Жайылымдық жердің пайдаланылуы жөнінде мәжіліс өтті
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің игерілуі бойынша мәжіліс өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев төрағалық еткен жиында арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында жұмысшы топпен келген Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Қайрат Тоғызбаев жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, бос жатқан жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару, ауыл шаруашылығы жануарларын дерекқор жүйесіне тіркеу мәселелері бойынша хабарлама жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мұнан кейін аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейітов аудандағы жайылымдық жерді игеру, пайдалану барысы туралы баяндама жасап, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
– Қазіргі таңда игерілмей жатқан 147 жер учаскесі анықталып, оның 118-де шаруа қожалығы ашылып, кәсіпкерлік бағытында пайдаланылуда. Оның ішінде 83 жер учаскесінде мал басы тіркелген. Қалған 35 жер пайдаланушы шаруа қожалықтарында мал басы тіркелмегені белгілі болып, тиісті ауылдық округ әкімдеріне хат беріліп, мал басын тіркеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Еркін Нұржаубайұлы.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат