Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр аулада алма ағашы өседі

Әр аулада алма ағашы өседі

Қазалы қаласындағы әр аулада алма ағашы өсетін болады. Жақын­да Қызылорда облыстық орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Корей елі өкілдері бірлесіп, қаланың тұрғындарына 1757 түп алма ағашы көшетін табыстады. Сонымен қатар, Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне тұрғылықты вагон, тіркемелі «Беларусь» тракторы мен «Уаз» көлігін тарту етті.
Ояз бағында ұйымдастырылған шарада Корей елінің өкілі, профессор Ким Ги Хен қазалылықтарға лебізін арнап, Сыр өңірінің жасыл желекке айналуына тілектес екендігін жеткізді.
«Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Оның ішінде Қазалы қаласында бірнеше ұлттың өкілі бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Халқыңыздың көңілі дархан, пейілі таза, құшағы кең. Тағдыр тәлкегімен корей ұлтының өкілдері Отанынан жер аударылып, Қазақстанға, оның ішінде Қазалы қаласына қоныс тепкен еді. Бүгінде олардың алпыстан аса ұрпағы тұрып жатыр екен. Біздің де қазақ еліне деген достық көңіліміз түзу. Осы өлкенің жасыл желекке оранып көркеюін, тұрғылықты жандардың денінің сау болғанын қалаймыз», – деді профессор Ким Ги Хен.
Қала тұрғындары өздеріне сыйлаған алма ағашы көшеттерін қуана-қуана алып жатты. Ал Қазалы қаласы әкімінің орынбасары Алмат Әбілхан, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министр­лігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының басшысы Мақсат Елемесов сөз сөйлеп, тұрғындарды қаланы көркейтіп, көгалдандыруға шақырды.
Айта кетсек, қаланың көркейіп, айналаның жасыл желекке орануына үнемі атсалысып отырған Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі – 1785579 гектар, мұның орман басқан алқабы – 888751 гектар. Мекеме 1968 жылдан мемлекеттік орман қоры жерін заңсыз бүлдіріп қиратуға жол бермеу, елді мекендерді көгалдандыру мақсатында екпе көшеттер өсіру және оларды аудан мен ауылдық округтердегі тұрғындарға тарату, орман қорындағы талдарды көбейту, күтіп-баптау бағытында жұмыс атқарады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
10 сәуір 2018 ж. 2 016 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930