Есті салтты ескілікке баламайық
Ертеден қазақ қоғамында адам баласының дүниеге келуінен бастап, өмірден өткенге дейінгі аралықтың барлығында түрлі ғұрыптық рәсімдер жасалып, салт-дәстүрлер орындалады. Нәрестенiң дүниеге келуi – қай халықтың салтында болмасын үлкен шаттық, зор қуаныш. Халқымыз өмір жалғастығы, ұрпағы санаған баласының өміріндегі ең маңызды кезеңдерді ырымдап, ескерусіз қалдырмаған. Осындай ұлттық ерекшелігімізді танытып, өзгелерден даралайтын салт-дәстүрдің көбі қазір ұмыт бола бастаған.
Бала кеудесін көтеріп, қадамдай бастаған шағында қазақ жұрты өткізетін – «құйрық ботқа» немесе «ботқа құйрық» бала құйрығын басып отырған кезде жасалады. Мұндайда үлкендер жағы күріштен не тарыдан ботқа пісіріп, табаққа салып, оның үстіне таза ақ шүберек жауып, оған кішкентайды отырғызған болады да, қайта көтеріп алады. Бұл баланың ширап, өз денесін ұстай алуына ықпалдасады деген сенімнен туған.
Сәби бауырын көтерiп, еңбектей бастағанда жүзеге асатын «бауыр аяқ» жоралғысының да соңғы жылдары атын бiлiп жүрмiз.
«Бауырынан табақ алу» немесе «бауыр аяқты» өткізуде көрші-көлем, туған-туысқан әйелдер жиналады, оларға шай, ет беріледі, жыртыс таратады.
Әдетте жаңа босанған әйелдерге: «Аман-есен бауыр-аяғыңды жинадың ба?» деп сұрап жатады. Бұл өз-өзіңе келіп, денеңді көтеріп жүре алатын жағдайға жеткендігін білдіреді. Жас босанған келіншек те туылған шақалақ сынды сүйектерінің барлығы бос болады. Қатайып, бастапқы қалпына келуі үшін біраз уақыт кетеді. «Бауыр аяқ» та әлжуаз, өз денесін көтере алмайтын баланың денесін қалыптастырып, көтере алатын, ұстай алатын күйге жеткендігінен хабардар беретін жақсы дәстүрдің бірі.
Қазір балалар арасында уақытында буындары бекіп, сүйегі қатпаған жағдайлар жиі ұшырасады. «Қазақ ырым етпейді. Ырым қырын кетпейді» дегендей, осындайда бабадан жеткен «құйрық ботқа» мен «бауыр аяқты» жасау артықшылық етпейді.
«Батамен ел көгереді» дегендей бұл жоралғыларды жасауға жиналған жақындардың барлығы перзент пен ата-анасына жақсы тілек, шын ниеттерін білдіріп жатады.
Есті салтты ескілікке баламай, халқымыздың ұлттық құндылықтарын ұлықтау рухани жаңғыруға оң септігін тигізеді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА