Қарақұмның атақты Ақатайы
Ақатай Сейілбайұлы 1930 жылқы жылының көктемінде Қазалының үшінші ауылсоветіне қарасты Қарақұмның Шығанбайында дүниеге келген. Әкесі Сейілбай Қарасақалдың Сарыбасы. Кеңес үкіметі кезінде Колхозды алғашқы болып құрысқан «Ақөзек» колхозының белсенді мүшесі. Бар малын колхозға өткізіп, өзі қолына құрық алып, өмірінің соңына дейін жылқы баққан. Шешесі Бөлек Асан Жолбарысқызы Жібек өзіне көмекші болған.
Ақаң «Ақөзекте» 6-ақ класс бітіріп, ата кәсібі түсіне еніп, шопырлық оқуға бармай, оқуды тастап, әкесінің қасына көмекшілік етеді. Кейіннен жылқышы атанып, әуелі Қызыл ту, содан кейін Мұратбаев атындағы колхозда жылқы бағады. 1990 жылы зейнетке шыққанға дейін Жанқожа батыр атындағы совхозда жылқышы болып еңбек еткен. Сол кездерде Қарақұмдағы Көкиірім-Байғана, Аққұдық пен Қожақазғанды, кейіннен Шөлқұм, Жиеналы мен Ақиінді жаз жайлап, қыс қыстаған. Қай жерде еңбек етсе де абыройға ие болған. Бірнеше мәрте «Үздік жылқышы» атанып, облыстың, ауданның «Құрмет» грамотасымен марапатталған және «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атанған.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің жинаған 20-30 жылқы, 10-15 сиыр және 20 шақты түйесімен қожалығын құрып, Қарақұмның Ақиін, Жиеналы, Ескенқұдық атты жерлерін жайлау етті. 1998 жылы «Ақатай» атты шаруа қожалығын ашып, екі жанұяны жұмыспен қамтыды. Өткен ғасырдың аяғында жылқы санын 700-ге, сиырды 100-ге, түйені 120-ға жеткізді. Өнімдерін өткізіп, аудан экономикасына үлесін қосты.
Ақаң сырт көзге тұйық, біртоға, сөзге сараң нағыз еңбектің адамы еді. Алла берген 91 жас жасап, біреудің ала жібін аттамаған, басқаны сыртынан өсек, ғайбат айтып даттамаған, өтірікті жақтамаған, ауызын баққан, реті келсе бір-ақ ауыз сөзбен қарсыласының жынын қаққан, үндеместің мығымы еді. Қандай жағдай да әділетті болуға тырысқан. Ұрпағын да солай тәрбиелеген. Әділет демекші Кеңес үкіметі кезінде мал-жанды есепке алғанда, басқалар салықты аз төлеу үшін малдарын жасырса, Ақаң бүкіл малын есепке тіздіріп, салығын толық төлеп тұрған. Үкіметтің малына да өз малындай қараған. 100 бас биеден 60-70 тен құлын алып, жылқы басын көбейтуге мол үлес қосқан.
Реті келіп Ақаңмен әңгімелескенде Кеңес үкіметі кезіндегі еңбек адамдарына жасалған қамқорлықтың ерекше болғанын, барлық жағдайдың ең алдымен малшылар мен диханшыларға жасалатынын айтып еді. Орден мен медальдарды, Мәскеуге дейін көрмеге баруды, автокөліктер мен мотоциклдерді, азық-түліктер мен киім-кешектердің дефициттерін алдымен малшыларға берген. Автолавка, көшпелі кітапхана, газет-журналдар, тұрмыстық-әлеуметтік қызметтердің (шаш алдыру, көшпелі монша, медициналық қызмет, т.б.) барлық түрлері, ай сайын ірі-ірі артистердің көшпелі концерттері, ақын-жазушылармен кездесулер қысы-жазы графикпен алыс-жақындағы малшыларға көрсетіліп тұрған. Жайлы үй-жай салып беріп, свет тартылып, таза ауыз суды водовозбен, қажет отынмен қамтамасыз еткен. Балаларын интернатқа орналастырып, жоғарғы оқу орнына жеңілдіктермен түсіріп отырған. Аудан мекеме басшыларының рейтингісі міне осы қызметтерді қалай атқаруымен өлшенген. Уақытысында газет-журналдар жеткізілмесе, не бөтен қызмет түрлері графиктен ауытқыса, ондай мекеме басшылары бюрода қаралып, қызметінен қоштасуға дейін барған.
Еліміз тәуелсіз болғалы мал басы көбеймесе, азайған жоқ. Малшылардың еңбегі сол баяғы. Қыс қыстауда, жаз жайлауда. Елден жырақ жерде, бір немесе бірнеше үй болып отырады. Оларға үкімет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық жоқтың қасы. «Осы мәселе қашан жолға қойылады екен», – деп маған қараған. Ал мен болсам шарасыздықтан үндемей құтылдым. Ақаң малшылар жағдайына қатты алаңдайтынын білдірді. Ал мен болсам халық қамында жүргендердің құлағына «алтын сырға» дедім де қойдым.
Ақаң өзінің тоғыз белес ғұмырында үш рет тура келген ажалдан аман қалыпты. Бұл туралы мен алғашқыда, көп нәрсені жадына тоқыған, Ақаңның інісі, балаларына қамқорлық жасаған Мұқарап Табынбаетан естігенмін. Бұл қалай болған деп Ақаңнан сұрағанда, ол кісі әуелі айтқысы келмей, соңында аздап ашылды. 2012 жылы 82 жасында Есенқұдық деген жерде құдыққа салатын шлангіні жалғаймын деп жатқанда 14 метірлік шыңырау құдыққа басымен құлап түсіпті. Жиналғандар Ақаң өліп қалған екен деп улап-шулап жүрсе, Ақаң құдыққа тастаған арқанға өрмелеп, аман-есен шығып: «90-ға келгенше өлмеймін, шуламай жүріңдер», – деп оларға кейістік білдіріпті. Тағы бірде шаршап шөптің арасында ұйықтап қалса, шөп шабатын ДТ тракторы косилкамен үстіне келіп қалыпты. Құдай жар болып, тракторшы дер кезінде тракторын тоқтатып, тура келген ажалдан аман қалған. Үшінші рет «Ақсуаттағы» паромнан жылқы өткізіп жатқанда, бір жылқы паромның үстінде оқыс бұрылғанда Ақаңды паромнан қағып түсірген. Күздің соңғы айы, күн суық, су терең, иірім екен. Досы түйеші Ахмет көріп қалып, қолындағы ұзын құрығын ұстата салыпты. Құрықтан ұстап, осы жолы да аман қалған. Бұл да болса Ақаңның тегін жан емес екендігін, адалдығы мен имандылығының, дастарханды, қайырымдылығының әрқашан алдынан шығатынының дәлелі.
Ақаң әрқашанда қайырымдылықпен айналысып келді. Ауданда шайыр Қарасақал Ерімбетке қаладағы паркте монумент орнатып, ат шаптырып ас бергенде бас бәйгеге жеңіл автокөлік тіккен, Ғани Мұратбаевтың 110 жылдығында ту бие беріп, Жанқожа батыр, Ақтан батыр мен Бекарыстан билерге жасалған шараларға халық қатарлы қомақты үлес қосты.
Ақаңның жарты ғасыр бірге өмір сүрген жұбайы Кемалқызы Тұрсын 2003 жылы о дүниелік болып, өзі 2021 жылы бақилыққа аттанғанша үлкен ұлы Асанқараның қолында болды. Келіні Жеңіскүлге «телохранитель» деп ат берген. Осы келіні Ақаңның барлық жағдайын жасап, бағып-күтті. Қазіргі кезде Асанқара «Ақатай» шаруа қожалығын басқарады. Әкесінің жолын қуып, Қарақұмда төрт түлік малды өрбітіп, аудан экономикасына өз үлесін қосуда. Асанқарадан Ақкүміс, Мұратбек, Ақылбек және Ақжүніс. Мұратбегі мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, Астанадағы Евразия Ұлттық университетін бітірді. Екінші ұлы Үсенқара жұбайы Құралай екеуі аудандық ауруханада еңбек етеді. Олардың Сұлтанбек, Айгерім және Жанар атты ұл-қыздары бар. Ақаңның тұңғыш қызы Қантай Алматыда ұстаз, жолдасы Өскемен Оралдан. Марқұм Қаламқасы атақты математик мұғалім болған, ол кісінің құрметіне №249 мектеп-лицейдің музейінде арнайы мүйіш берілген. Жолдасы Ерболат та марқұм болған. Дәмелісі – Петропавлда кәсіпкер. Жолдасы Құдайберген сол жерден. Ұстаз Аманшасы жолдасы Нұрланмен Шымкенте. Еркесі жолдасы Шынболат екеуі Мұратбаев ауылында, ал кенжесі Айсұлу жолдасы Серікпенен Әйтеке би кентінде. Байқап отырғаныңыздай Ақаңның балалары Қазақстанның барлық өңірінде орналасқан, өрісі кең, құдай берген кісі еді. Балаларының бәрі дерлік озат оқыған, немерелерінің көбі Қызыл аттестат» мен «Қызыл дипломға» бітірген. Олардың жоғағы оқу орындарын жақсы бітірулеріне жағдай жасаған, себепкер болған Қазалы ГПТУ-ын бітірген КСРО Теміржол генералы Инаят Кемалұлының еңбегін айтып кеткен орынды.
Сол кездегі әңгімеміздің соңында «Екі дәуірде өмір сүрдіңіз, көп нәрсені көрдіңіз, кейінгі ұрпаққа не айтасыз», – дедім. Ақаң: «Қазіргі заманға ризамын. Еңбектенген адамға жақсы өмір сүруге болады. Елбасы бағдар беріп, үкімет барлық жағдайды жасап отыр, жер берді, малдан салық алмайды. Базар мен дүкенде жаныңа не керек, бәрі бар. Кешегі бастан өткен қиыншылықтарды тез ұмытып, ысырапшылдыққа бой алдыруда. Үлкендердің көбі жастарға дұрыс үлгі көрсете алмай жүр. Әйтпесе жастар өте алғыр, еңбекқор, иманды болып өсіп келеді. Балаларға артық білімнен гөрі дұрыс тәрбие керек. Еңбекке баулыған жөн. Үкімет тарапынан мал бағушыларға қамқорлық жоқтың қасы. Мал бағатын адам табу қиын. Бақташылар дайындайтын қысқа курстар ашылса екен. Өз тәжірибемізді үйретер едік. Құрығымыз бен таяғымызды сеніп тапсыратын жастар көбейсе деп тілеймін. Біздің мамыражай өміріміз елдегі бейбітшілік пен татулықтың арқасы», – деп ағынан жарылған еді. Мен, япырмай, үндемей жүрген Ақаңның ойында парасат пен саясат қалай бірдей сыйып жүрген деп іштей сүйсінген едім.
Міне осындай, оқымаса да тоқығаны мол, ауданның атақты жылқышысы, алғашқы кәсіпкерлердің бірі, адамгершілігімен, қайырымдылығымен, көпке үлгі бола білген Ақатай нағашым өткен жылы, 91 жасында, келмес сапарға кете барды. Артында ізгі істері мен тауып айтар сөздеріне сәйкес Қарақұмның атақты Ақатайы деген өшпестей аты мен ізін жалғар жақсы ұрпақтары қалды.
Сержанқожа БЕРДЕНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі