алдағы күндерге деген сенімінің арқасы шығар, қатарластарынан қалмай жетіжылдық білім алды. Ынталылығы мен табандылығынан танбай тағы да есепші мамандығын меңгеруге қол жеткізді.
Білімдінің алды – жарық. Көкірегі ояу, көзі ашықтығы албырт жасты алға жетеледі. Қызмет бабымен Қазалы жеріне ат басын тіреп, 1931-1936 жылдары аудандық сауда бөлімінде есепші, тексеруші, бас есепші болып істеді. Осы саладағы іскерлік қабілетімен көзге іліккен оны тиісті мекеме басшылары аудандық орталық базардың директорлығына жоғарылатты. Бойында жігер оты жалындаған жиырма бестегі жігіт өзіне жүктелген жауапты шаруаны дөңгелете атқарып, сенім үдесінен шыға білді.
Қоңыр күйлі күй кешіп, тіршілік көшін алға жалғаған күндерде жүректерді жабырқатып, көңілдерді үрей құшағына бөлеген суыт хабар жетті. Бейбіт жатқан елімізге неміс-фашист басқыншыларының баса-көктеп кіріп, тұтқиылдан шабуыл жасауы, жұртшылықтың еңсесін түсіріп, есеңгіретіп тастады. Қолына қару ұстауға жарайтын азаматтар кезегімен ел шебін қорғау жорығына аттанды.
Солардың қатарында бұл да 1942 жылдың жаз айында гвардиялық артиллерия полкінің №116 атқыштар дивизиясы құрамында жау жендеттерімен бетпе-бет келді. Бөлімше командирі болғандықтан үнемі алғы саптан табылып, қаруластарының бойындағы өрлік пен ерлікке тән қасиеттің өшпей, нығая түсуіне күш салды. Сталинград және Яссы қалаларын жаудан тазарту ұрыстары үстінде үш рет жараланып, госпитальда емделіп шықты. Сонда да Отан қорғау жолындағы бетінен қайтпады.
Сертіне берік қайсар жауынгер ажал өтінен тайсалмай Отан үшін от кешті. Қаруластарымен бірге аңсаған мақсатына жетіп, 1945 жылдың 9 мамырында Берлин қаласында Жеңіс тойын тойлады. Ол ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен қысталаң жылдарда батыл да ерлік қимылдарына сәйкес Ленинград әскери округінің командирі, Совет Одағының Маршалы Говоровтың қолынан грамота алып, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын кеудесіне тақты. Майдан төсінде жүріп, Коммунистік партия қатарына қабылданды. Оның жауынгерлік жолымен таныса отырып, Ленин орденді «Н» Минск гвардиялық бөлімшесінің батерея командирі Политренконың 1945 жылдың 15 қазанындағы «Алғыс хатына» көзіміз түсті. Онда:«Құрметті Б.Смағұлов! Сіз Ұлы Отан соғысының үлкен де қиын неміс басқыншыларымен шайқасында біздің жауынгерлік сапта болып, өз міндетіңізді адал атқардыңыз. Батылдығыңыз бен қырағылығыңыз медальмен бағаланып, жоғары басшылықтан алғыстар жарияланды. Отанға деген адал қызметіңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін» делінген.
Сұрапыл соғыстың от-жалынын бастан кешірген Бақытжан Смағұлов 1945 жылдың қараша айында Қазалыға қайтып оралды. Келісімен жазғытұрым жусаны мен қызғалдағы желкілдей өсіп, жаныңды рахатқа бөлейтін ақшағылды дархан дала төсіне тұрақты қоныс тепті. Қыр беткейіне жататын Шәкен аулында радист, байланыс бөлімшесінде операторлықты атқарды. Шалғайдағы дала еңбеккерлерінің жан-жақпен еркін байланысуларына мүмкіндік жасап, тиянақты қызметін көрсетті. Байланыс құралдарының тілін терең меңгеріп, кәсіби шеңберлігін шыңдауға күш-жігерін салды.
1964 жылы мыңғырта мал өргізген малшылар ауылынан байланыс бөлімшесі ашылып, оның меңгерушілігіне бекітілді. Бұл саланың бүге-шүгесіне көңілі қарақты азамат тұрғындардың талғамынан шықты. Олардың газет-журналдарын уақытылы жеткізіп, көзді ашып-жұмғанша алыстан хабар алғызатын телефон байланысын жақсы жолға қойып, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Аудандық, облыстық деңгейдегі басшылар тарапынан түрлі марапаттаулар иемденді.
Отбасында құдай қосқан қосағы Жұпар екеуі тату-тәтті түтін түтетіп, шаңырақтың береке-бірлігімен шаттығын берік сақтады. Тамара, Роза, Қуаныш, Баян, Нұрболат есімді алтын асықтай ұлдары мен күміс қасықтай қыздарына тәлімді тәрбиелерін берді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, қуанышқа кенелді. Ұлы Отан соғысы жылдарында ел азаттығы жолында алысқан, бейбіт заманда ауданымыздағы сауда, байланыс жүйесінің өркендеуіне лайықты үлесін қосқан абзал азамат 1987 жылдың сәуір айында өмірден өтті.
Жақсының аты өшпейді. Жүрген ортасында адамгершілік пен парасаттылық болмысынан айнымай, ел-жұртының ардақтысына айналған абзал жанды көз көргендердің бәрі әлі күнге ұмытпай еске алады. Солардың бірі Шәкен ауылдық округі ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жаңырбай Махамбетжанов:
– Мен мал шаруашылығында еңбек еткен уақыттары осындағы №2 қой фермасында зоотехник, бертін келе ферма басқарушысы болдым. Сондайда жұмыс бабында Бақытбек ағамен жиі қатысып, кездесіп тұрдық. Ол кісі Шәкен ауылының іргесінің нығаюына аянбай атсалысқан соғыс және еңбек ардагері. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, Бәкең ағамыздың ғибратты өмір жолы бүгінгі ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге, – деген жылы лебізін ақтарыла жеткізді.
Біз мұны бүкіл ауылдағы бір қауым елдің ыстық ықыласы мен ақ пейілі деп ұғындық.
Сахи ҚАПАР.
02 ақпан 2018 ж. 1 594 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 31

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930