Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » "Биші" бағаналар

"Биші" бағаналар

Қазақстанның сұлу табиғаты туралы айтылғанда, көрікті Көкше жеріндегі биші қайыңдар еске түсетін болса, бүгінде Қазалы жерін жұртшылық «биші» бағаналары арқылы танып үлгерді.
«Биші» деп маңыз қоюда сыр бар. Бағана дегенде ойға тік, түзу орналасқан ағаш не бетон, темірден дайындалған құрылыс материалы оралады. Ал аудандағы бір-біріне ұқсамайтын формаға енген бағаналарды сипаттап біту оңай шаруа емес. Кейде мұны көрген конструкторлар өздеріне мотивация алып, шабыттандыра түсер еді деген ойда қаласың.
Әлеуетті толғандыратын әлеуметтік мәселенің біріне айналған жайт тұрғындардың үрейін ұшырып, тыныштығын бұзуда.
Байқағанымыздай, ауданда үш түрлі баған бар. Олардың алдыңғысы – қос ғасырдың куәгері, Кеңес заманын ойға оралтатын ағаш бөренелер. Діңі берік бұл материалдардың көбі өткен ғасырда бой көтерген. Біршамасы табиғи өзгерістер салдарынан шіріп, құлау қаупінде. Кейбірі бойына тағылған бірнеше желі арқылы бір-біріне дәнекер болып, амалдап тұр. Ескірген бағаналар жағдайы сын көтермейді.
Ағаш бағаналардың тағы бір тобын тұрғындар өз еркімен құрған. Мұндай жағдайлар көбіне егемендіктің алғашқы кезеңінде және тұрғындардың шет аймақтарға баспана, өзге де құрылыс нысанын салған кезде жүзеге асқан. Білуімізше, ағаш бағананың тұру мерзімі қысқа көрінеді.
Ал берік, мықты темір бетоннан дайындалған бағаналардың кейбіріне жарқыншақ түссе, кейбірі қисайып, өткен-кеткенге қорқыныш тудыруда. Алда дүлей дауыл, не жойқын боран бола қалса, олардан келетін залалды елестетудің өзі ауыр.
Біз айтып отырған үшінші топқа жаңа, заманауи, темір электр бағаналары жатады. Көрікті, биік бағаналар көшелер мен жолдарды тарылтпағанымен бірге, майысу, құлауға да ыңғайлы келетінін көрсетіп отыр.
Мәселе туралы Әйтеке би кенті әкімдігіне хабарластық.
Ондағы мамандар кенттегі 2000-ға жуық түнгі жарықшам өз теңгерімінде екендіктерін айтты. Көлік көп қатынайтын көшелердегі жол-көлік оқиғалары салдарынан істен шыққан бағаналар жайлы сұрағымызға Самалбек Қожахметов былай деп жауап берді.
– Жасыратыны жоқ, жол көлік оқиғалары салдарынан жарықшам бағаналарына залал келтіру фактілері көптеп кездеседі. Ондайда аудандық полиция бөлімі тарапынан кінәлі тұлғалар анықталып, мүліктік шығынды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Алайда кейде жарамсыз болып қалған жағдайларға себепкерлер табылмай, оқиға орнынан қашып кетеді. Ондайда бағаналарды күтіп-ұстау жұмыстарымен айналысатын мердігер тарапынан қайта қалпына келтіруге тура келеді, – дейді ол. Бұл пікірден қоғамдық мүлікке бейжай қарайтындар қатары көптеп саналатынын топшыладық. Сондай-ақ оқиға орнынан кінәлі құрақталмаса, ол бағана құласын, майыссын не басқалай өзгеріске ұшырасын, кезегін күтуі керек. Мұндайда мердігер жергілікті болса жақсы, ал ­алыстан ұтып алғандар болса, өмірін тағдырға тапсыра бер.
Жауын не қар жауса, үйіндегі барлық тұрмыстық техникаларды сөндіріп, күн шыққанша жанын «шүберекке түйетіндердің» бірі кент тұрғыны Мәдина Медеу. Еңбек ардагерінің бұл жайында айтары бар.
– Осындан 7-8 жыл бұрын, ертең жаңа жыл деген 31 желтоқсан күні мен тұратын Мұстафа Шоқай көшесі №29 үй тұсындағы столбы таң алдында өртеніп жатқанын естіп, көршілер дабыл қақты. Байқасақ, 280 вольт пен 320 вольт қосылып кетіпті. Үлкен залал келіп, осында орналасқан көршілердің теледидар, телефон, тоңазытқыш, нан пеш, су насос қондырғысы, электр шәйнегі сынды тұтынатын, токпен жұмыс істейтін заттары бұзылып қалып, амалсыз барлығын жаңалаған жайымыз бар. Билік «шығынды өтеп береміз» деген. Шығынды өтемек тұрмақ, сол өртенген бағаналарға тағы бірдеңе жалғап, қайта тіктеткенмен, кабельдер сол күйі қалды. Бұл оқиғаны көзбен көргеннен кейін жауын не қар жауса, жел тұрса, дұға тілегімді тілеп, барынша қорғанып отыруды дағдыға айналдырдық, – дейді.
М.Шоқай көшесінде тұратын тұрғынның сөзінен соң оның көршісі өзінің басынан өткен жағдайды баяндады.
– Ұмытпасам, осы жылдың тамыз айының соңы болуы керек, жақын жердегі ауылға, туыстарымыздың үйіне кетіп қалғанмыз. Түнгі уақытта батыс беткейдегі көршім: «Үйде болсаң, далаға шық. Сенің үйіңнің тұсындағы бағанды көлік құлатып кетті», – деген хабарды айтты. Ертеңіне келгенімізде ағаш бағананың құлағанын байқадық. Оған тағылған интернет желісінің жерде жатқанын көріп, жауапты орындарға телефон шалдық, – деп бастады әңгімесін.
Үй иесі алдымен аудандық электрмен жабдықтау мекемесіне хабарласып, бөрененің оларға тиесілі еместігін біледі. Бір қызығы, бағана бір кезде теміржол мекемелеріне қарасты болған көшедегі ескі теміржол телефон желісі екендігі анықталады. Алғашында «Қазақтелеком» өз бағаналары еместігін айтып, бас тартқанымен, араға бір айға жуық уақыт салып, құлаған бағананың астыңғы бөлігіне бетон бағана жалғап, қайта орналасырып береді. Бұл жайттан екі оқиға анықталып тұр. Бірі – теңгерімі белгісіз, мерзімі біткен бағаналары қайта есепке алу жайы қолға алынуы тиіс, екіншісі, түсіп жатқан, есептеліп, белгіленген айыппұлдарды өндіру мен қайта қалпына келтіру жұмыстарының арасында алшақтық бары байқалады. Бір ғана мысал, аудан орталығындағы, камераларға жақын орналасқан Төремұрат жырау көшесіндегі аудандық емхана маңындағы қисайған екі электр бағанасы әлі іс атқарып тұр.
«Өзім 30 жылдан астам уақыттан бері көлік жүргізіп келеді. Түрлі шаруалармен көлік тізгінінде көп боламын. Осы жолда жүріп ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайының жақсарғандығын байқайсың. Десе де көңілге қаяу салар жайттарды жасырып қалуға болмайды.
Орталық көшелерде мемлекет қаражатына салынған әсем қоршаулар мен жарықшамдар, электр, телекоммуникация бағаналарына түн мезгілінде көлікпен соғып, ертеңіне қалпына келтіріп жатқанын сирек көреміз. Әйтсе де оларды қалпына келтіріп қою аздық етеді. Кімнің қандай жағдайда бүлдіргені туралы жарияланар болса, басқалар сабақ алар еді», – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Кемал Көпжасар.
Бағаналарды теңгерімге алып, оларды кезең-кезеңімен жөндеуден өткізіп, жаңалайтын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сұрау салдық.
«Электр желілерінің қызмет көрсету мерзімі орташа есеппен 25 жыл екендігін ескерсек, бүгінгі күні тозу көрсеткіші 75 процентті құрап отыр. Елді мекендердегі желілерінің жай-күйіне талдау жұмыстары жүргізіліп, іс-шара жоспарына әзірленген. Нәтижесінде жоспарға сәйкес жаңалануда», – дейді Жасәділ Жетербайұлы.
Ізденіс барысында түйген тағы бір ой, көп жағдайда көшелер жөнделгенде, ондағы бағаналарды бағдарлау кемшін түсіп жатады. Ауданда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс жоқ деуден аулақпыз. Алдағы қыстың қатал кезінде көліктің жолдан тайғанақтау жағдайы жиі орын алып, ылғалды ауа-райы салдарынан, әсіресе, электр бағаналары адам өмірі үшін үлкен қауіп төндіретінін ескерсек, тақырыпқа бейжай қарауға болмайтынын байқайсың.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

23 қараша 2021 ж. 373 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 66

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 67

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 57

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 70

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031