Бақ-дәулет артатын кез
1901 жылдан бастап санағанда 10 сиыр жылы өтті, 11-шісіне аяқ басқалы тұрмыз. Қазақ сиыр жылының қысында қар қалың жауып, күн аяз, қатты суық болса “ақ сиыр” немесе “ақ бұқа” кіріпті дейді. Керісінше жер қара, күн жылы болса, “қара сиыр” енді деп жорамалдаған. Қыстың басы қатты, аяғы жұмсақ болса, “ақбас сиыр” келді деп қуанған. Қаңтардан бастап Григориан есебі бойынша жаңа жыл басталады. Ал қазақ жыл санауымен сиыр жылы 2021 жылдың 21 наурызында күн мен түн теңелгенде басталып, 2022 жылдың наурызында аяқталады.
Қазақстан екі күнтізбені де қатар пайдаланады. Себебі дүниежүзі бойынша қызметке шығу, көлік қатынас қағидалары және тағы басқаның бәрі Григориан күнтізбесі есебімен жүреді. Сондай-ақ халық өзіміздің Жаңа жыл – Наурызды да ерекше құрметпен қарсы алады.
“Ақпан ақырып кіреді, қарлы боран шақырып кіреді” деген теңеу бар. 2021 жылдың қаңтар айының 15-16 мен 20-25 аралығында, ақпанның 9-15 мен 19-26-ында күн қатты суытып, қар қалың жаууы ықтимал. Мұны “акпан-тоқпан – айғайлаған алты күн” дейді.
Есесіне Сиыр жылы адамдардың бақ-дәулеті артады. Жалпы қазақ аталған шаққа құтты жыл ретінде қарайды. Бұл белгіде туғандар сабырлы, салмақты, бірбеткей, қара жұмысқа мықты, алған бетінен қайтпайтын, қажырлы болады-мыс. Сиыр жылы Қазақстан тарихында ғасыр ішінде қандай өзгерістер болды шолып көрелік.
Сонымен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда үлкен құрылыс басталды. Атап айтқанда, ең ауқымды Ташкент-Орынбор теміржол магистралы қолға алынды. Бұл жерде 4000-ға жуық қазақ еңбек етті. Осы жылы Ә.Бөкейханов Е.Севастьяновамен шаңырақ көтерді.
1913 жылы апталық-жалпыұлттық, қоғамдық-саяси және әдеби «Қазақ» газеті шығарылды. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтың жетекшілігімен шыққан басылым патшалық басқарудың отарлау саясатына қарсы бағытталған еді. Соның салдарынан бір нөмірден кейін жабылып қалды.
Бұл жылы Қазақстан футболының іргетасы қаланды. Қызықты ойын Семейден бастау алады. Сол кезде транзитті сауда орталығы саналғандықтан сырттан ағылшын саудагерлері әкелген деген болжам айтылады.
1925 жыл қазақ халқының тарихында барлық жерлерді біріктіру мен қазақ автономиясының орталығын Ақмешітке көшіруімен есте қалды. Сондай-ақ Қырғыз АССР құрамына Қарақалпақ автономиялық облысы енгізілді. Осы жылы өткен Қырғыз АССР Кеңесінің 5 съездінде А.Байтұрсыновтың ұсынысымен тарихи «қазақ» атауының қайтарылуына шешім шығарылды. Соның арқасында барлық ресми құжаттарда Қырғыз АССР-інің орнына Қазақ АССР деп жазылды.
1937-1938 жылдары қазақ елі үшін ең ауыр кездердің бірі болды. Нақ осы кезде қазақ зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратты. Елдің мұң-мұқтажын көтеріп жүрген халық көшбасшыларына кезек кезегімен ату жазасы тағайындалды.
1949 жылы жантүршігерлік эксперимент жүргізіліп, алғаш Семейде ядролық сынақ өтті. Автоматты телефон станциясы іске қосылды. Сонымен бірге ұзақ зерттеп, кең тыныспен кіріскен «Абай жолы» романын Мұхтар Әуезов он бес жылға жуық жазады. Өзі айтқандай, «Абай» және «Абай жолы» романдарын жазу жазушының шығармашылық өміріндегі сүйікті ісіне айналады. Абай жолы – халық жолы, халық жолы – Абай жолы. Осы бірлікті тарихи шындыққа сай асқан көркемдік шеберлікпен көрсету Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жеңісі еді. Сол жеңісіне сай ол туған халқының құрметіне бөленді, өз заманының ең жоғары сыйлықтары КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Лениндік сыйлықты иеленді.
Соғыс жылдары тоқтап қалған жетіжылдық білім беру ісі қайта қолға алынды.
1961 жылы Ақмола атауы Целиноград деп ауыстырылды. Байқоңыр космодромынан Ю.Гагарин алғаш ғарыш кеңістігіне ұшты.
1985 жылы жалпы одақ бойынша қайта құру саясаты орнатылды. Әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету ісі жүзеге асырылды.
1997 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың басшылығымен «Қазақстан – 2030» мемлекеттік бағдарламасының стратегиясы құрылды.
2009 жыл – Халық санағы мемлекет құраушы ұлттың 63 проценттен асқанын көрсетті. Сонымен бірге Тәуелсіздіктің 18-і жылы – жаһандық дағдарыс дабылы басылмаған еді. Бұл жыл Тәуелсіз қазақ мемлекеті үшін оңай болған жоқ. Есесіне ұлттық экономика шынықты. Жаһанды шарпыған әлемдік экономикалық-қаржылық дағдарыс Қазақстанға да қаһарын төккенімен, сауатты жүргізген экономикалық әлеуметтік саясаттың нәтижесінде ел іші абдырайтындай аса күйзелген жоқ. Алғашқы қатер төнгеннен бастап оның салдарымен күрестің сапалы қолға алынуы 2009 жылы жеміс бере бастады.
Дағдарысқа қарсы жаппай жұмыссыздықты болдырмау мақсатында «Жол картасы» 2009 жылы өзінің тиімділігін танытты. Ресми мәліметтер бойынша, «Жол картасын» жүзеге асыруға сол жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден қомақты қаржы бөлінді.
Нәтижесінде Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 6,3 процентті құрады. Қазақстанмен іргелес жатқан көрші елдерді айтпай-ақ, экономикасы дамыған Еуропаның өзі жұмыссыздықтың зардабын тартып жатқан тұста, біздегі көрсеткіштер көңіл қуантты.
2009 жыл көп қауіп күтілген Қазақстанның қаржы секторы тұрақтандырылған жыл болды деп айтуға толық негіз бар. Жыл басындағы торыққан болжамдардың барлығы теріске шығып, банк секторы дефолтқа ұшыраған жоқ. Керісінше, қиын-қыстау кезеңде мемлекет қолдауының арқасында Қазақстанның банк секторы әлемдік қаржы дағдарысының қысымына лайықты төтеп берді. Президенттің тапсырмасымен 2009 жылы Үкімет Қазақстанды үдетілген индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын әзірлеуді аяқтады. Бұл Қазақстанның дағдарыстан кейін дамуын қамтамасыз ететін елдің маңызды экономикалық құжаты болмақ.
Тағы айтулы оқиғаның бірі – Кеден одағының құрылуы. Минскіде Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшылары үш елдің арасында Кеден одағын құру туралы құжатқа қол қойды. Оған сәйкес, 2010 жылғы шілденің 1-інен бастап үш мемлекеттің – Беларусь, Қазақстан және Ресейдің Біртұтас Кеден аумағы жұмыс істей бастады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА