Жаһандық дағдарыстың жаңғырығы
2000 жылдардың алғашқы онжылдығын ел еңсесін тіктеген кезең деп бағалауға болады. Өйткені тәуелсіздік хроникасы мен ел дамуының арасында символикалық ұқсастық бар еді. Бүгінгі өлшеммен алғанда, тәуелсіздік тарихы 2007 жылы жартысынан асып түскен болса, ел дамуында да Қазақстан бір белді артқа тастады. Бұл одан кейінгі өркендеудің басы еді.
Жаңа Парламент – жаңа өзгерістер
Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік билік институттарының қалыптасу мен даму жолы осы жылдар ішінде ең бір заманауи сауатты үлгіде үлкен ыждаһатпен жүзеге асып келе жатқаны белгілі. Мұндағы әрбір қадам бірізбен жалғасып, сабақтастықтан тұрды. Осылайша Елбасының сарабдал саясатының арқасында әлемдік қауымдастық алдында еліміз өзіндік «қазақстандық моделін» жасап шығара алды. Тарих парағындағы 2007 жыл осындай Конституциялық реформалы жыл болды.
Елбасының тікелей бастамасымен 21 мамырда Қазақстан Конституциясына еліміздің бұдан былайғы даму бағытын нақты айқындап берген түзетулер енгізілді. Осылайша, Қазақстан демократия мен либерализацияның жаңа жолына қадам басты. Жаңа Ата Заңның қабылдануы саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын іске асырудың, еліміздің құқықтық кеңістігіндегі терең өзгерістер жасаудың заңды нәтижесі еді. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұрынғы Ата Заң бойынша Мемлекет басшысының құзырында болып келген бірқатар өкілеттік Парламентке беріліп, заң шығарушы органның өкілеттілігі кеңейді. Іс жүзінде Қазақстан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшті. Президенттік басқару мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды. Жергілікті жерлердегі мәслихаттардың рөлі күшейтілді, жергілікті өзін-өзі басқару түбегейлі өзгертілді, сот билігі тармағының тәуелсіздігі нығайды, азаматтық қоғамды дамытуға айрықша назар аударылды. Парламент депутаттарының саны 38 адамға ұлғайып, 154-ке жетті. Осыған орай жаңа құқықтық алаңда қызмет ету үшін Мәжіліс өзін-өзі тарқатып, сайлау өткізді.
Осы өзгерістерге орай, 2007 жылғы 18 тамызда тұңғыш рет партиялық тізім бойынша төртінші шақырылымдағы Қазақстан Парламентінің Мәжілісіне сайлау болып өтті. Жеті саяси партия қатысқан сайлау қорытындысында сайлаушылардың 88 проценттен астам дауысын алған «Nur Otan» Халықтық демократиялық партиясы ғана 7 процент кедергіні еңсеріп, Парламент Мәжілісіндегі барлық 98 орынды иеленді. Палатадағы 9 орын 20 тамыз күні Қазақстан Халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттарға берілді. Осылайша палатада түрлі ұлт өкілдерінің саны артты.
Дағдарысқа қарсы күш
Сондай-ақ осы жылдың қаңтар айында Үкімет ауысып, жаңа Үкімет жасақталды. Премерь-Министр болып Кәрім Мәсімов тағайындалды. 12 қаңтар күні Министрлер кабинетінің алғашқы отырысы өтіп, ол жиында Үкімет әкімшілік реформаны жалғастыру, бюджеттік жоспарлау мен бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, өңірлерді дамыту, бәсекелестікті қорғау мен дамыту, тұрғын үй құрылысын дамыту, инфрақұрылымды басқару жүйесін жетілдіру, аграрлық саланы, мемлекеттік тілді дамыту сынды сегіз бағыт бойынша жұмыс жоспарын қабылдады.
Елбасы 28 ақпан күнгі өз Жолдауында ел Үкіметі алдына үлкен міндеттер қойды. Жолдауда айтылған тапсырмаларға сәйкес, республикада үш жылдың ішінде салынуы тиіс 100 мектеп пен 100 аурухана алғашқыларының іргетасын қалау жұмысы осы жылы басталып кетті. 2007 жылы республика бойынша 65 мектеп ашылды. Осы жылы еліміздегі орташа айлық көлемі 51 мың теңгеге, дүниеге келген әр сәбиге берілетін жәрдемақы 35 мың теңгеге жетті. Осы жолдардың авторы – осы мемлекеттік көмекті көрген 300 мыңнан астам қазақстандықтың бірі.
ЕҚЫҰ төрағалығы – тарихи жеңіс
2007 жылдың еншісіндегі Қазақстанның тағы бір жетістігі – осы жылы ЕҚЫҰ төрағалығына толық қол жетті. Испания астанасы Мадридте 16 қараша күні өткен жиында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің барлығы бірауыздан Қазақстанның 2010 жылы аталған ұйымға төрағалық етуін қолдады. Бұл шын мәнінде халықаралық аренадағы еліміздің абыройын тағы бір асқақтатқан айтулы оқиға болды. Осы шешімімен әлемдік қоғамдастық Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында экономика, саясат, әлеуметтік салаларда қол жеткізген табыстарын танып, мойындады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан өз тәуелсіздігінің 16 жылдығын ел ішіндегі елеулі жаңалықтарымен ғана емес, халықаралық дәрежедегі салмақты қадамдарымен де табысты еңсере алды.
Экономикалық контраст: Құлдырау мен өркендеу
«Ипотекалық көпіршік» деген терминді қазақстандықтар ең алғаш рет осы жылы естіген болар. АҚШ-тың жылжымайтын мүлік нарығындағы тым лоялды саясат ипотекалық дағдарысқа алып келді де, бұл сегмент әлемдегі алып экономикадағы ішкі жалпы өнімді құрауда жоғары маңызға ие болғандықтан, оның салдары бүкіл әлемге сезілді. Дағдарыс салқыны Қазақстанның да қаржы жүйесіне әсер етті. Одан бөлек, 2005-2007 жылдардағы құрғақшылық, су тасқыны сынды табиғи құбылыстар ірі бидай өндіруші елдерге ауыр тиді. Бидай өндірісі 2005 жылы 3,6%-ке, 2006 жылы 6,9%-ке кеміп кетті. Соның салдарынан 2007 жылы әлемде азық-түлік тапшылығы қатты сезілді. 37 мемлекет қақтығыс пен табиғи апаттар тудырған азық-түлік дағдарысына ұшырады. Бұл Қазақстан нарығына тікелей әсер етті. Әйтсе де, ұлттық экономикамыздың шатқаяқтап, тұралап қалуына жол бермеуге ең алдымен жаңадан құрылған Үкіметтің дер кезінде қолға алған шаралары себепкер болды. Дағдарыстың төтенше жағдай салдарымен күрес бағдарламасы әзірленді. Оның бір бағыты ретінде отандық экономиканы әртараптандыруға бағытталған шаралар жүзеге аса бастады. Елбасының тікелей тапсырмасымен жеті өңірінде «Жетісу», «Ертіс», «Батыс», «Оңтүстік», «Тобыл», «Сарыарқа», «Каспий» сынды әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар құрылды. Бұған қоса экономиканы әртараптандыруға тың серпін беретін «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында елдің әр өңірінен экономиканы алға сүйрейтін серпінді жобалар сұрыпталып, экономиканы ілерілетуші жобалардың құрылысы басталып кетті. Жалпы бағдарламаға 97 жоба енді. Олардың жалпы құны – 60 миллиард доллар.
Осы жылғы деректерге көз жүгіртсек, 2007 жылы Қазақстанның жалпы алтын валюта резервтері Ұлттық қордың қаржысын қосқанда 40 миллиард долларға жетті. Банк жүйесіндегі депозиттер 3,5 триллион теңгеге жетті. Отандық зейнетақы қорларындағы зейнетақы жиналымдарының өсімі 1,1 триллион теңгеден асып түсті. Елдегі ІЖӨ жан басына шаққанда 7 мың долларды еңсерді. Осы жылы Қазақстанда 22,5 миллион тоннадан астам астық орылды. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіш болатын. Қазақстан – астық өндірісінің жан басына шаққандағы көлемі мен ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орынға шықты.
Абзал ЖОЛТЕРЕК