Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 2009 жыл: Ынтымақтастық ырғағында

2009 жыл: Ынтымақтастық ырғағында

Бұл жаһандық дағдарыс әлі саябырси қоймаған жыл еді. Әйтсе де, бұған дейінгі жылдарда оның салдарымен күрестің түбегейлі қолға алынуы өз жемісін бере бастады. Экономика біршама алға озып, жалпы ішкі өнімде өсім байқалды. Мұның барлығы әртараптандыру жобаларының іске қосылуымен байланысты еді. Осылайша, ұлттық экономика шыныға түсті.

Дағдарысты меже дамуға серпін
Әлемдік дағдарыстан ең бірінші қаржы секторы зардап шегеді деген қауіп көбірек күтілген болса, Қазақстан бұл жағдайда ақша нарығын тұрақты ұстап қала алды. Көптеген болжамға қарамастан банк секторы дефольтқа ұшыраған жоқ. Мемлекеттік қолдаудың арқасында капитализациялық қанығу режимінде жұмыс істеген қаржы ұйымдары үш жылға созылған бұл кезеңді еркін еңсере алды. Мұның бір себебі екінші деңгейлі банктердің ішкі экономикаға араласу үлесінде жатыр еді.
Осылайша, жаһандық дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында еліміз экономиканы сауықтыруға Ұлттық қордан 14 млрд АҚШ долларын бөлді. Мұндай елеулі шығындарға қарамастан еліміздің алтын-валюта қоры ортайған жоқ. Экономикалық бақуаттылықтың кепілі саналатын бұл қордың қаржылық эквиваленті 2008 жылдың соңында 48 млрд АҚШ долларын құраса, 2009 жылдың соңына қарай 52 млрд долларға жетті. Былайша айтқанда, шыққан шығынның орны толып қана қойған жоқ, керісінше, өсе түсті. Бұл мемлекеттің экономикалық саясатының дағдарыс аясындағы тиімділігін көрсетсе керек. Сонымен қатар жаһандық дағдарыс әлі де саябырси қоймаған 2009 жылдың өзінде халықаралық ынтымақтастық аясында Оңтүстік Корея, Қытай, Италия, Франция, Түркия және Беларусь компанияларымен Қазақстан аумағында құны 25 млрд АҚШ долларын құрайтын бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол қойылды. Шетелдік инвесторлардың Қазақстанға ақша құюға ниеті – мұндағы мемлекеттік менеджменттің жоғары деңгейіне берілген баға еді.
Елбасының тапсырмасымен 2009 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әзірленіп, қабылданды. Бұл Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуын қамтамасыз ететін маңызды экономикалық құжат болатын. Алдын ала есеп бойынша, осы бағдарламаны жүзеге асырудан экономикаға келетін пайда бес жылда 7 трлн теңгеден асады деп болжанды.
Дағдарыстың бір салдары жұмыссыздық болса, онымен күресте қабылданған Жол картасы 2009 жылы да өзінің тиімділігін танытты. Оны жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден 191,5 миллиард теңге бөлінген болатын. Соның нәтижесінде елдегі жұмыссыздық деңгейі 6,3%-ті құрады. Басқа елдерді айтпағанда, экономикасы дамыған Америка мен Еуропаның өзі жұмыссыздықтың зардабын тартып жатқан тұста Қазақстанның бұл көрсеткіші үлкен жетістік еді.

Кеден одағы – бірыңғай экономикалық кеңістік
2009 жылғы тарихи оқиғалардың бірі – Кеден одағының құрылуы болды. Минскіде Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшылары үш елдің арасында Кеден одағын құру туралы құжатқа қол қойды. Соның нәтижесінде 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап біртұтас кеден аумағы нақты жұмыс істей бастады. Ал оған дейін он шақты жыл үш мемлекеттің экономикалық әлеуетін зерделеу жөнінде көптеген шара жүргізіліп, үш елдің экономикалық қатынасын реттейтін заңнамалық актілердің жобаларын жасау жөнінде орасан зор жұмыстар атқарылған болатын. Осылайша, ішкі шекаралардағы кедендік бекеттер алынып тасталды. Өзара саудадағы қайшылықты жоюға, тауарлар мен қызмет көрсетудің, капиталдар және жұмыс күштерінің жалпы нарығын құруға, сондай-ақ келісілген валюталық саясатқа алғашқы қадамдар жасалады. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің бөлігі бола отырып, 17 миллионға тарта халқы бар Қазақстан 170 миллиондық нарыққа ие болды. Осы жылы үш ел – Ресей, Беларусь, Қазақстан үшін бірыңғай кедендік тариф күшіне енді.
Одаққа бірігудің негізгі мәні кез келген сыртқы тауарға, оның қай елге тасымалданатынына және ортақ шекарадан қай жерде өткеніне қарамастан бірыңғай кедендік талаптың қалыптасуында еді. Соның нәтижесінде біртұтас көліктік, энергетикалық және ақпараттық кеңістік құрылып, интеграциялық процестер жеделдетілмек. Толыққанды нарық қалыптасып, ұлттық экономикалар біртұтас кешенге бірікпек. Мүше елдер арасында әлеуметтік-экономикалық дамудың ортақ мақсаттары айқындалып, өзара уағдаласқан құрылымдық, инновациялық, сыртқы экономикалық және әлеуметтік саясат қалыптаспақ.

Халық санағы – адами капиталды саралау
25 ақпан мен 6 наурыз күндері аралығында елімізде кезекті жоспарланған халық санағы болып өтті. Бұл тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп отырған екінші жалпыұлттық санақ болатын. Науқанға республика бойынша бір мезгілде 50 мыңға жуық санақшы қатысты. Шара қорытындысында Қазақстандағы барлық халықтың жалпы саны 16 миллион 9 600 адам болғаны анықталды. Бұл көрсеткіш 1999 жылғы өткізілген санақ деректерімен салыстырғанда 1 миллион 28 мың адамға көп. Яғни, республика тұрғындарының саны соңғы он жылда 7 процентке өскен.
«1999 жылдан бергі аралықта халықтың жас аралығында біршама өзгеріс байқалып отыр. Мәселен, 15-35 жастағы жас адам саны артқан. Халық құрамында 1974-1994 жылдар аралығындағы дүниеге келген адам саны көп. Бұл соғыстан кейін орын алған «беби-бум-ның» екінші ықпалы деп санаймыз», – деді Статистика агенттігінің сол кездегі төрағасы Әлихан Смайылов.
Тағы бір атай кететіні, 2009 жылғы санақтың қорытындысы бойынша қазақтардың үлес салмағы тұңғыш рет 63%-тен асып отыр. Егемендік алған жылы мемлекетқұраушы ұлттың үлесі небәрі 42% болатын. Ал өзге ұлт өкілдеріне келер болсақ, елімізде тұрып жатқан халықтардың 1 проценттен асатындарының ішінде өзбектер 23%-ке, ұйғырлар 6,8%-ке өскен болса, орыстардың саны 15,3%-ке, украиндар 39,1%-ке, татарлар 18%-ке, немістер 49,5%-ке кеміген.

Қазақ аспаны – бейбітшілік күмбез
і
Елімізде үш жыл сайын өтіп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бұл уақытта жаһандық деңгейдегі маңызды шараға айналып үлгерген болатын. Оны әр кездесу сайын көбейіп келе жатқан қатысушыларының санынан-ақ аңғаруға болатын еді. Осы жылы Қазақстан елордасында шілденің алғашқы күндерінде Бейбітшілік және келісім сарайында өткен дәстүрлі ІІІ съезге жетекші әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар өкілдерін жіберген 35 елден 77 делегация қатысты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдан бері өтіп келе жатқан бұл келелі жиын қазіргі әлем діндері арасындағы ғаламдық үндесудің үйлесімді де пәрменді тетігіне айналып үлгерді. Осылайша, қазақ аспаны әлем діндерінің бейбітшілік күмбезіне айналды.
«Біз жаңа мыңжылдықта да толастамай отырған әлемнің әр бұрышындағы діни текетірестер мен ұлттық қақтығыстардың алдын алуға ықпал етіп келеміз. Астанадағы бүгінгі басқосу да біздің осындай табанды ұстанымымыздың бір көрінісі. Дінаралық татулық арқылы ғана халықаралық түсіністік орнатуға болады. Бұған еліміздің қазіргі жүргізіп отырған саясаты толық дәлел бола алады. Бір дөңгелек үстел басына жиналған съезге қатысушы 400-дей діндардың наным-сенімі бөлек болғанымен, көздеген мақсаты біреу ғана. Ол – бейбітшілік. Қазақ даласына бейбітшілікті, татулықты ту етіп келгендердің әңгімесі де жарасымды болды», – деді осы жиында қошемет сөз сөйлеген Елбасы.

Аралды құтқару – адамзатты құтқару
Арал трагедиясы тек Орталық Азияның ауқымындағы қасірет емес. Ол – жаһандық сипат алған экологиялық кесапат. Осы ретте 2009 жылы 28 сәуір күні Алматы қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті өтті. Оның нәтижесінде Арал теңізі бассейніне көмек көрсетудің 3-ші бағдарламасы жасалатын болып келісілді. Бұған дейін 1995 жылдан бері қарай мұндай екі бағдарлама (ПБАМ-1, ПБАМ-2) жүзеге асырылған. Нұрсұлтан Әбішұлы өз әріптестерін Қазақстанның Сырдария өзенінің өткізу қабілетін күшейтуге және Солтүстік Аралды сумен көбірек қамтамасыз етуге бағытталған «Сырдария өзенінің арнасын және Арал теңізінің солтүстік бөлігін реттеу» атты аса ірі ұлттық жобаның бірінші кезеңі аяқталғаны жөнінде хабардар етті. Шындығын айтқанда, аталған саммит қор қызметіне жаңаша серпін берді. Осы отырыстан соң ХАҚҚ Атқарушы комитеті МҮСШК, ХТДК ұйымдарымен бірігіп, ұлттық сарапшылар мен донорларды қатыстыра отырып, Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсетудің 2011-2015 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын жасады.

Дайындаған А.БАҚЫТҰЛЫ
12 қазан 2021 ж. 394 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 72

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930