Мәссаған
Анамның «Балам, тұра ғой» деген сөзінен бөлек дыбысқа елеңдей бермейтін мен үшін, неге екенін білмеймін, бүгін ұйқыдан ерте ояну әдеттегідей қиын болған жоқ. Қарапайым жұмыс уақытының басталуына әлі екі сағаттай уақыт барын ұйқылы-ояу сезіп жатырмын. Өзімнің сондай қасиетім бар. Кеше жатарда жаңалықтар оқып жатып ұйқыға кеткенімде құлағымның түбінде қалып қойған телефоным «Алаш ұраны» әнін, кенет, бар дыбысымен шырқап қоя берді. Көзімді тырнап ашып тұтқаны көтердім:
– Алло?
– Алло, Танир, амансыз ба? Мен білім бөлімінен хабарласып тұрмын. Сізбен басшымыз сөйлескісі келеді. Бізге жолығып кете аласыз ба?
– Жақсы, барайын. Бірақ не жөнінде?
– Білмедім. Тез арада жетуіңіз керек, – деді де тұтқаны қоя салды. Таң шапағы байқалмайтын уақытта бұл не қылған шақырту деп бұлданып қоямын, күнде шақыртып жатқандай. Бір ойым, осыдан бірнеше ай бұрын жұмысқа түйіндеме тастап кетіп едім, мүмкін, соған шығар.
Содан не керек, жаяулатып отырып білім ордасына қарай жөнелдім. Кіре қалсам, ауданның бірінші педагогы ешкімді қабылдамай мені күтіп отыр екен. Жүзінен қуаныштың желі есіп тұр. Қал-жағдайын сұрауға мұрша бермей бірден әңгімеге көшті.
– Ал, Тәке, менің сізге тамаша жаңалығым бар. Бүгіннен қалмай газетке шығар, ел естісін...
– Ойбай, көке, не жазам?
– Тыңда, биыл біздің ауданның мектеп оқушыларының барлығы ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Біреуі қалмай... Кеше, ешкімді мектеп емтиханына қаласың деп қыстамай, түгел сынама тест алдық. Барлығы грант жеңіп алу үшін керекті балды қиындықсыз жинады. Қағаз бен қаламнан басқа зат кірген жоқ. Сенбейсің бе? Мында видеожазба бар. Түгел бақыладық. Қалай? – деді. Соңғы сұрағы әдемі мақтанышпан айтылды.
– Мәссәған! Осыдан бірер күн бұрынғы жиналыста ауданымыз грант көрсеткіші бойынша екінші орында дегенді естіген сияқты едім...
– Бұл дегенің республикада грант жөнінен бірінші орынға шығамыз деген сөз, балам! Міне, саған керекті құжаттар мен мәліметтер, бүгін жаз!
Біресе естігендеріме күмәнданып, енді біресе әншейінде, қаншама мәрте сұрап, шақ дегенде алатын мақалаға қажетті құжаттарға қолым бір мезетте жеткеніне таң қалып көшеге қарай шықтым.
Аудандағы ең ірі екі банктың біреуінен банкомат картасын аштыруым керек еді. Қашан көрсең кезектен көзің ашылмайтын банкке барарда алтын уақытымның біразының сарсылыспен өтетіні елестейтіні бар. Бұл бәрінің бойында бар қасиет шығар. Қалтамдағы тиынымды санап, жолдың оң жақ шетіне шыға бергенім сол еді маған керек маршрут санын арқалаған көлік алдымнан зу ете қалды. «Қап, енді есептеп шыққан уақытымнан тағы жарты сағат шегеруім керек болды. Келесісі келем дегенше... Жаңағы маршрут әдеттегіден үлкен әрі жаңа көрінеді ме қалай өзі? – дегенімше болмады, мен мінетін қоғамдық көліктің тағы біреуі келіп тоқтады. Оның үстіне, шынында жаңа әрі үлкен көлік екен. «Құдайым-ау өңім бе, мынау, түсім бе? Езілмеймін енді автобус ішінде» деп шабытым шауып кетті. Ол былай тұрсын, ішінде қазақтың зиялылары мен ақын-жазушыларының өнегелі сөздерін LED экраннан көрсетеді-міс. Рухани жаңғырған деп осыны айтса керек атам қазақ. Жағымның астыңғы бөлігі еркіме бағынбай тұрғанында банкке де жетіп қалыппын. Үлкен қаланың бағасымен бірдей жол ақысын төлеп жатқанымда ғана жағымды жиып алдым.
Содан не керек, банкке кіре беріп едім: «Жеке куәлігіңізді беріңізші», – деп мекеме қызметкері тұрып алды.
– Жо-жоқ, кредит емес, – деп қашқақтағаным сол еді:
– Сіз де қатырасыз, қазір кредитті кім алады дейсіз, – деп қоя салды.
– Қалжың қысып бара жатыр ма?
– Имандай шыным, – дейді беті «бүлк» етпей. Қолына куәлігімді ұстаттым. Ол барып тағы біреуіне берді. Бос отқанша, бірдеңе жазып отырайын деп ыңғайлы орын тауып жайғаса бергенім сол еді, жаңағы қыздың «картаңыз дайын» деген дауысы естілді. «Мыналарың мазақ қылуға көшкен бе?» деп орнымнан алып адамдай ауыр тұрдым. Жоқ, шынымен. Дайын. О, тоба! Сенейін бе, сенбейін бе?
Сыртқа шықтым. Әлем біртүрлі түсініксіз. Мынадай өзгерістерді қанша бейімделгіш болсам да көтеру мүмкін емес сияқты көрінеді. Телефонымның «үнін өшіру» баптауына қойғаным жаңа есіме түсті. Жаңа жыл болуына бір сағат қалғанда ұйықтап қалған бала сияқты шошынып кеттім. Хабарламаны ашсам, аудандық аурухананың басшысы шақыртыпты. Ал керек болса! Дереу сонда жеттім.
Байқап отырсам, бүгін мені барлығы күліп қарсы алған екен. Оның үстіне анау-мынау адамдар емес басшылар. Бұл кездейсоқтық емес, менің білуімше.
– Ассалаумағалейкум, кіруге болады ма?
– О, Танир Қайратұлы, келіңіз!
Айттым ғой, бұл көкем де мәз. Қасындағы кісі аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы болуы керек, қателеспесем.
– Қандай тапсырмаңыз бар, аға?
– Тапсырма дейді! Не айтатынымды білсең, осы кезде редакцияңа қарай ұшушы едің. Бұл дегенің ғасыр жаңалығы. Жайғасып ал, құлап қаларсың.
– Ол не қылған жаңалық? Шыдамды тауыспай айтыңыз енді, – деп қатқылдау сөйлеп қоям ішімнен.
– Отырмасаң обалың өзіңе. Біз, мына көкең екеуміз (ІІБ басшысы) жаңа препарат ойлап таптық. Ғылыми атауы «Антиқылмыс». Бірнеше жыл бойы қылмыскерлердің мінез-құлқы мен соған сәйкесінше іс-әрекеттерін зерттеп, саналы түрде қылмыс жасауға қарсы тұратын екпе жасап шығардық. Қойын дәптеріңе түртіп ал. Бұл препарат тек қазақ даласында өсетін емдік шөптен жасалады. Адамға бір данасын ексек, ғұмыр бойы жемқорлықтан бастап, кісі өлтіру сияқты ойды санаға мүлдем жолатпайды. Әрине, ол дәрінің өмірге келуі көп адамға ұнамауы мүмкін. Бірақ, біз бұл жаңалықпен бөліскенді жөн көрдік,– деп бір-ақ демін алды.
– Уау, – деген күйі төменгі жағым бағанағыдан бетер сылқ ете қалды. Жүрегімнің тұсы тызылдап қоя берді. – Қай... Қайда? Ол кереметті көруге бола ма?
– Әрине, жоқ. Болмайды. Мемлекеттік құпия! – деді сұқ саусағын жоғарыға бағыттап.
– Ал, енді уақыт жоғалтпа. Мақалаңа кіріс.
Бүгінгі естіген жаңалықтарды басым қорыта алмай мең-зең болып келемін. «Антиқылмыс» дей ме, құдай-ау? Телефоныма түртіп қояйын деп қолымды төс қалтама салдым. Таныс емес нөмір қоңырау соғыпты. Шамасы, манағы дызылдаған жүрегім емес телефонымның «выбрациясы» болуы керек. Әйтеуір тыныштық болса екен деген оймен қайта қоңырау соқтым:
– Алло, саламатсыз ба! Тыңдап тұрмын.
– Саламатсыз ба! Мен «Қазалы» газетінің тілшісімін. Аты-жөнім Танир Қайратұлы. Қоңырау шалған екенсіз...
– Ә, иә. Сізді аудан әкімі шақыртып жатыр. Тура 15 минуттан кейін сізді қабылдайды. Тез жетіңіз.
Менің жауабымды да күтпей, тұтқаны қоя салды.
– Аудан әкімі дейді, іс-шараларға қатысқанын күнде көріп, жазып жүрсем де ол кісімен бетпе-бет келіп көрмеппін. Қадамымды барынша алшақ бассам да, әкімшілік жеткізбей келе жатыр. Қалай жоспарлап барсам да 5-10 минут кешікпей бармайтын «қасиет» дейін бе, тағы бар.
– Аманбысың, тілші бала, қандайсың?
Білесің бе, бүгін өзі қандай күн? – деді әкім ағам. Қуаныштан да шабыт келетініне көзім енді жетіп жатқандай.
– Жаман емеспін, аға, рақмет.
– Таңертең жиналыс өткізген болатынмын. Саған хабар кеш жеткен сияқты. Сол себепті, сені арнайылап шақырдым. Бұқаралық ақпарат беттерінде осы жылдың жаңалықтарын тізіп, қорытындыласақ деп едім. Елбасының өзі еңбегімді елеп, қасына кеңесшілікке алғалы жатыр деп естідім, ұзын құлақтардан. Өзің білесің, Қазалы қаласы мен кент қосылып үлкен мегаполиске айналды. Қазір, Құдайға шүкір, миллионға жуық тұрғынымыз бар. Мына мәліметтерді ал, газет бетіне шығар.
Ал, керек болса! Мен қай ғасырда өмір сүріп жатырмын? Өткенде «Қазалы қаласын он жылдан кейін қалай елестетесіз?» деген сауалнама жүргізгенімде бір аға мегаполис боламыз деген еді. Сонда сеніңкіремеген едім? Қалай 1 миллион?– деп тілім бұратылып қалды.
– Ләппай, көке!
Жағым өз қызметінен жаңылған сияқты. Қайта қалпына келер түрі жоқ, сыртқа шықтым. Шыға бергенім сол еді, жер қатынастар бөлімінің басшысы бас салып, кабинетіне кіргізіп алды.
– Оу, аға, тыныштық па? Не болды?
– Сен сұрама, мен айтпайын.
– Аға, айтсаңызшы енді, құса қылмай.
– Жаңа ғана жер алуға кезекте тұрған тұрғындардың ең соңғысының құжаттарын рәсімдеп бердім. Кезекте тұрған бір адам жоқ, сенесің бе? Бұйрық орындалды. Жаңа жылдық қорытынды мақала қылып жазып бер газетке, міне, қара, – деп ол да құжаттарды қолыма берді.
Аяғымды әрең басып, есік алдына шықтым. Бірдеңе істемесем болмайды. Неге екенін өзім түсінбедім, қалың киімімнің бәрін шештім де жаңа жауған ақ қарға аунай кеттім.
Салқынға шыдамай ыңырсып жатыр екем. Анамның «Балам, тұра ғой» деген жылы сөзі құлағыма келді. Көзімді тырнап аштым да ұялы телефоныма қарадым. «Ұжымдастар» тобынан жаңа хабарлама келген екен. «Танир, 9:00 де аудан әкімдігінде жиналыс болады. Сен қатысасың. Шара алдағы ҰБТ жайында болады».
– Мәссаған!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ