Мүгедек жайын кім ұғар?
Нақты уақыты есімде жоқ, шамамен он, он бес жылдың айналасында әкемнің апасы қапыда жол апатына түсті. Көлікте болған үш адамның періштесі қағып, дін аман қалды. Ал туысымның бел омыртқасы зақымданып, осындағы аурухананың жансақтау бөлімінде ұзақ уақыт жатты. Құдайдың көзі түзу болып, жаны қалды. Алайда он бес жыл бойы мүгедек арбасына таңылып, жанын күзетумен келеді. Тек оның өмірге деген құлшынысы, төзімділігі келешектен үмітін үзбеуіне арқау болып тұрғанын жаным сезеді. Қалада өзі сияқты тағдыр тәлкегіне түскен жандарға өмір сүруге қолайлы орта қалыптасып келе жатқанын алға тартып, бала-шағасымен көшіп кеткен. Кейде қоңырау шалып, жағдай сұрасқанда өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың шешілмеген шерлі мәселелерін жиі ортаға салады. Өзінің де талай мәрте жаны көзіне көрініп, дәріге қаржы таппай қиналғаныны шарасыз көзіміз көрді. Сондайда қайғылы жағдайға тап болып, дәл осындай күйге түскен елде қанша азамат барын, оларға лайықты жағдай жасалмағанын ойға алып, ауыр күрсінесің.
Тауқымет толы тағдырлар
Кейде құзырлылардың осы қиындықты шешудегі жоспары осы күнгі жарымжан жандардың өмірінен де ұзаққа жоспарланған секілді көрінетіні бар. Науқас болып туған балалары, ересектер мен қариялардың қанша өмір қызығы қалды дейсің?! Алдымен тауқымет көргендердің жолындағы кедергіні алып тастауға күш салсақ, қалған жұмыстың неге жай басарын жұрт түсінеді. Күнделікті көшеде көз шала бермейтіні болмаса, Қазалыда ерекше күтімді қажет ететін 3218 адам бар екен. Оның 247-сі бірінші, 1200-ден астамы екінші, тағы 1300 адам үшінші топқа жатқызылған. Жеті жасқа жетпей жерден де, тағдырдан да таяқ жеген 124 балақай тіркелген. Бұдан бөлек түрлі ауыр сырқаты бар 342 жеткіншек 18-ге де толмаған. Қосып қарасақ, осындағы бірнеше ауылдың тұрғындарының санынан асып жығылады. Солай бола тұра, қоғамдық, ойын-сауық орталықтары мен көпшілік орындарда неге көріне бермейді? «Өмір сүруге қолайлы орта» деген түсініктің қаншалықты үйлестірілгеніне осы сұрақ арқылы жауап табуға болар еді.
Қамқорлық қайда десеңіз...
Мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жәрдемді де айту – парыз. Бүгінгі күні 3 мыңнан асатын мүгедектің жартысына ғана жеке оңалту бағдарламасы белгіленген. Бұл жағдайы мүшкіл жандар деп топшыладық. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі Өміртай Кетебайдың сөзіне сенсек, өткен жылы Қызылорда қаласының «Талсуат» елді мекенінде орналасқан мүгедектерге арналған оңалту орталығына жеке оңалту парағы бойынша жолдамамен 44 мүгедек емделуге жіберілген. Санаторий-курортқа емделуге әлеуметтік портал арқылы демалыс орнын өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбалары арқылы таңдап, тағы 84 мүмкіндігі шектеулі адам шипажайға барған. Сектор меңгерушісі биыл да біршама азаматтың емделіп, табиғаты тамаша аймақтарға жіберілетініне сендіріп отыр.
Көзі көрмеген адам білмеуі мүмкін, бір ғана мүмкіндігі шектеулі жанның керек-жарағын сатып алудың өзі асыраушының жалақысы салынған қалтаны босатып береді. Жақындары жағдайын жасай алса – абырой, тұтас бір әулеттің асыраушысы арбаға танылған отбасы қиындықты қалай еңсереді деп алаңдарыңыз анық. Олардың қажеттілігін өтеу үшін міндетті гигеналық және қосымша техникалық көмекші құрал жабдықтарға республикалық және аудандық бюджеттерден өткен жылы әжептәуір қаржы қаралған. Сол ақша 825 адамның гигиеналық құралдарын алып беруге жеткенін білдік. Бұдан бөлек 412 адамға тапсырыстарына сәйкес техникалық көмекші компенсаторлық құрал мен гигеналық керек-жарақ сатып алынып, аудандық пошта байланыс торабы арқылы үйлеріне жеткізіліп берілген. Сол сияқты 321 жанға протезді-ортопедиялық құрылғы, көру-есту қабілетінде ақау бар 165 адамға тифлотехникалық құрал берілген. Жүріп-тұруында қиындық бар жүзге жуық, сурдотехникалық құралдарға мұқтаж 40 адамға қамқорлық жасалғаны сектор меңгерушісі берген анықтамада анық көрсетіліпті. Жалпы статистикамен өрілген бұл қамқорлыққа мүмкіндігі шектеулі жандар көзқарасын білдік.
Қозғалыс: қолбайлау мен қолғабыс
Айтқандай, қызметті үйлестіруші бөлім мүгедек жандардың қозғалысына да қолғабыс жасауы тиіс. Мәселен өткен жылы «Инватакси» қызметіне қаржы облыстық қазынадан қаралған. Соған сай бөлім қызметкерлері үш инватакси көлігін тұрақты түрде қызметке қойып, 12 айдың ішінде 4 мыңға жуық тапсырыс қабылданғанын айтып отыр. Көпшілікке жақсы таныс «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтыру орталығына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 25 балаға қызмет көрсетілген.
Қызмет көрсету дегеннен шығады, мүмкіндігі шектеулі жандар көмекшіні қажет етіді. Бірақ әркімде шын жанашыр табыла бермейтіні ескеріліп, бірінші топтағы 168 мүгедекке толық жеке көмекші тағайындалған, қызметіне сай ақысы бөлінген. Бұдан бөлек ымдау тілі мен есту қабілетінен айырылған жандарға маман қызметі үйлестірілген. Дегенмен қозғалысқа қолбайлау болып жүрген қиындықтар да баршылық.
– Жергілікті әкімдік тарапынан көрсетілетін қызметке өкпеміз жоқ. Шама-шарқы келгенше қажетті заттарымызды алып береді, жетпегеніне қанағат етіп отырмыз. Инватакси қызметін де пайдаланып тұрамын. Тек мекемелер мен қоғамдық орындарда арбамен көтерілетін пандус мәселесі толық шешілмеген. Осындай жағдайда өмір сүріп жатқандықтан жиі сырқаттанып қаламыз. Сондайда дәріханаға өз күшімізбен кіре алмайтынымыз қиын. Сол сияқты ағайынның тойына барғымыз келсе, мейрамханаға, азық-түлік үшін дүкендерге қиындықсыз ену мүмкін емес.
Бұдан бөлек ауданда мүгедектер қоғамы бар. Төрағасы сексеннен асқан ақсақал. Қоғамдық ұйым болған соң жиындарда бас қосып, мәселемізді айтқымыз келеді. Жомарт жандар тарапынан берілген қолкөмектің қайда бағытталып жатқанын білгіміз келеді. Бірақ өкінішке орай, мұндай мүмкіндікке қол жетпей жүр. Бүгін мүмкіндігі шектеулі жандардың күйін күйттеп, жағдайын жақсартуға күш салатын жастардың бірін қоғамдастық төрағасына сайлаймыз. Аудан әкімдігіндегі қаржы бөлімінде болады деген хабар келді. Әйтпесе мүгедек жандар арасында өтетін спорттық сайыс, мерекелік кеш сияқты қоғамдық өмірге араласуға шақыратын жиындарға бармағалы қашан?! – дейді бірінші топтағы азамат Жаңабай Жаппарбергенов.
Қазақ қастерлі санайтын қасқырлардың кейбір қасиеті бойымызда бар. Бірақ қарлы боранда арланның қарды қақ айыра қадам басып, көшті бастауы, одан кейін сырқатқа шалдыққан, қартайған түз тағысын ерітіп, соңына қауіптен қорғайтын мықтыларын тізіп қоятын әділ қозғалысын санада қайта жаңғырту жетіспейтін секілді. Қайғы-қасіретке ұшыраған қандасын қайырымдылыққа үндеп, құтқарып қалып жүрген билік өкілдері де бар. Сондай азаматтар ең әуелі көмекке мұқтаж, сағы сынған мүгедектердің мүмкіншілігін кеңейтуге күш салса деген тілегімізді шындап сезінсе екен.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ