Дауды реттеудің таптырмас тетігі
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты егеменді елімізде жаңа серпінмен қолға алынуы құптарлық жайт. «Медиация туралы» заңның қажеттілігі мен оның дамуы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды.
«Дау мұраты – бітім» деп Сырым бабамыз айтқандай, татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ететін аталмыш заң қарқынды жалғасуда.
Ежелгі Рим, Ежелгі Греция елінде дау мәселелерін делдалдық қатынастар арқылы шешкен. Рим халқы «делдал» ұғымын әртүрлі терминдермен пайдалана білді:» internuncius, medium, intercessor, philantropus, interpolator, conciliator, interlocutor, interpres, mediator» [2]. Жалпы алғанда, делдалдық өкілдікпен бір түбірден пайда бола отырып, әртүрлі құқықтық институттарды, соның ішінде, делдалдықтың әм-бебап құқықтық нысаны ретінде жүзеге өкілдік институтын да қалыптастырады. Өкілдік институты бірқатар құқық салаларына танымал. Егер еңбек құқығында өкілдік өкілдік берушінің атынан заңи әрекеттерді жүзеге асырумен, оған міндетті құқықтық салдар туындатумен байланысты болатын болса, ал қылмыстық және азаматтық іс жүргізуде өкіл ретінде өкілдік берушінің мүддесіне, бірақ өз аттарынан әрекет ете отырып, заңи көмек көрсететін тұлғалар танылады.
Медиация, жалпы құқықта ағылшын тілінде (alternative dispute resolution, ADR) даулардың альтернативті реттеу технологиясы болып табылады, яғни үшінші тұлғалардың қатысуымен дау мәселелерін шешу. Бұл жағдайда медиатор тарабы, екі жаққа тәуелсіз болып келеді.
Медиация бітімгершілік пен ымыраластыққа бағытталған тиімді тетік және ол бүгінгі күні дауды шешудің ең озық әдісі болып саналады. Мысалы, қазір АҚШ-та даудың 90 пайызға жуығы, Ұлыбританияда 87 пайызы, Словенияда 40 пайызы, Қытайда 30 пайызы бітімгерлік рәсімін қолданумен шешіледі екен. Ал, бізде «Медиация туралы» заң 2011 жылы қабылданғанымен, медиативтік келісімдердің көптігімен мақтана алмаймыз.
Медиатордың қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылуы мүмкін. Медиатор алдын ала кеңес бермейді. Медиацияның өзге делдалдықтан маңызды ерекшелігі сараптамалық тәжірибиесі мол болуында.
Медиатор дау мәселесі туындағанда тараптардың нақты келісімін талап етуде;
•Медиатор адами сезімді ескермейді;
•Медиатор өткен оқиғаларды сараптамайды, тек болашаққа бағыт бұрады;
•Медиатор істі қадағалайды, еш тарапқа тәуелсіз болуды;
•Медиатор тараптардың келісім жасауында міндетті түрде қатысады;
•Медиатор бейтарап, тәуелсіз болуы шарт.
•Медиацияда дау мәселесі туындағанда, екі тараптың келісімге дайын болуы шарт.
Қарап тұрсақ, сот өндірісіне түсетін істер мен арыздар жылдан жылға еселеп көбеюде. Әсіресе, азаматтық даулар саны өскен. Тараптар арасындағы түйткілдің сот арқылы шешілуі орынды дегенімізбен, өзара түсінісіп, бір бітімге келуге болатын ұсақ-түйек даулардың сотқа дейін жетуі мақтанып айтатын көрсеткіш емес. Жоғарғы Соттың кеңейтілген жиынында мәлім болғандай соңғы төрт жылда соттардың жүктемесі үш есеге артқан. Соның салдарынан, статистикалық дерек бойынша бүгінде 2 млн адам бір-бірімен дауласып, сот әуресімен жүр екен.
Соңғы кездері медиацияны дамыту бойынша жүргізілетін жұмыстар тек сот органдарына тиесілі деген ұғым қалыптасқандай әсер қалдырады. Әрине, істердің соттың құзырына жетпей, соттан тыс медиациялық жолмен шешілуі судьяларға тиімді екені рас. Сот жүктемесінің азаюы судьялардың уақытын үнемдеп, назарын неғұрлым күрделі істерге аударуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жүктеменің төмендеуі судьялардың ізденуіне жағдай туғызады. Шындап келгенде, дауды сотқа жеткізбей шешу көпшіліктің өзіне қажет.
Сондықтан да, бітімгершіліктің тиімді екенін, медиаторлардың қажеттілігін бәріміз ұдайы насихаттап жүрсек, өзімізге де, қоғамға да пайдалы болар еді.
Дәурен ӘБДІХАЛЫҚОВ,
Қазалы аудандық сотының судьясы.