Теңгелер текке кетпесін
Кәсіпкер болам деушіні қолдаудан мемлекет қалыс қалған емес. Жыл сайын бизнес бастаушыларға қайтарымсыз қаржы бөлінеді. Бүгін бір ғана 583 400 теңгені алайық. Бұл қаражат қайда, қалай жұмсалып жатыр? Қол жеткізгендердің кәсібі көлеңкеде қалып қоймады ма?
Қаржыны қалай алады?
Биылдан бастап қайтарымсыз қаржы көлемі – 583 400 теңге болып бекітілді. Жыл аяғына жетіп қалды. Аудандағы нәтиже қандай білмек ниетте жұмыспен қамту орталығы мамандарына жолықтық. Айтуларынша 661 адам аталған қаржыға қол жеткізіпті. Қазір олар мал, құс шаруашылығымен айналысуды, шаштараз, тігін, дәнекерлеу ісі, наубайхана, пластик өнімдерін жасауды қолға алған. Көлік жөндеу және жуу орталығы мен компьютерлік қызмет көрсету орталықтарын ашып, жұмыс істеп отыр.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында гранттарға ие болу үшін «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері оқуын аяқтау туралы сертификаттың немесе қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтау туралы құжаты болуы міндетті. Сіз egov.kz, enbek.kz сайттарында немесе Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп тұруыңыз қажет. Келесі кезекте аталған орталыққа жеке басты растайтын куәліктің көшірмесін, жоғарыда атап кеткен сертификатты, бизнес жоспарыңыз бен комерциялық ұсыныстарыңызды нақтылап, өтініш қалдырасыз. Ең бастысы, бизнес жоспарыңыз ұтқыр әрі ұтымды болуы керек. Комиссия сіздің бастамаңызды келешекке керек-ақ кәсіп деп шешсе, қаржы қолда дей беріңіз.
– Ең алдымен ашқалы отырған кәсібіңіз, нарықта қажеттілігі қаншалықты деңгейде. Өзін-өзі ақтай алады ма? Осыған баса мән берген жөн. Аз ақшамен де кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады әрине, егер мақсатың айқын болса, – дейді орталықтың сектор меңгерушісі Алтынбек Төреханов.
Комиссия не дейді?
Ел арасында қайтарымсыз грантты мақсатсыз пайдаланатыны жөнінде әңгіме көп. Естіген құлақта жазық жоқ. Тіпті өз малын өзі сатып алдым деп көрсететіндер көп екен. Бұған комиссия төрағасы Ибайдулла Тілеп былай дейді: «Бұл ащы да болса, шындық. Қаржыны басқа мақсатта жұмсай салатындар аз емес. Біз оларға бағдарламаның нақты талабы мен жауапкершілігін егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Ақша кәсіпке қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малды, құстарды сатып алу үшін жұмсалуы тиіс. Жеке басыңыздың қажеттіліктерін өтеуге арналмаған. Мәселен, несиеңізді төлеп, үйіңізді жөндей алмайсыз».
Бағдарламаға қатысушы грантты алған күннен бастап үш ай ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы растайды. Бұл тұрғыда халықты жұмыспен қамту орталығы шарт жасасқан күннен бастап он екі ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді. Нәтижесінде грант иегері қаражаттары басқа бағытта жұмсалғаны анықталса, бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі грант қаражаттарын бюджетке қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарады».
Қаржыны алуға ниетті адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Араға адам салып, түгеншенің танысы едім дейтіндердің де жоқ еместігі рас. Бұл жөнінде Жұмыспен қамту орталығының директоры Әділхан Әбілов:
– Айтарымыз тікелей мекемеге келіп, жөн сұраңыздар. Кез келген адам келіп, бізден ақыл-кеңес сұраса болады. Жөн көрсетуге әрдайым дайынбыз, – дейді.
Іс бастап, ілгері басқандар
Жұмыспен қамту орталығы мамандары берген қаржы алып, кәсіп бастады дегендердің тізіміне көз жүгірттік. Әр саладан бір-бір кәсіпкермен тілдесуді жөн көрдік. Алдымен құс шарушалығымен айналысуда деген Жанар Алмаеваға хабарластық. Жаз мезгілінде Шымкенттен арнайы аппарат сатып алыпты. Қазір қолдың жұмыртқасын сатып отырмын дейді. «Көбінесе емге деп сұрайды. Құстарым жылы жерді жақсы көреді. Бапты қалайды. Бұйырса, көктемде құс басын көбейтуді жоспарлап отырмын», – дейді.
Ал, жас кәсіпкер Айгерім сұлулық салонын ашыпты. Оған керек құралдың бірсыпырасын осы қаржыға алған. Қыз-келіншектерге қызмет көрсететін сән үйін жаңа жабдықтармен толықтыруға себепкер болған мемлекеттің қолдауына дән риза.
Бір емес екі бірдей тігін машинасын алдым деген Кәмшат Шермаханованың да қуанышында шек жоқ. «Кәсібіңіз қалай? деген сауалымызға: «Үйден бір бөлме ашып, шеберханаға айналдырдым. Қыз жасауын тігемін. Ара-тұра перделерге де тапсырыс қабылдаймын. Шүкір, кәсібім өрлеп келеді», – деп жауап берді.
Қайтарымсыз қаржы алғандар осылай дейді. Дұрыс-ақ теңгелер текке кетпесе болғаны.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА