Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырқаттар сенім артқан қор

Сырқаттар сенім артқан қор

Кейде жер бетінде қазақ халқындай қамқор, бауырмал жұрт жоқтай көрінетіні бар. Неге десеңіз, бағзы заманнан жесірі мен жетімін жылатпай, байы кедейіне қарасқан ұлттың бүгін де қиналғанға бейжай қарамайтыны қуантады. Расын айту керек, осы уақытқа дейін қазақ халқы сырқат, ашқұрсақ, баспанасыз адамдарды қолдау орталығының рөлін сомдап келді. Бір екпесі миллиондаған теңге тұратын мыңдаған науқасты аяққа тұрғызып, көп баласымен көшеде қалған қаншама жалғызбастыға баспана сыйлады. Десек те, тағдыр тәлкегіне түскеннің бәрі жұрт назарына іліге бермейтіні өкінішті еді. Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен қаржы мүмкіндігі кең «Қазақстан халқына» қоры жұмысын бастағаннан кейін үмітсіз жүрген талай қандастың өмірге деген құлшынысы артқаны айдан анық. Жұмысын бастамай жатып басы дауға іліккен қайырымдылық қоры бірнеше айдың ішінде не бітірді? Сараптап көрелік.
Қор қызметкерлерінің «айлығы»
Дау дегеннен шығады, қор ашылған бойда елге белгілі тұлғалар қомақты қаржысын аударып жатқанда, қаймана халық көмектің тезірек мұқтаж жандарға жіберілгенін күтіп отырды. Алайда бұдан бұрын «Қазақстан халқына» қызметкерлерінің орташа есеппен 600 мыңға жуық жалақы алатыны туралы ақпарат тарады. Бұл, әрине, мақсаты баюды емес, науқас жанына жәрдем беруді көздейтін қорға жұрттың наразылығын тудырды. Көп уақыт өтпей қор төрағасы Болат Жәмішев қызметкерлер ешкімге тәуелді болмауы үшін жалақы жиналған қаржыдан алынатынын айтты.
– Қорда жиналған қаражаттың бір бөлігі қызметкерлердің жалақысын төлеуге жұмсалады. Біз демеушілердің жалақымызды төлеп беруіне қарсымыз. Тәуелсіз болу үшін қордың өзі еңбекақы төлеуі керек.
Қамқоршылық кеңес қоғамдық негізде жұмыс істейді. Сондықтан бұл мәселе тіпті талқыланбайды. Қордың атқарушы органы ғана жалақы алады. Мен тегін жұмыс істеймін, – деді төраға.
«Қазақстан халқына» жұмысын бастағалы бері 400-ден астам түйіндеме келіп түскен. Оның тек 24-і ғана жұмысқа қабылданған. Қор төрағасы қайырымдылық ісіне жоғары білімді, іріктеуден өткен өз ісінің мамандары тартылғандықтан жалақылары лайықты болуы керек деп санайды.
Айта кету керек, қор құрылған уақыттан бастап, ақпан айының ортасына дейін 70 мыңнан астам қайырымды азамат 120 миллиард теңгеден астам қаржы аударған.
Меценат болу бұйрық па?
Соңғы кездері елге белгілі саясаткерлер мен олигархтардың мемлекет қаржысын жымқыру, сыбайлас жемқорлық желеуімен ұсталып жатыр. Қор құрылған тұста миллиондаған қаржыны бір-ақ аударған меценаттар жайында көпшілік пікірі екіге бөлінген еді. Бірі мұны осы кезге дейін мемлекеттің қолдауымен байыған азаматтардың мәрттігіне баласа, келесі топ бәзбіреулер заңсыз жиған байлығынан айрылып қалмау үшін жасап жатыр деп топшылады. Көп ұзамай қор төрағасы қорға ақша аударуды дөкейлерге салынған «салықпен» шатастыруға болмайтынын айтты.
– Мен кейбір ақпарат көздерінен жұрттың мұны кәсіпке қосымша салық ретінде қабылдайтынын көрдім. Бұл салық емес, кәсіпорындардың ерікті аударымдары екенін ескерткім келеді. Қазіргі таңда негізінен ірі бизнес кәсіпорындары мен осы кәсіпорындардың акционерлері қомақты қаржы аударып жатыр. Салық заңнамасына сәйкес, қаражат қайырымдылыққа жіберілсе, табыстың 3 процентіне дейін салық шегерімдері қарастырылған. Сон­дықтан аударым жеңілдіктер аясында жүзеге асады деп ойлаймын. Сондықтан бұл трансферттер бағаның өсуіне ешқандай әсер етпейді», – деп түсіндірді Болат Жәмішев.
«Несиені қалай алдың, солай жап...»
Жақында Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Facebook желісіндегі парақшасында «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішевпен тікелей эфир жүргізді. Видеоның басында Жәмішев қазақстандықтардың өтініштерінің барлығы электронды портал арқылы қабылданатынын айтты. Соңғы мәліметтер бойынша қорға 35 930 өтініш түсіп, оның 35 148-і қаралған. Бір қызығы, көбінесе адамдар баспана алуға және несие төлеуге өтініш жасайтын көрінеді. Бұған байланысты қор төрағасы: «Құрметті азаматтар, қалай несие алдыңдар, солай қайтарыңдар. Басқа жауап болмайды», – деген еді.
Сондай-ақ ол «Қазақстан халқына» баспана алумен айналыспағанын және айналыспайтынын да атап өтті. Сәйкесінше, біз қордың ресми сайтына сүйеніп, қайырымдылық нақты қандай азаматтарға жасалатынын білдік. Ең алдымен ауыр, сирек кездесетін ауруларға душар болған бүлдіршіндердің мәселесі шешілуі тиіс. Мұнымен бірге, қиын өмірлік жағдайдағы, жетім балалар кедейлік шегінен төмен отбасылар, сирек кездесетін аурулары бар ересектер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен талантты балалар өтініш тастаса болады. Бұдан бөлек төтенше жағдай нәтижесінде зардап шеккендер мен Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде қаза тапқандардың жақын туыстарына қор көмек қолын созуға дайын. Мұндай санаттағы адамдардың лайықты немесе өтінішті кері қайтаруды тәуелсіз сарапшылар қауымдастығы бірлесіп қабылдайды. Қордың сайтында халықтың келесі санаттарының нақты мәселелерін шешуде айтарлықтай тәжірибесі бар кез келген ерікті Қордың сарапшысы атануына болатыны жазылған.
Тағдыры қиын төрт бала
Әлеуметтік желіде сырқат балалардың суретінен көз сүрінуі қоғамда қалыпты жағдайға айналып үлгерді. Небір сұмдық диагнозы бар бүлдіршіндердің жағдайына бейжай қарау мүмкін емес. Жақында «Қазақстан халқына» қоры алғаш рет көмек көрсетіп, тағдыр тәлкегіне түскен төрт балақайдың дәрісіне 3,7 миллиард теңге бөлді.
Қордың ресми сайтында: «Омыртқа бұлшықетінің атрофиясына шалдыққан 4 балаға Қазақстанда тіркелмеген Onasemnogene Abeparvovec (ZOLGENSMA) препаратын сатып алу үшін жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені қор төледі. Науқастар ауруханаға жатқызылды, әр науқас үшін жеке дәрілік затты өндіру үшін барлық науқастан биоматериал алынды. Бірінші балаға препарат 26 наурызда енгізілді, қалғандарын 8 сәуірге дейін енгізу жоспарлануда, – делінген.
Қордың көмекке мұқтаж жандардың өтінішін қалай жүзеге асыратыны да жасырын емес. Бұл үшін atamekenim.kz сайтына кіріп, тіркелу қажет. Сондағы өтінішке сай Үкіметтік емес ұйымдар енгізілген мәліметтерді қолда бар деректер базасын пайдалана отырып тексереді және қажет болған жағдайда қосымша құжаттар сұрайды.
Жиналған құжаттар пакетін өті­нім­дерді қарау бөліміне жолдап, қаржы­ландыру ауқымы анықталғаннан кейін өтінім сараптама комиссиясының қарауына беріледі. Өтінімді қаржыландыру туралы түпкілікті шешімді Қор Басқармасы қабылдайды. Егер ол Қордың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмесе, өтінім қабылданбауы мүмкін. Мақұлданған жағдайда өтінім қаржыландырылады. Ең алдымен, қор бұл көмекті ең қажет ететіндерге: еліміздің ең әлсіз және қорғансыз азаматтарына көмектеседі.
Қор көмектің басымдығы кімнің бірінші өтініш бергеніне байланысты болмайтынын атап өтті. Сарапшылар әрбір жеке істің алдымен өзектілігі мен ауырлығын талқыға салады. Әзірге қор қазақстандықтардың барлық мәселелерін физикалық тұрғыдан бірден шеше алмайтыны, сондықтан ең өзекті мәселелерге ден қойып отырғанын мәлімдеді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
05 сәуір 2022 ж. 280 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031