Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңашыл заңнаманың тиімділігі

Жаңашыл заңнаманың тиімділігі

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді. Бұл кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, оларды жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Аталған құжат екі бағыттан тұрады. Оның біріншісі – әкімшілік рәсімдер, ал екіншісі – әкімшілік сот ісін жүргізу. Осы орайда мамандандырылған әкімшілік соттың өндірісіне түскен дауларды қарау кезінде азаматтар мүддесінің басым болуына айрықша мән беріледі. Яғни бұған дейін мемлекеттік органның жеке немесе заңды тұлғаның алдында мүмкіндігі көп болып келді. Ендігі кезекте қабылданған кодекс бұл теңсіздікті бұзып, жүйеге келтірді.
Жаңа кодекс азаматтардың құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейін қалыптастырып, мамандандырылған әкімшілік сот құрылғаннан кейін сот өндірісінің «әкімшілік істер» атты төртінші түрі пайда болды. Олар заңды тұлға мен орган арасында туындаған жария-құқықтық даулар бойынша әкімшілік істерді қарайды. Демек жеке немесе заңды тұлға әкімшілік органның шешімімен келіспесе, осы бойынша мамандандырылған әкімшілік сотқа талап қоюмен жүгіне алады.
Аталған заңнаманың тиімді тұсын айтар болсақ, бұл кодексте татуластыру рәсімі қарастырылған. Яғни, тараптар әкімшілік процестің барлық сатысында сот шешім шығарғанға дейін медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.
Бұл Кодекспен реттелетін қатынастардың қатысушылары болып мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар және жеке, заңды тұлғалар табылады.
Әкімшілік рәсімдердің міндеттері-жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру; жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу; тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде азаматтардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету; жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту болады.
Іс жүргізудің міндеті – жария құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылған құқықтарын, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу.
Сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді. Мемлекеттік органдар – өз құзыреті шегінде, жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте белгіленген тәртіппен басқа тұлғалардың немесе айқындалмаған тұлғалар тобының бұзылған немесе дау айтылатын заңды мүдделерін қорғау туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.
Сот процеске қатысушылардың түсініктемелері, арыздары, өтініш хаттар, олар ұсынған дәлелдер, дәлелдемелер және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құзырлы.
Сот өз бастамасы немесе әкімшілік ­процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды. Әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.

И.КОКЧОЕВ,
Қазалы аудандық сотының
жетекші маманы
23 қараша 2021 ж. 489 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031