Мамандығы мақтанышы
Тәуелсіздік – ата-баба найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап қалған асыл қазынамыз. Бейбіт күннің астында биікке самғаған қыранның бейнесі бар көк байрақты көгімізге көтерген күн қазақ елі үшін ұмытылмас тарихи оқиға. Биыл ел аңсаған азаттыққа қол жеткізгенімізге 30 жыл. Егемендік алған тұста дүниеге келген сәби де бүгін орда бұзар жасқа жетті. Арманы асқақ жалынды жастар елдің өркендеуіне үлес қосып келе жатыр. Осыған орай аудандық №9 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Батырхан Кушкуловпен тілдесіп, бір күндік өмірімен танысқан едік.
Тәуелсіздіктің төл құрдасы – Батырхан Ғалымжанұлы өрт сөндіру қызметінде жұмыс жасауды бала кезінен армандап, алдына мақсат еткен. Әскери борышын өтеп келген жас сарбаз өрт сөндіру бөліміне орналасуды ойлап, аз уақыт ішінде көздегеніне жетіп, жұмысқа тұрады. Қазірде ол Қазалы ауданы №9 өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып, тілсіз жаумен күресуде. Ол тәуелсіздіктің таңымен таласып дүниеге келгенін мақтан етеді.
– Қазақ үшін Тәуелсіздік оңай жолмен келген жоқ. Батыр бабалар арқасында бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Ендігі кезек жастарда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай «Ел болашағы жастардың қолында» десек, өскелең ұрпақтың отансүйгіштік сезімін арттыра білсек, елім деген азаматтар мемлекетімізді әлі талай өркендететініне нық сенемін. Әр қазақ баласы елінің егеменді екенін мақтан етіп, Қазақстанның дамуы үшін өз үлесін қосса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді.
Абыройлы азаматпен әңгіме барысында өз саласына деген сүйіспеншілігін, білікті маман болып қалыптасып, биік белестерді бағындыратынына сенім білдірдік. Одан бөлек мақсаты айқын қызметкер ел ризашылығына бөлену үшін талмай еңбек ететінін жеткізді.
Жарқын болашаққа бағыт алған ел ертеңі осындай азаматтардың қолында екеніне тағы бір мәрте көз жеткізіп, өскелең ұрпаққа үлгі болатындай жандардың ел ішінде бар екеніне қуанып қайттық.
А.БАҚЫТҰЛЫ