Қазақ боксшылары алғаш рет Олимпиадада "алтынсыз" қалды
Токио Олимпиадасында жартылай финалға шыққан Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов қола жүлдені қанағат тұттыБокстан Қазақстан құрамасы алғаш рет Олимпиададан алтын медальсыз қайтатын болды. Бүгін соңғы боксшымыз қола медальды қанағат тұтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Команда фавориттері алғашқы айналымнан да аса алмады. Мәселен, әлем чемпионы атанған Бекзад Нұрдәулетов (81 келі) бірінші жекпе-жекте ұтылды. Ал Василий Левит (91 келі) бірден нокаутқа түсіп қалды.
69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіповке де үлкен үміт артылды. Себебі Қазақстан 2004 жылдан бері дәл осы салмақта төрт бірдей Олимпиадада алтын алған. Бірақ Жүсіпов те алғашқы жекпе-жекте ұтылды.
Әбілхан Аманқұл (75 келі) жарыс жолын жақсы бастады. Бірінші жекпе-жекте өзбек боксшысын жеңді. Алайда екінші айналымда бразилиялық Эберт Соусаға жол беріп қойды.
Серік Теміржанов (57 келі) та екінші айналымнан аса алмады.
Содан үш боксшымыз ғана қалған. Зәкір Сафиуллин (63 келі) ширек финалда ұтылса, Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіде жоғары) жартылай финалда америкалық боксшыдан жеңіліп, қола медаль иегері атанды. Бүгін Сәкен Бибосынов (52 келі) та финалға өте алмай, қола жүлдені қанағат тұтты.
Токио Олимпиадасына дейін Қазақ боксшылары үнемі алтын медаль алып келген. 1996 жылдан бері кем дегенде бір Олимпиада чемпионы болды. Арасында Вэл Баркер кубогын ұтып алғандар да бар. Олар:
Атланта-1996 – Василий Жиров (81 келіге дейін);
Сидней-2000 – Бекзат Саттарханов (57 келі) пен Ермахан Ыбырайымов (71 келі);
Афина-2004 – Бақтияр Артаев (69 келі) + Вэл Баркер кубогы;
Бейжің-2008 – Бақыт Сәрсекбаев (69 келі);
Лондон-2012 – Серік Сәпиев (69 келі) + Вэл Баркер кубогы;
Рио-2016 – Данияр Елеусінов (69 келі).