Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетпіс алты жылдан кейінгі қуаныш

Жетпіс алты жылдан кейінгі қуаныш

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына жетпіс төрт жыл болғанына қарамастан оның жүрекке салған жарасы әлі күнге дейін жазылған емес. Отты күндерде бір отбасынан бірнеше адам майдан даласына аттанып, сол кезеңдегі ортақ Отанды жанкештілікпен қорғады. Өкініштісі сол, көрер жарығы мен дәмі таусылмай елге қайтқандарының да жылдан-жылға қатары сиреп барады…

Кешегі күні қан майданда от кешкен, кеуделерін оқ тескен, тірі қалғандары аман-есен туған елі мен жеріне оралып, қаза тапқандары сол жақта қалған. Майдан даласында мерт болғанымен қайда жерленгені белгісіз жандардың бірі, Бекарыстан би ауылындағы соғыс ардагері – Қабақ Смағұловтың әкесі Смағұл Жетесов. Сұм соғыстың аяқталғанына біршама уақыт өтсе де, оның бейіті қай жерде екені белгісіз болып келді. Тек жақында ғана Смағұлдың шөбересі Мұхтар Қабақ оны іздеп тауып, жерленген жерінен туған жерге бір уыс топырақ алып келді.

Бүгінде Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетінде оқитын Мұхтар Белорусь елінде іс-тәжірибеден өткенде бабасын іздеп тауып, оған құрмет көрсетті. Бұл туралы бізге оның әкесі, яғни Қабақ Смағұлдың ұлы Төлеу айтып берді.

– Атамыз бен әкеміз соғыс даласына 1943 жылы бірге аттанып кете барады. Екеуі Орынбор қаласына дейін бірге барып, сол жақтан жолдары екіге айырылған. Әкемнің майдандағы жүрген жолдары барлығыңызға белгілі. Ал атам Смағұл бірден қан майдандағы кескілескен ұрыстарға қатысқан. Жары Төлебике Төлегенова мен туған-туыстарына хат жазып тұрған. Соңғы жазған хатында жарақат алып, госпитальда жатқаны жайлы айтқан. Одан кейінгі өмірі бізге беймәлім. Тек белгілісі сұрапыл соғыстардың бірінде Белоруссияның Витебск облысында қаза тапқаны,– дейді Төлеу Қабақұлы.

Содан бері міне, бақандай 76 жыл өткен. Алайда, Қабақ атамыз өз әкесінің қайда жатқанын білмей келген. Балаларымен әңгіме арасында “көкемнің жатқан жерін тауып, басына барып қайтсам” деген арманын да бүкпесіз жеткізетін. Майдангердің бұл арманын немересі жүзеге асырды. Смағұл Жетесов Белорусь еліндегі Витебск облысында қаза тапқан. Нақтырақ айтсақ, көлемі үлкен облыстың Дубровна деген елді мекенінде бауырластар зиратында жерленген.

– Ұлым бауырластар зиратынан әкелген бір уыс топырақты атам Смағұлдың ауылдағы ескерткіш белгісінің басына ағайын-туыстарды шақырып, құран оқытып апарып қойдық. Осыдан біршама уақыт бұрын атам мен оның әкесі Жетеске арнап “Базар қожа” қорымының ар жағына өз алдына ескерткіш белгі орнатқанбыз. Себебі, Жетес атамыздың да жерленген жері белгісіз. Ол репрессияның кезінде жаламен атылып кеткен. Үлкендердің айтуынша, Алтай құмында жатыр екен. Осыдан кейін ғана әкем тыныштанғандай болды. Тек арасында “көкем-ай” деп көз жасына ерік беріп, жылап алады. Оған немерелері “ата жылап жатыр” деп түсінбестікпен қарайды, – дейді қуаныштан айрықша толқыған Төлеу аға.

Бүгінде Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлов өсіп-өнген әулеттің алып бәйтерегіне айналған. Майдангер зайыбы Күлшан Смағұловамен бірге 5 ұл, 5 қыздан көптеген немере-шөберемен қатар шөпшектің де қызығын көруде.

Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
09 мамыр 2019 ж. 1 600 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 65

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930