Мүгедек жігітпен бас қосқан 18 жастағы сұлу елдің жүрегін елжіретті (фото)
Қырғызстанда жаңадан шаңырақ көтерген Райхан Раманқұлова мен Әлинұр Жұматаев халықтың назарынан тыс қалмады. 18 жастағы сұлу қыз бен жол апатына ұшырап, мүгедектер арбасына таңылған жігіттің тойы жұрттың қызу талқысына түскен деп жазады turmush.kg сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Әлинұр 2016 жылы туған күнін Чычкан елдімекенінде тойлап, қайтар жолда жантүршігерлік апатқа ұшырайды.
"Ұзақ уақыт бойы жүре алмадым. Тіпті еңбектеу мен орнымнан қозғалудың өзі мұң болды. Алайда анам барлық қиындықтарға мойымай, маған қолдау көрсетуге тырысты. Анам күндіз жұмысқа кеткенде, неше түрлі теріс ойлар мазалайтын.
Осындай күндердің бірінде ауылдың Райхан есімді қызымен желіде сөйлесе бастадым. Біз екі жыл сөйлестік. Сосын шаңырақ көтеруге шешім қабылдадық.
Райханның ата-анасы бұл шешімімізге қарсылық танытпағанда менің бойымда үміт сәулесі оянды", - деген Әлинұр қазір спортпен айналысып жүргенін айтты.
"Қазір келіншегімнің, туыстарымның қолдауының арқасында спортпен шұғылдана бастадым. Бұрын мүлде қозғала алмайтын болсам, қазір еңбектеймін. Кішкентай бала секілді басымды көтере аламын. Жол апатына түскен сәтпен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс бар. Өз аяғыма тұрып кеткім келеді", - деп ағынан жарылды Әлинұр.
Ал 18 жастағы Райхан Раманқұлова үйіндегі бес баланың төртіншісі. Биылғы жылы мектепті бітіріп, Қырғызстандағы ұлттық университетке оқуға түскен.
Әлинұрдың анасы ұлының Райханмен сөйлесіп жүргенін білген бойда сырға салып қоюды ойлапты.
"Бір ауылда тұрғандықтан Әлинұрды бала күнімде жиі көретінмін. Бастапқыда ұнамағанымен, онымен араласа келе мүлде басқа адам екенін түсіндім.
Ата-анам Әлинұрдың жағдайын білетіндіктен, құда түсіп келгенде қарсы болмады. Ал туыстарым "мүгедек жігітке өміріңді қор етпе" деп кеңес берді.
Алайда мен оның қайтадан аяққа тұрып кететініне сенемін. Мұндай қиындық әркімнің басында болуы мүмкін", - деді бойжеткен.