Сөзге сенуге болмайтын заман
– Алло?!
– Кім бұл?
– Саламатсыз ба, апа! Нұрланның анасысыз ба?
– Иә, не болды?
– Жаңа ғана ұлыңыз есірткімен ұсталды. Полиция Бөлімінен хабарласып тұрмын. Ұлыңызбен сөйлесесіз бе? – деді әлгі дауыс. Шешенің арқасынан мұздай тер сырғып өтті. Сәл үнсіздіктен кейін телефоннан таныс дауыс естілді. Баласының дауысы.
– Мама, мен ғой Нұрлан. Қалтама наша салып жіберіпті біреу. Қазір «РОВД»-дамын. Бұлар мені "подставить" еткенін түсініп тұр. Жібереміз дейді, бірақ ақша, тез арада ақша керек.
– Не дейді?! Қанша, ойбай? – деді шешей, бір мезетте қомақты қаржыны кімнен сұрарын білмей.
– Бір миллион, – деді әлгі ұлы.
– Мен қалай аударатынын білмеймін ғой. Кім қайда? – деді жақын жерде келіні жүр ме деген оймен.
– Қазір күте тұр, түсінетін адамға телефонды берейін.
Осыдан кейін жаңа тамға қарай беттеді. Есігін жанұшыра қақты. Ар жағынан ормалын қисайта таққан келініне өксік үнмен болған жағдайды баяндай бастап еді: "Мама, Нұрлан үйде ұйықтап жатыр ғой, не айтып тұрсыз?!" – деді келіні. Осыны естігеннен кейін шешейдің көзінен қуаныштың жасы төгіле кетті.
– Шүкір, шүкір!
Есік алдындағы әңгімеден оянып кеткен Нұрлан телефон соққан кім екенін білмекке көне үйге қарай беттеді. Тұтқаны көтеріп, әдейі ақшаны қайда аудару керек екенін сұрап еді, жауаптан өз дауысын естіді. Сәлден кейін телефонды тастай салды. Бұл бірер күн бұрын ғана жақын туыстың үйінде орын алған жағдай.
Кеше ғана В.Путиннің Украина әскерінен жеңіліп, окуппацияланған жерді қайтаратыны туралы мәлімдеме-видеосы тарады. Мұны журналист Нұрбек Бекбау бөлісіп, фейк екенін хабарлаған. Оған дейін қанша адам сеніп қалғаны белгілі. Қазіргі күні дамуға септесіп отырған озық технология алаяқтыққа да қызмет етіп жатқанын ұмытпайықшы. Виртуалды сөзге сенуге болмайтын дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Мейлі ол видео, аудио болсын, бәрін программа арқылы өтірікті шындай, шынды Құдайдай етіп жасауға болады. Мұның зардабын тартып, алаяқтар алдап алған несиені төлеп жүргендер қаншама?!
Қазалыда да құқық қорғаушы органдар тұрғындарға бұл жайында үнемі ескертіп келеді. Қолдан келгенше күрес те жүргізіп жатыр. Алайда алаяқтың арбауына түсетін үлкендеріміз екенін баса айта кетейік. Сенгіш, жаңа технологиядан хабары аз әже-аталарымызға, әсіресе, ескертіп жүрейік. Алаяқтар да осындай балакөңіл, аңғал адамдарды тақырға отырғызуды оңай олжа көретіні бесенеден белгілі.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ