Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Салдары салқын сотқарлық

Салдары салқын сотқарлық

Ел аман, жұрт тынышта жасөспірімдер желігуін қояр емес. Соңғы уақытта топ-топқа бөлініп, жаппай жанжалға жол беретін жастардың қатары артқандай. Денсаулығына нұқсан келіп, сынаққа түскендері қаншама? Ата-анасына сөз келтіріп, ел алдында еңсесін көтеріп жүре алмайтын хәлге жеткізетіндер де осындай бұзақылыққа бой алдырғандар. Ты­йылмай тұрған топтық төбелестің салдары неге соқтыратынын жасөспірімдер жете түсінбейтіндей.

Темір торға тоғытқан текетірес
«Менің ұлым ондайға бармайды. Ол адам түгіл жәндікке титтей зарар тигізбейді», – деп ана байғұс шырылдап отыр. Жаулығынан самай шашы қобырай көрінген әйелдің көз жасына тергеушінің де жүрегі селт етіп, іштей «бейне бақылау жазбасында ұлының болмауын» тілеп тұр. Шарасыз ананың жалынышты жанарына көзі түйіскенде өзін қоярға жер таппайды. Алайда заң ортақ. Қылмыс жасаған адам жазасын алуға тиіс.
Тергеушінің алдында егіліп отырған топтық төбелес кезінде көзге ерекше ілігіп қалған жасөспірімнің анасы. Бауыр еті баласының біреудің «басын жарып, көзін шығарды» дегенге сенер емес. Үйде қой аузынан шөп алмайтын момын ұлының, көшедегі қылығын қайран ана қайдан білсін?
Мектеп қабырғасынан кеше ғана түлеп ұшқан жасөспірім жазатайым шоқ басты. Жалындайтын жастық шағында қараңғы қапасқа қамалмақ. Бассыздық әрекеті өз өміріне балта шауып, тағдырын басқа арнаға бұрып әкетті. Қатарласын соққыға жығып, оң бүйірінен пышақ сұққаны соқырғада тайға таңба басқандай бейнебақылау камерасынан көрініп тұр. Ананың көз жасы да, жеткіншектің «жаздым, жаңылдым» деген жан айқайы да жазадан құтқыра алмады. Жеті жылды жүк қылып, темір торға тоғытылды. Бұл бір ғана оқиға. Елімізде жыл ішінде бұндайдың бірнешеуі орын алады. Қайғыдан қан жылаған ата-ана мен қапыда қаза болған бала. Бұзақылығы түбіне жеткен жеткіншек. Бұның барлығы топтық төбелестің нәтижесі. Не жетпейтінін қайдам бүгінде край-крайға бөлініп алып, бір-біріне қоқиланатын «қаһармандардың» қатары артқан. Тіпті мектеп жасындағыларда жаппай жанжалдан тыс қалмайды. «Тәрбие – тал бесіктен» дейміз-ау. Алайда, ешбір ата-ана «біреудің бетін бұз, қолын сындыр» деп тәрбиелемейтіні хақ. Қит етсе, сотқардың мектептегі мұғаліміне шүйлігетінді шығардық. Ұстаз байғұс үйіндегі бес баласынан бөлек, сынып жетекшілік ететін кемі жиырма бес шәкірттің жай-күйіне жауапты. Сабақ уақытынан тыс кезде «оқушым не істеп жүр? Қайда жүр?» деп көңілі алаңдайды. Ата-ана мен ұстаздың баланы жамандыққа баулымайтыны бесенеден белгілі. Сонда мәселе неде?
Тәртіпсіздікке тосқауыл тоқтамайды
Аудан бойынша жыл басталғанына көп бола қоймаса да, топ болып төбелескендер туралы көпшілік көріп, біліп отыр. Әлеуметтік желіде желдей ескен жаңалықтан жұрттың бәрі хабардар. Десе де жауапты орган қызметкерлерінен ақпар сұрағанды жөн көрдік.
– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр аудан көлемінде бес бұзақылық қылмыс орын алды. Ал биылғы жылдың үш айында бір дерек тіркелді. Бұл қылмыстық құқық бұзушылық бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың қаңтар айының 1 күні орын алған «Бақдәулет» кафесінің маңындағы топтық төбелес қазіргі уақытта қасақана дене жарақатын салу бабына қайта дәрежеленді. Ал жуырда ғана әлеуметтік желіге жарияланған Қазалы қаласындағы жас жеткіншектер арасындағы құқық бұзушылық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне енгізіліп, қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс өндірістен қысқартылып, төрт жасөспірімнің ата-анасына әкімшілік құқық бұзушылық хаттамалар рәсімделіп, тиісті шара көру үшін аудандық сотқа жолданды, – дейді аудандық Полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Ғалымжан Аманов.
Полиция бөліміндегілер де қарап отқан жоқ. Қайткенде тәртіпсіздікке тосқауыл боламыз деген тәртіп сақшылары осы жылдың наурыз айының 26-30 күндері аралығында облыс көлемінде «Демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіпті. ­Басты мақсаты – мектеп оқушыларының демалыс күндері, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын-алу. Осы орайда, аудандық прокуратура, жергілікті атқарушы органдары және білім бөлімінің қызметкерлерінің қатысуымен аудан көлемінде біріккен рейдтер жүргізілген. Олар кент орталығындағы компьютерлік клубтар, ойын-сауық орталығы, дүкендер, орталық алаң және тағы да басқа көңіл-көтеру орындарында болып, тәртіпсіздікке тосқауылдың тоқтамайтынын түсіндірген.
Балалар мен жасөспірімдердің қауіп­сіздігін қамтамасыз етуде түнгі беймезгіл уақыттары көшеде жүрмеуін қадағалауды ата-аналардың назарына салған сақшылар бала тәрбиесінде әке мен ананың рөлі зор екендігін айтады.

Тентекті тәрбие түзейді
Мектеп оқушыларын былай қойғанда тепсе темір үзетін жігіттер күш-жігерін жұмсайтын жер таппай «мәселе» шешуге шебер. Пәленшеге түгенше тиісіпті деп қолына іліккен темір-терсекті, тас пен таяқты ұстап, аттандауды әдетке айналдырып алған. Жастардың жүгенсіз жолды таңдауының төркінін таразылып көрдік. Мәселен, соңғы уақытта топтық төбелес жиілеп кеткен Қазалы қаласының жасөспірімдерін сөзге тарттық.
– Барлық мәселе төбелеспен шешілмейді. Сөйлесу арқылы орнына қойып тастайтын кездер болады, – деген Мұрат есімді жігіт. Оның сөзін айна қатесіз жаздық. Жаргон сөздерді жиі қолданатын ол: «Крайдың қай жері қате. Кірмейтін адамды ешкім қинамайды. Ал кірдің ба жауапкершілікті сезінуің керек», – деп желігіп тұр. Тұрпатына қарасаң әжептеуір азамат, тек ойлау қабілеті өзгеше. Төбелеске кет әрі еместігі көрініп-ақ тұр. Осындай оң-солын енді ғана танып келе жатқан жастардың жақсы жолға түсуіне, бос уақытын сапалы өткізуіне, қоғамдық іске белсене араласуына себепкер болады деген ниетпен жер-жерде жастар ресурстық орталығының ашылғаны әмбеге аян. Қалада да жастардың жетекшісі бар. Орталық ашып, жұмыс істеймін деп жоспар құрды. Сол жоспардың жүзеге қайсысы асты, қайсысы енді іске асырылмақ Нұрбек Ақпанбетов:
– Қала жастарының бос уақытын тиімді өткізу үшін 5 жобаны қолға алдық. Олар «Кешкі әуен» жобасы, «Жас Сарбаз» патриоттық жасағы, «Түнгі кино», «Қазалы волонтерлары», «Бейресми білім беру» орталығы. Жастар орталығы құрылған уақыттан бері үлкен форматта облыстық марафон, белгілі тренерлерді шақырып бейресми оқулар, аудандық «Жайдарман» өткіздік. Кешкілік жастардың бос уақыттарын тиімді өткізу үшін апта сайын «Кешкі әуен», «Түнгі кино» жобалары тұрақты жүзеге асырылып келеді. 2021 жылы орталық алаңда өткен түнгі кино жобасына бір мезетте 400 жас жиналды.
Жастар арасындағы топтық төбелестің орын алуы күн жылыған уақытта көбейеді. Біз оны бақылап отырмыз және жергілікті учаскелік полициямен де тығыз байланыстамыз. Қазалы қаласы моно қала болғаннан кейін кешкілік жастардың баратын жері жоқ сондықтан олар көшеде жүреді. Аудан басшысының қолдауымен кешкілік уақытта мектептердің спорттық залдарын жастарға дене шынықтыру үшін алып бердік. Онда жастар тұрақты түрде кестеге сай спорт түрлерін ойнай алады, – деді.
Оның айтуынша атқарылған іс аз емес. Алдағы уақытта да жастарға жағдай жасалмақ. Қалада 2021 жылы 1014 жас болса, қазір 1801 жас тұрады. Нұрбек Ақпанбетов: «Төбелесті бастап жүргендердің дені – жасөспірімдер. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда төбелес азайып келеді. Бұл ертеден қалыптасқан көше дәстүрі, біз бұны бірден жоя алмаймыз, дегенмен уақыт өте келе артта қаларына сенеміз», – деген ойын ортаға салды.
Қазір Қазалы қаласындағы Жастар үйінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Көп ұзамай пайдалануға беріледі. Осы ретте «Біз жастарға барлық мүмкіндікті жасаймыз» деген Нұрбек Нысанбекұлының уәдесінен үміт көп.

Бәрін айт та, бірін айт, жасөспірімнің жырын айт
Бүгінгі жағдайымызда амалсыз осы тіркесті қолдануымызға тура келеді. Өйткені, тентекті түзеу тек бір адамның қолынан келмейді. Ол қоғам болып күресетін кесел екендігі даусыз. Бұл ретте мектеп психологтары: «Оқушылармен үнемі байланыстамыз. Олардың ой-өрісін, таным-түсінігін тура арнаға бұруды басты назарда ұстаймыз. Бұл біздің берік ұстанымыз», – деп қысқа қайырды. Бала тәрбиесіне жауапты әр адам өз миссиясын бұлжытпай орындап жүрсе, бұзықтың бағытын оң ету неге қолдан келмеуде. Әлде аға буын өкілдерінің азаматтық ақылы мен қолдауы жетпей жатыр ма? Біз көтерген бұл тақырыптың ауқымы да аясы да кең. Бәлкім жастардың арасындағы тек «қаймақтарымен» кездесулер өткізіп, көзге көрініп жүргендерін алға жетелей беруден бөлек тасада қалып, бірін-бірі таспен төпелеп жүргендердің тілін табу мәселенің түйінін тарқатар.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
02 сәуір 2022 ж. 258 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031