Баскетболшылар бақ сынасты

Спорттық шара басталмас бұрын аудандық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Қуанышбаев пен №216 мектеп директоры Зейнегүл Жүсіп сөз сөйлеп, Қанай Тоққожаұлының өмір жолы мен еткен еңбегінен сыр шертті. Сайысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеп, спорттық сайыстардың тәрбиелік маңызына тоқталды.
Бұдан соң кенттегі 8 мектептің намысын қорғауға жиылған командалар сайысты бастап кетті. Бірнеше сағатқа созылған ойынның нәтижесінде үздік ойын өрнегімен көзге түскен спортшыларға номинациялар берілді. Мәселен, №266 мектеп-лицейдің оқушысы Мақсат Өтелбай сайыстың “Үздік қорғаушысы” атанды. №216 мектептің шәкірті Жәнібек Серікұлы «Үздік үйлестіруші» ал №249 мектеп-лицей құрамасының ойыншысы Бабабек Әділбаев “Үздік ойыншы” бағамына лайық деп танылды. Сондай-ақ №234 мектеп оқушысы Ринат Өмірбек “Үздік шабуылшы, №216 мектеп командасының белсенді спортшысы Қыдыржан Айтқожа «Ең жас ойыншы» атанды.
Қанай Сәрсеновты еске алуға арналған спорттық сайыс қорытындысы бойынша Айнұр Сәндібаев баптаған №234 мектеп командасы жеңімпаз атанды. Екінші орын Жамбыл Құлназаров жаттықтырған жігіттерге, №216 мектеп баскетболшыларына бұйырды. Ал Мұратбек Бақбергеновтің №266 мектеп-лицейден жасақтаған командасы үздік үштікті қорытындылады. Сайыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталып, қатысушылар естелік суретке түсті.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ