Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәлтіректеткен Токио: қазақ спортының “қола дәуірі” ме?..

Тәлтіректеткен Токио: қазақ спортының “қола дәуірі” ме?..

Төрткүл дүниені дүрліктіріп Токио олимпиадасы өтті. Әрине жылдағы дәстүрден жаңылмай аталмыш дүбірге қазақстандық 93 спортшы қатысты. Қазақтың көк байрағын Токио төріне сырбойылық ­боксшы Қамшыбек Қоңқабаев көтеріп барды. Байрақты додада қазақ спортшылары 8 қоланы қанжығалап, әлем елдері ішінде 83 орынға табан тіреді. Бұл тәуелсіз қазақ спортындағы бұрын-соңды болмаған орны толмас сәтсіздік һәм құлдырау екендігі жасырын емес. Бұрын кемі 1 алтынды мойынға тағып, гимн шырқатып, алапамызды асырып қайтатын спортшылар бұл жолы алтын тұрмақ күміспен күптелуге зар болып қалды.
Жалпы тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ спортшылары көрсеткен ең төменгі нәтиже екені мәлім. Ал ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: “Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысты. Жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды білдіремін. Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтаймын... Алайда, 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді”, – деп жазды өзінің twitter желісінде.
Мұнымен қоса мемлекет басшысы: “Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек” деп санайды.
Жалпы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұсында Жапон еліндегі бәсеке оғландарымызбен қатар барша халыққа оңайға соқпағаны айқын. Олимпиаданың алғашқы бәсекелерінен бастап көпшілік ашына жазып та, айтып та жатыр.
Солардың ішінде спорт статистикаларын зерттеумен айналысатын спорт шолушысы Айдос Рымқұл Токиодағы нәтиже Қазақстан спортында “ұзақ жылдар бойы жүргізілген жүйесіз саясаттың кесірі” деп санайды.
– Қазақстанда басымдық бокс, күрес, ауыр атлетикаға берілді. Осы үш спорт сәтсіздікке ұшырап еді, бүкіл олимпиадада алтынсыз қалды. Бізде жүзу, жеңіл атлетика, командалық спорт түрі дамымаған. Жүзуде бір ғана спортшының 5-6 алтын алуға мүмкіндігі бар. Күрес, бокс, ауыр атлетикаға көп қаржы керек емес. Сондықтан басшылар нәтиже береді деп, осы спорт түрлеріне ақша құяды. Жүзу, жеңіл атлетика, гимнастика сынды медаль көп сарапқа салынатын спорт түрлеріне қажырлы еңбек керек. Аймақта спортты басқаратын басшылар қызметте уақытша отырады. Ешқайсының келесі жылы қайда отыратыны белгісіз. Бәрі бұл қызметте трамплин сияқты отырады. Содан кейін дамуға жүйелі түрде көңіл бөлмейді, – дейді ол.
«Олимпиада басталды!» деген де ел ең бірінші кезекте былғары қолғап шеберлеріне сенетіні жасырын емес. Сонау Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Қонақбаев, Василий Жиров, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимовтардың даңқты сара жолы талай мәрте шаршы алаңда жалғасқан еді. Кейін Бақтияр мен Бақыт, Серік пен Данияр жарқырап шыққанда Алаш баласы тақиясын аспанға атып қуанған. Бұл жолғы бәсекелер олай болмады.
– Біздің бокста, 19 миллион бапкер бар. Қайда барсаң да, көшеде кетіп бара жатсаң да, бір жерде отырсаң да, барлығы маман. Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін ақыл айтады. Қалай істеу керек, не істеу керектігін. Әрине, мен бәрімен келісемін. Бәріміз алтын күттік. Болары болды. Енді халықтан сұрайтыным төреші болмай, балаларды сынға алмай, онсыз да сағы сынып тұрған оларды жұбатудың орнына одан сайын төменге түсірмесеңіздер екен. Жазып та, айтып жатырсыздар. Сөз сүйектен өтеді. Одан сабап алса, жеңілдеу болады. Ер азамат оны көтереді. Өйткені әрқайсысы жазып жатыр: ананы алып бару керек еді, мынаны алып бару керек еді деп. Кешіріңіздер, бірақ 2020 жылы балалар жолдама алып қойған. Ешкімді өзгерте алмаймыз. Олардың намыстары өте жоғары. Елі мен жері үшін бәріне дайын. Онсызда кірерге тесік таппай жүргенде одан сайын мыжып, езудің қажеті жоқ. Бізде әлі әлем біріншілігі болады. Сол жерде біз көрсетеміз, қандай мемлекеттік держава екенімізді. Олимпиада, өкінішке орай, екі қоламен аяқталды. Ал қараңызшы, 2008-дегі Пекин Олимпиадасында кубалықтарда алтын болмады, ал өзбектер Риода ғана сенсация жасады. Оның алдында мүлде алтын болмаған. Бұрынғыдай емес, бокс бүкіл әлемде өте қатты дамып кетті. Бұрынғы осал мемлекеттің бәрі бізбен тең дәрежеде өнер көрсетеді,– дейді Олимпиада ойындарының чемпионы, Вэл Баркер Кубогының иегері, Қазақстанның бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр ­Артаев Qazsport арнасына сұхбатында.
Мұнымен қатар Афина олимпиадасының жеңімпазы:
– Осы Олимпиадада біздің тарапқа қысымшылық болды. Біз өзбектермен, Ресеймен, Кубамен алысып жүргенде бразиялиялықтар, аргентиналықтар, американдықтар шығып кетті. Ұлттық Олимпиада комитеті атынан осы жарысты ұйымдастыруға төреші ретінде американдық Дэвид Ларада деген азаматты қойған. Бұл азамат 2016 жылы да болған, сол кезде Левитке қарсы қастандық жасалды. Дэвид Ларада – басты себеп болып тұр. Екіншіден тағы бір американдық Ангел Вериворял деген азамат бар. Ол төрешілердің жұмысын үйлестіруші. Техникалық делегат Уэн Роус автралиялық. Закир Сафиуллинің жекпе-жегінің сәтсіздікке ұшырауына себепкер. Осының бәрін біз сараптап жатырмыз. Келесі Олимпиадада спортшылардың дайындығын 10 есе, 20 есе арттыру керек. Ешкімге сенбеуіміз керек, – деген пікірін білдірді.
Иә, дүбірге қосылғаннан кейін төрешілерге сенім жоқ екені рас. Жалпы мұндай «Туғанды биде иман жоқ» екенін түрлі байқаулар мен додалардан аңғарып келеміз. Жалпы жүлдесіз емеспіз. Қола болса да талай шүмектеп төккен тер мен қаншама қажыр-қайратпен жеткенін ұмытпауымыз қажет. Жалпы Токиода дзюдодан Елдос Сметов, ауыр атлетикадан Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло, еркін күрестен Нұрислам Санаев, каратэден Дархан Асадилов пен Софья Берульцева, бокстан Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов қола медаль еншілегенін айта кеткен жөн.

Е.АЙДАРБЕК
14 тамыз 2021 ж. 533 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 41

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 55

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031