Ақшаға алынған “Алғыс”
Қазір білім беру саласында байқау көп. Бір-біріне айнымайтын сайыстардан көз сүрінеді. Интернет олимпиада дегенге қатыспаған бала жоқ шығар сірә. Шәкірттің түрлі байқауларда қатысып, білімін шыңдауына ешкімнің қарсылығы жоқ. Керісінше, баласы бәйгеге қосылса, үйдегі ата-ана мен мектептегі ұстаз тақымын қысып отырады. Оқушының айы оңынан туып, орын алса, мұғалімнің де мәртебесі биіктей түседі. Алайда саны бар, сапасы жоқ сайыстарға салып, баланың білімін сынау қаншалықты дұрыс? Кейбір «сатып» алынатын Алғыс хаттың алысқа апармайтынын аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов те өзінің фейзбуктегі жеке парақшасында жариялады.
– Соңғы уақытта ақылы түрде өтетін интелектуалды сайыстар мен халықаралық олимпиада айналасында дау көбейіп келеді. Оған себеп – ақша төлеп қатысатын жарыстардың жеңімпазының санында шек болмауы. Сондай-ақ оған қатысу білім алушылардың еркінен тыс үгіттелетіні де айтылып жүр. Ұстаздар мен оқушылар бағасы әділ берілмейтін сында бәсекелестікке түсіп, білім сапасын арттыра алмайтыны бесенеден белгілі. Оның үстіне мұндай да әлеуметтік жағдайға байланысты қаржыдан қысылып, ақылы сайысқа қатыса алмай жүрген көптеген зияткер оқушыларды білгірлер додасынан ысырып тастайды.
Құрметті ұстаздар! Бұдан былай педагогтарды аттестаттау кезінде бекітілген тізімге енгізілмеген, жеке ұйымдар өткізетін мектеп оқушылары мен мұғалімдері арасындағы ақылы олимпиадалар мен конкурстар есепке алынбайды. Сонымен қатар, білім ұйымдарының қабырғасында, сабақ уақытында ақылы шаралар ұйымдастыруға қатаң тыйым салынатынын естеріңізге саламын. Ата-аналар мұндай сайыстарға қатысу оқушыларға міндеттелмейтінін, білім деңгейі онымен өлшенбейтінін біліп жүргені абзал, – деп дабыл қақты бөлім басшысы.
Шынында да екінің бірі бірінші орын жеңіп алатын байқаулардың жолын неге байламасқа? Кішкентайларды жастайынан көзбояушылыққа баулудың керегі қанша? Ақша төлесе, жеңімпаз атанатынын тіпті оларда біледі. Бірде жолай сабақтан қайтып келе жатқан екі баланың әңгімесіне куә болдым.
– Сенің неше Алғыс хатың бар? Менікі отыздан асады, – деп қараторысы жанындағы жолдасына мұрнын шүйіре қарады. Екіншісі де есесін жібермеді.
– Менікі одан да көп, санап келемін. Айтпақшы мен кеше тағы бір байқаудан орын алдым апай айтты. Ертең қағазға шығарып береді. Интернетпен келіп тұр екен, – деп нақтылай түсті.
Міне, осы балалардың Алғыс хаттарының ең азы бесеуі сатылып алынса, санасының уланғаны сөзсіз. Мейлі ұйымдастыратындар ұйымдастыра берсін, ұстаздар мен оқушылар ол байқаулардан бас тартса, болшағы ұзаққа бармасы анық.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА