Кәсіпкерлік саласы – ел игілігі
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-бастамаларды қолдауға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілуде. Бұл ретте аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері қазалылықтарға аянбай қызмет етуде.
Бағдарламаның бірінші бағыты – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік білім және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бойынша 2020 жылы кәсіптік 2 жыл 10 ай мерзімге оқуға 150 адам қыркүйек айынан бастап білім алуда. Оның ішінде қысқа уақыттық қайта даярлау курсына жұмыс беруші тарапынан кондитер мамандығына өтінімдер беруіне байланысты 20 адамды оқыту жоспарланған. Қазір олар білімдерін жетілдіруде. Оқу курсы осы жылдың желтоқсан айында аяқталады.
Бағдарламаның екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында 101 адамға несие беру жоспарланған. Бүгінгі күнге «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы арқылы 80 адамға 236,1 миллион теңге, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы Микроқаржы ұйымы» арқылы 19 адамға 48,0 миллион теңге, барлығы 99 адамға 284,1 миллион теңге несие берілген. Қаржы алған кәсіпкерлер 100-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Бағдарламаға сәйкес жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алуға 935 адамға 513,0 миллион теңге қаржы қаралды. Осы күні 50 адам 530200 теңгеден, 495 адам 555600 теңгеден барлығы 545 адам мемлекеттік грант алып қолға алған кәсіптерін дөңгелетуде. Сонымен қатар 100 адам комиссия қарауында, қаржысы алдағы уақытта берілетін болады.
2020 жылға «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негізде 246 адамды оқыту жоспарланған. Кәсіпкерлік оқуға 1-2-3-4 топтар бойынша 270 адамға жолдама беріліп, онлайн режимде оқытылды. Одан 246 адам оқуын аяқтап, сертификатын алды, ал 1 адам несие алса, 173 адам грантқа қол жеткізді.
Бағдарламаның үшінші бағыты – «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бойынша 2020 жылы әлеуметтік жұмыс орнына 50 адамға жалақыны субсидиялауға 25576,0 мың теңге бөлінді.
Бүгіндері 42 жұмыс берушімен келісімшарт жасалып, әлеуметтік жұмысқа 98 адам жіберілді. Келісімі аяқталған 21 адамның 13-і жұмыспен қамтылды. Қалған 77 адамның келісімшарттары желтоқсан айында аяқталған соң жұмыспен қамтылатын болады. Жастар тәжірибесіне 136 жас жоспарланған. Қазір 58 жұмыс берушімен шарт жасалып, жастар практикасына 136-сы түгел жіберілді. Келісімшарты аяқталған 17 адамның 12-сі тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Ал ақылы қоғамдық жұмысқа 950 адамды жіберуге жергілікті бюджеттен 180934,0 мың теңге қаржы қаралған. Бұл күні 1046 адам қоғамдық жұмысқа жіберіліп, келісімі аяқталған 372 адамның 41-і жұмыспен қамтылып отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА