Аралда екіқабатты үйді бөліп тұрған бөлігі құлап қалды
17 наурыз күні Арал қаласында №3 өрт сөндіру қызметінің кезекші бөліміне Жароков көшесіндегі екіқабатты үйді бөліп тұрған бөлігі опырылып қалғаны туралы хабарлама түскен. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, ғимарат 1986 жылы балабақша ретінде салынып, 90-жылдары тұрғын үй мақсатында пайдалануға берілген.
Жергілікті басшылық тарапынан нысанның апатты жағдайда екені бірнеше рет ескертілгеніне қарамастан, тұрғындар үйді иемденіп, қоныстанып алған. Қазіргі таңда 20 пәтерлі үйдің бесеуінде адам тұрмайтыны анықталды. Үйді күрделі жөндеуден өткізу қажет.
Бүгінгі таңда, оқиға орын алған жерде тиісті жұмыстар атқарылуда. 50 адам және 3 ауыр техника жұмылдырылды. 15 отбасының 8-і аудандық жастар ресурстық орталығына эвакуацияланды, қалған 7 отбасы ғимараттың қауіпсіз аумағында тұрып жатыр. Эвакуацияланған тұрғындар ыстық тамақ және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Аудан әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Алдағы уақытта тексеру жүргізіледі.