Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Топтық төбелес тоқтасын десек...

Топтық төбелес тоқтасын десек...

Осыдан 5-6 жыл бұрын қай “районға” барсаңыз да қуыс көшелерде жиналып, соғысарға жау таппай тұрған жігіттер көптеп кездесетін. “Мына бұқаның мүйізін сындырайық” деген әңгіменің жауынгер жігіттер ұранына айналған кезі… Өйткені маргиналдың таза оригинал жастарының дәуірі еді. Еріккен жеткіншектер жастық жалынын, жасына сай менмен күшін ішімдікке сылқия тойып, төбелесумен шығаратын. Тәтті естеліктей көрінетін осы әрекеттердің салдарынан талай жігіттің мұрны сынып, жансақтау бөлімінен жансыз денесі шыққандар да болды. Қазіргі күні де топтық төбелес, жабылып ұрып кету ісі саябырлаған жоқ. Мәселе жақында аудан әкімдігінде көтерілді.
Расында, үш ай қыста кәмелетке толмағандар арасында топтық төбелес көбейіп кетті. Қашыққа бармай-ақ қаңтар айында топтық төбелес салдарынан екі адам пышаққа түсіп қалғанын айтсақ болады. Жиында аудан прокурорының орынбасары Дінмұхаммед Ұлпабеков жаңа жыл түнінде «Бақдаулет» ресто-барының алдындағы қақтығысқа тоқталып, өлім ауызынан қалған жасөспірімдер жайлы айтқан еді.
– Бұл оқиғаның бейнежазбасы БАҚ және әлеуметтік желілерде жарияланып, халықтың наразылығын тудырды. Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының жұмысына тұрғындарда теріс пікір қалыптасты. Оның өзіндік себебі бар. Ең қынжылтатыны – бейнежазбада оқиға орнына келген полиция қызметкерлерінің төбелеске араша түсуге, бұзақыларды ұстап, шара көруге жедел әрекет жасамай, қарап тұрғаны. Оның үстіне бұл оқиға туралы уақытылы прокуратураға хабарланбай, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалсын деген ұстаным болған. Салдары бәрімізге оңай болған жоқ.
Бұдан бөлек қаңтар айында тал түсте Әйтеке би кентінің «Жеңіс» саябағында колледждің студенті бірнеше адамға пышақ жарақатын салды. Осы жағдайлардан кейін білім бөлімі мен білім беру мекемелері балалар тәрбиесіне бейжай қарап отырған жоқ па деген заңды сұрақ туындайды. Оқушылардың оқудан тыс жүріс-тұрысына тиісті бақылау жасалмағанымен қоймай, бос уақыттарында спортпен шұғылданғысы келетін балаларды қарапайым мектептің спортзалына кіргізбейтін фактілер де кездеседі, – деді прокуратура өкілі.
Дінмұхаммед Нағыметбайұлы мектеп директорларының «залды бүлдіресіңдер» деп, бұқаралық спортты дамытуға кедергі келтіретін басшыларды да сынады. Мемлекеттен бөлінген қаражатқа бой көтерген спортзалдар «кім үшін?», «не үшін?» қызмет ететінін жете ұғыну керегін ескертті.
Әйтеке би кентінде жасанды жасыл алаңдар кезек-кезегімен салынып жатқан уақыт естен шыққан жоқ. Көп ұзамай көшеде кездесіп қалса жаға жыртыспай кетіспейтін күштілердің бір команда сапында жайдары ойын көрсетіп жүргенінің куәсі болдық. Жаулас жігіттер бір-бірін қырғынға емес, ойынға шақырғанын көріп, таңданғанымыз рас. Ұға білген адам мұның қарапайым жасыл алаңның топтық төбелес пен қылмыстың алдын алуға, профилактикалық шараның іске асуына қалай септескенін бірден түсінеді.
Жасөспірімдердің салауатты өмірге деген құлшынысын демеп, сабақтан тыс кезде спортпен айналысуға оңтайлы жағдай жасалса, тәртіпке бас иген дені сау ұрпақ тәрбиелеуге әбден болады. Бұдан бөлек адами қасиеттерді білім ордаларында тереңінен ұғындыру да керек. Бұл ұсынысты аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов қызу қолдап, топтық төбелестің алдын алуға бағытталған шараларға әрқашан қолдауға ниетті екенін жасырмады. Ендігі уақытта аудан жастары Қазалыда кез келген мектептің спортзалын салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында пайдаланса құп.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
22 ақпан 2022 ж. 1 424 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031