Медиация тараптарды татуластырады
Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын және өзара қолайлы шешімге келуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Сонымен бірге тараптарға өзара тиімді келісімге қол жеткізуге көмектесетін бейтарап тұлға медиатор көмегімен жеке болмаса заңды тұлғалар арасындағы дауларды реттеу процедурасы.
Сондай-ақ дау-дамай жағдайларын шешу амалы. Бұл жерде бейтарап үшінші тарап медиатор дауласып жатқандарға, олардың арасында пайда болған келіспеушілікті шешуге, оларды түсінуге және қалыптасқан жағдайдан шығу нұсқаларын табуға, дау-дамайды шешуге көмектеседі. Медиатор емес, ал дауласушы тараптар өздерінің арасындағы келісімге келу талаптарын тыңғылықтайды және олардың орындалуы үшін жауапкершілік жүктеледі. Медиациялық тәртіптің мақсаты тараптардың шиеленіс деңгейін төмендету және даудың екі жақты да қанағаттандыратын шешіміне қол жеткізу. Медиацияның тараптары жеке немесе заңды тұлғалар бола алады. Медиатор медиация тарабы болып табылмайды, ол тек дауласатын тараптардың шешім қабылдау үдерісіне болысады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолданылу саласы болып табылады. Сонымен қатар, қолданысқа енген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша тараптарға медиацияны қолдануға жол беріледі.
Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген залалдың орнын толтыру және қылмыс жасаған адамның жәбірленушімен татуласуы жолымен дау-шарды реттеу туралы келісімді білдіреді.
Ең бастысы, медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады. Қылмыстық істерді қарау аясында тараптар келісімге келгеннен кейін іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады.
Қазіргі таңда сот өндірісінде медиация заңын қолдану арқылы аяқталған істер саны күн санап артып келеді. Өйткені, от жүйесі тарапынан осы заңды насихаттау үшін бұқаралық ақпарат құралдарында, газет-журналдарда мақалалар, семинар мен дөңгелек үстелдер сияқты жұмыстар атқарылуда.
Аудандық сотта 2021 жылы аяқталған 50 қылмыстық істің 4-і медиаторлардың қатысуымен тоқтатылған. Аяқталған 676 азаматтық істің 89-ы тараптардың медиация тәртібімен татуласуларына байланысты тоқтатылған. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі бойынша 1 іс жеке тұлға мен мемлекеттік органның татуласуымен аяқталған.
Дәурен ӘБДІҚАЛЫҚОВ,
Қазалы аудандық сотының төрағасы