Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолданысқа енгізілетін жаңа Кодекс

Қолданысқа енгізілетін жаңа Кодекс

2020 жылы 29 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне қол қойған болатын. Ол 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Оның ішінде 4 бөлім, 175 бап, 29 тарау бар.

Ескере кететін жай, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енгеннен кейін, Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы «Әкімшілік рәсімдер туралы», 2007 жылғы 12 қаңтардағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 27, 28, 29-бөлімдері де осы Кодекске өтіп, 1 шілдеден бастап күшін жояды.
Кодекс әкімшілік рәсімдермен және жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу жөніндегі арнайы сот ісін жүргізумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.
Жаңа кодекс шешім шығарылғанға дейін әкімшілік процестің барлық сатыларында татуласу, медиация туралы немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу мүмкіндігін көздейді.
Жаңа кодекстің басты мақсаты азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болмақ. Мұнда, қазіргі уақытта қолданылып жүрген «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңға қарағанда, өтінішті мемлекеттік органға келіп түскен сәттен бастап өтініш берушіге жауап жолдағанға дейінгі оны қарау процесінің барлық кезеңдері, сондай-ақ шағым жасаудың бүкіл рәсімі неғұрлым нақты регламенттелген.
Бұл кодексте әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесімен қоса, бұрынғы Кеңес елдерінде де Балтық елдері, Әзірбайжан, Армения, Өзбекстан елдерінің озық тәжірибелері көрініс тапқан.
Әкімшілік процестегі судья – белсенді, іске қатысты өз пікірін айта алады, қосымша деректер сұратып, қажетті анықтамаларға сұраныс жасауға құқылы. Осы арқылы судья төрелікке жүгініп отырған қос тараптың мәселесіне сырт қарамай, әділдіктің салтанат құруына белсене араласып, жол көрсетіп, орын алған кемшіліктерді жоюға, Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілгендей азаматтар құқығының мінсіз қорғалуына ықпал етеді.
Қолданысқа енгелі отырған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің ең басты артықшылығы мен ерекшелігі – жария-құқықтық дауларды оңтайлы реттеуімен байланысты. Заңнамада мемлекеттік құрылымдар мен қарапайым азаматтар арасындағы дауды шешудегі теңсіздікті жоюдың барлық мүмкіндігі қарастырылған. Мәселен азаматтар құқықтық тұрғыдан жан-жақты сауатты емес. Олардың өз құқығын қорғауына, мемлекеттік қызметтің қателігін көрсетуіне құқықтық сауатының аздығы, өзіне деген сенімінің төмендігі аз кедергі келтірмейді. Соған орай енді тараптарға заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндіріледі.
Енді әкімшілік істің мерзіміне тоқталып өтсем, іс сотқа талап арыз берілген сәттен бастап қозғалған болып есептеледі және бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда ақылға қонымды мерзімде 3 айға дейін, бұл ретте кассациялық сатыда 6 айға дейін қаралады.
Сонымен бірге, аталған органдардың шешімдеріне шағымданудың ерекше тәртібі көзделген даулардың жекелеген санаттарын (мысалы, салықтық, кедендік даулар) қоспағанда, сотқа дейінгі міндетті шағымдануды да енгізеді.
Қорыта айтқанда осы Кодексті қабылдау мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесінде және жоғары тұрған органда және сотта мемлекеттік органдармен дауларды қарау кезінде азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау кепілдіктерін бекітуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және сот жүйесіне жүктемені азайтуға әкеледі деп күтілуде.
Қуаныш МЫХАНОВ,
Қазалы аудандық сотының судьясы
07 маусым 2021 ж. 486 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930