Түлектер жарап тұр
2013-2014 жылғы түлектер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу бүгінгідей мамыражай өтпейтін. Қатарластарымыз бас қоса қалсақ, мектеп директорының кімді тестілеуге жібермегені туралы қызу әңгіме басталып кетеді. Білім ордасындағы сынақтан сүрінгендерді басшылық қорытынды тестке жібермеуге тырысатын. Өйткені нәтижеде шәкірттері сынақтан сүрінген мектеп абыройсыздыққа ұшырайды деген түсінік болды. Түптеп келгенде директор орнынан алынып, оңай құтылған күннің өзінде сөгіс берілетін. Бірақ бүгінгі күнге дейін тестілеу жүйесі түпкілікті өзгергенін көріп жүрміз. Енді ешкім баланың болашаққа жасаған қадамына кедергі келтіре алмайды. Тіпті талапкер ең төменгі ұпай жинаса да бұл жергілікті білім бөлімінің, мектептің әлсіздігі саналмайды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов осылай деп отыр. Бұл тиісті министрліктің қабылдаған көп дұрыс шешімінің бірі болғанына талас жоқ.
Өткен сейсенбі күні Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде Ұлттық бірыңғай тесттің ақылы негіздегі сынақ кезеңі басталғанын көпшілік жақсы біледі. Биыл үлкен өмірге қадам басуға ниетті жеті жүзге жуық оқушы мектеп бітіреді. Аталған тестке сынақ тапсыруға тәуекел етіп, базаға тіркелген 593 оқушының себепті сегізінен басқасының барлығы қатысты. Бірақ жылдағыдай бір немесе екі күнмен аяқталған жоқ. Әлемді орын алған эпидемиологиялық ахуалға байланысты байқау төрт күнге созылып, күніне 150 түлек білімін сынады. Соған байланысты санитарлық талаптар толығымен сақталғанын да айта кету керек. Мәселен алдын ала бекітілген әрбір аудитория саны он бестен аспайтын топқа арнап даярлаған. Оқушылар онда кірмес бұрын кварц шамы қосылып, бөлме залалсыздандырылды. Оның үстіне талапкерлердің барлығы медициналық бетперде мен қолғап киіп алған.
ҰБТ-ның әділ өтуі бақылаушылар тарапынан қадағаланды. Бұл тұста әрбір аудиторияға бекітілген кезекшілердің де еңбегін айта кету керек. Сынақ баланың болашағына әсер ететіндіктен ұялы телефон алып кіруге, көмек кітапшаларын пайдалануға барынша жол берілген жоқ. Ата-аналар да балаларын мектеп алдында жиналған сыныптастарына жеткізіп, үйлеріне қайтты. Өйткені оларға Youtube желісіндегі бейнетрансляциядан-ақ балаларын бақылайтын жағдай жасалған. Бұл адамдардың бір жерге шоғырлануының да алдын алды.
Төрт күнге созылған сынақ нәтижесі бойынша 73 талапкер 100-ден астам ұпай жинады. Аудан бойынша орташа ұпай жетпіске жуықтады. Бұл облыстағы ең үздік көрсеткіштің бірі саналады. Үздіктер тізімін Қармақшы ауданы бастап тұр. Былтыр пандемияның кесірінен оқушылар үйде оқуға мәжбүр болғанын ескерсек, бұл айтарлықтай жаман нәтиже емес.
Айта кетейік, байқау тестілеуіне белгіленген талапқа сай студенттер де қатысып, бағын сынады. Жауаптылар бұл жолғы ҰБТ сертификаттары жоғары оқу орнына тек ақылы негізде түсу үшін жарамды болып табылатынын жеткізді. Тіпті талапкер тесттен 140 ұпай жинаса да университеттерге ақылы негізде ғана оқи алады. Мұндай талап не себепті қойылғанын жақын арада аудандық білім бөлімінің басшысымен сұқбат барысында кеңірек талқылайтын боламыз. Ал жазда негізгі тестілеуден өтетін түлектерге дайындық үшін уақыт жеткілікті екенін еске саламыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ