Қиын сәтте құрылған қор
Қазіргі күні әлеуметтік желіде түрлі диагнозбен ауыратын науқастардың еміне қаржы жинаушылар көптеп кетті. Әсіресе кішкентай нәрестелердің ісігі мен кемтар жерін суретке түсіріп, садаға сұрайтындардан көз сүрінеді. Бірер жыл бұрын басталған мұндай үрдіске жұрт еріккеннен барып жүрмегені түсінікті. Сол сияқты жалғызбасты аналар мен әкелерге, тұлжетім балақайларға үй сатып алып беріп жүрген елге танымал жанашыр азаматтар бар. Бұлардың алды ретінде «dauletten», «Қарекет», «Айдың нұры» қайырымдылық қорларын айтуға болады. Жалпы жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпайтын қазақ жұрты осындай қорлардың барлық бастамсына қолдау білдіріп, керекті қаржыны жинап беріп отыр. Мемлекет басшысы енді бұл іспен билік басындағылар мен бай-бағландар айналысатын кездің жеткенін хабарлағанда дертке шалдыққан балалар мен үйсіз жүрген көпбалалы аналардың кеудесінде үміт оты қылаң берген болар.
Қордың қамқоршылық кеңесі «Қазақстан халқына» бір ауыздан ҚӘҚ төрағасы қызметіне Болат Жәмішевтің кандидатурасы ұсынылып, қолдады. Президент пәрмені деген осы болар, қазірдің өзінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 12 миллиардан астам қаражат түскен. Қор өкілі «Kaspi Bank және оның құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе 10 миллиард теңге көлемінде қомақты үлес қосқанын хабарлады. Сондай-ақ, «Халық» қайырымдылық қорынан екі миллиард теңге аударылған. Степногор тау-кен-химия комбинаты да мұқтаж жандар үшін бірден 350 миллион теңге аударған.
«Қазақстан халқына» қоры сирек кездесетін және басқа да аурулары бар балаларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына, қаза тапқан әскери қызметшілердің, құқық қорғау, арнайы органдар қызметкерлерінің отбасыларына, басқа да қайырымдылық мақсаттарға қолдау көрсететіні айтылды. Осыдан кейін 6519 қазақстандық он миллионнан астам қаржы жинап тастаған. Жаңа премьер-министр бастаған Үкімет үйі мен Президент әкімшілігі, халық қалаулылары бір күндік жалақысын аударып үлгерді. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік, мәдениет және спорт салаларындағы нақты мәселелерді шешу жөніндегі бастамасын қолдаған қазақстандықтарға, ірі кәсіпорындарға, еңбек ұжымдарына алғыс білдірді. Бірақ кәсіпорындар мен мекеме қызметкерлерінің келісімінсіз, күштеп жалақысының бір бөлігін аудартуға жол берілмейтіні айтылды.
– Мемлекеттік қызметшілер немесе жеке компаниялар бір күндік жалақысын аударатын үрдіс байқалады. Жоба бұл мақсатқа арналмаған. Қор бір кездері салықтан жалтарып, ақшасын шетелге шығарып, енді азаматтық санасын көрсетуге дайын азаматтар үшін жұмыс істейді. Сондай-ақ, бай адамдар мен заңды кірісі бар компаниялар да аудара алады. Мүмкін, басқа да табыс көздері табылар. Аз ақша аударғысы келсе, тіпті қарапайым адамдар да жасай алатыны анық. Бірақ бір күндік жалақыны аудару үрдісін тоқтату керек, – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі, экономист Олжас Құдайбергенов.
Бұған дейін білім ошақтарында оқушылар мен мұғалімдерді қорға ақша аударуға мәжбүрлеу жайы әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Осы сәтте Білім министрлігінің баспасөз қызметі: «Мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, БҒМ-ге қарасты жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлері қорға ақша аударуға міндеттелмейді. Білім ұйымдарының басшылары хабардар", – деп жазды Facebook-тегі парақшасында.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ