Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Рахмет саған, Отаным

Рахмет саған, Отаным

Қазалы қаласында 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі күніне орай ұйымдастырылған «Рахмет саған, Отаным» атты мерекелік концерт қазақтың «Шашу» биімен басталды.
Елбасының Жарлығына сәйкес, 1 наурыз елімізде Алғыс айту күні деп жарияланды. Бұл күн этносаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін жалпыхалықтық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 23 жыл толып отыр. Бүгінде XX ғасырдың 30-40 жылдарында Қазақстанға жаппай жер аударған сан алуан этностардың өкілдеріне қайырымдылық танытып, бауырына басқан қазақ халқына және барлық этностардың бір-біріне деген алғысы шексіз.
Мерекелік кешке жиналғандарды құттықтаған аудан әкімі М.Ергешбаев:
«Елбасы таңдаңдауымен күнтізбеге енген бұл күннің бәріміз үшін маңызы зор. Қазақстан құтты қоныс, қасиетті мекен болған достықтың шаңырағына айналды. Тағдыр тәлкегімен елімізге қоныс аударған өзге ұлт өкілдері де алып шаңырақ астынан тұрақ тауып, бейбіт те берекелі тіршілік кешіп келеді. Аласапыран кезеңде айқара құшақ ашып, төрінен орын берген қазақ жұртына олардың құрметі бөлек.
Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Баршамыздың ортақ үйіміз – Қазақстан жерінде шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, ізгілікті істеріңіз толағай табыс пен ырысқа толғай», – деп тілегін жеткізді. Сонымен бірге, аудан әкімі бірқатар азаматтарға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р.Рүстемовтің және аудан әкімінің «Алғыс хатын» тапсырды. Марапатталғандар қатарында Қазалы қалалық мәдениет үйі және М.Горький атындағы №16 мектеп-лицей ұжымы да бар. Өзге ұлт өкілдері атынан Ирина Галиулина жүрекжарды лебізін арнады.
Кешті қазақ, неміс, орыс, өзбек, кәріс, әзербайжан ұлтының өкілдері ән шырқап, би билеп қыздырды. Шара кезінде көпшлік аудандық кітапхана ұжымы ұйымдастырған кітап көрмесін тамашалап, бірнеше ұлттың дастарханынын дәм татып, ұлттық тағамдарынан ауыз тиді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.

01 наурыз 2018 ж. 3 848 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031