Сыбайластықты жою міндет
Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
Бiз мүлде жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiк болса, бұл жолда жетiстiктерiмiз де аз емес. Сонымен қатар, шешiмi күрделi әлеуметтiлiк мәселелер де бар. Қоғам өмiрiнде түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселенің бірі – коррупция. Елiмiзде осыған арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық. Бiрақ әлi толық шешiмiн тапқан жоқ.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге жайылып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданды. Ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығы және ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол жол – Президенетіміз Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен алға қойылған сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы.
Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрімен емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдар мен ұйымдар және азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Дерттің алдын алып, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Бұл үшін баршамыз біркісідей бірігіп, атсалысуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесіне зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.
Зоя МҰСТАФАЕВА,
аудандық орталық кітапхана қызметкері.