Хиуалықтарды ойсыратқан Орақ батыр
Қазалы ауданындағы Қожабақы ауылында көркемдік стилімен ерекшеленетін ертеден сақталған ескерткіш бар. Көнекөздер Орақ мұнарасы деп атап кеткен бұл бейіт ауылдан 6 шақырым жерде орналасқан.
Мұнара күйген кірпіштен дөңгелек пішінде қаланып, биіктеген сайын сүйірленген күйде төбесі жабылады. Ұшар басы мәнерлі әрі өрнекті көмкеріліп, төбесі күмбезделген. Әдетте құрылыс барысында мұнараның ішінен айқастырып ағаш салып, ұста соған шығып қол жеткен жерге жерге дейін кірпіш өреді. Көбіне жұмыс біткеннен кейін саты ретінде қойылған ағаштар қалып қояды. Ал Орақ мұнарасының айырмашылығы құрылыс аяқталғаннан кейін бала-шаға аяқасты етпес үшін мұнара ішіндегі баспалдақ ағаштар кесіліп тасталған. Сонымен бірге мұнараның кірер есігі жоқ. Бейіт басына жасалған төртқұлақ, сағана, күмбезді кесенелер бір-біріне өте ұқсас болса, бұл құрылымы жағынан қазақ даласында сирек кездесетін ескерткіштер қатарына жатады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнара 1918 жылы батырдың есімін өшірмес үшін қайта тұрғызылған. Орақ батыр халық бостандығы үшін Хиуа хандығымен ұдайы соғысқан, сондай-ақ дін жолына берік болған. Қанды шайқаста дұшпандарына дес берместен басын шауып, олардың үрейін туғызған. Қараниетті хиуалықтар батырды ұрыс даласында өлтіруге шамалары жетпегендіктен оның көзін жоюдың жеңіл жолын іздейді. Осылайша бес уақыт намазын үзбей оқитын оны дұшпандары аңдып жүріп, құлшылық кезінде басын шауып алған. Орақ батыр бірнеше жерге мешіт салдырған Қожаназар ишанның атасы деседі. Қожаназар ишан Орақтың тұңғышы Артықбайдан тараған деген дерек бар.
Іші қуыс, күйген кірпіштен қаланған мұнара дөңгелек формада тұрғызылады да, биіктеген сайын жіңішкеріп барып бітеді. Бұл қайтыс болған адамның жерленген жеріне салынған белгі емес, құрылысы қазақ стиліне тән, тарихы әріден басталатын, белгілі бір кісінің атына байланысты тұрғызылған ескерткіш. Бейіт басына тұрғызылатын төртқұлақ бейіт, сағана, күмбезді кесенелер бір-біріне өте ұқсас болса, мұнаралардың көбісі бірін-бірі қайталамайды. Күмбез әлдеқайда аумақты іргетасқа отырғызылған.
Ел арасындағы тағы бір аңызға құлақ түрсек, Сараман-Қоса, Бегім ана, Мортық және Орақ мұнараларының арасында байланыс бар. Бұл мұнаралар жау беталысынан от жағып белгі-хабар беру үшін де пайдаланылса керек.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА