Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмарлық пен жанкүйерліктің аражігі қандай?

Құмарлық пен жанкүйерліктің аражігі қандай?

Жыл сайын елімізде жүздеген букмекерлік кеңселер ашылатын көрінеді. Оған себеп – сұраныс. Бүгінде жалғыз интернет-ресурс арқылы бәс тігетін адамдардың саны 200 мыңнан асып жығылады. Атушулы бизнестің жылдық айналымы 30 млрд теңгені құрайды. Ал, сол бәстің базарын паналап, түнейтіндері қаншама?
Бұл сомадан мемлекет бюджетінің қалтасы томпаятыны рас. Бірақ, небір адами жаман қасиеттерге әуес, жауапкершіліктен ада ұрпақтың есебіне түсетін салық дұрыс ойлай алатын жастарды алмастыра алады ма
?
Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы. Бұл дүбірлі додалар осы күні ең көп талқыға түсіп жүрген тақырыптартың бірі. Күллі әлем көз тіккен футбол ойынын қазалылықтар да жаны күйіп тамашалайды, әр матчын үзбей көреді. Букмекерлік кеңселер де бұл сәтте қарап отырмайды. Бір сөзбен айтқанда, әлгі лигалардың ойындары әлем назарында, біздің де назарда. Премьер мен чемпиондар лигасының тұздықты тұсы жақындағаннан-ақ қазақ жанкүйерінің түн ұйқысы төрт бөліне бастады. Осы орайда біз Қазалыдағы букмекерлік кеңселердің біріне бас сұққан болатынбыз. Былтырғы финалистер «Ювентус пен Реал Мадридтің» биыл да тағдырлары тоғысыпты. Сәуір айының төртіне қараған түні басталатын ойынға қазалылық жанкүйерлер тіптен ерте келіп алған. Бірі «көппен көрген ұлы той» деген оймен алдын ала орын алуға келсе, енді бірі осы сәтті пайдаланып жақсы ұтысқа кенелмек. Түндегі ойын тәуліктік әңгімеге азық. Бұзылған ұйқы, мең-зең бастың мұңы ұмыт. Шетелдік аяқ доп шеберлерімен бірге домаланып доп теппегенімен, теледидар алдында терлейді. Нағыз жанкүйер деген осындай болса керек. Қайсыбірімен сөйлесе қалсаң, командалар, футболшылар туралы сайрап қоя береді. Кім жеңетінін де өзінше топшылап қойған. Олардың жанкүйерлігі букмекер кеңселерінің саудасын қыздырып тұр. Екі жаққа да теңдей пайдасы тиер дүние болса мақұл дер ек. Бірақ, өкінішке қарай бәс тігушілер айлық табыстары мен қарызға алған ақшаларын ұттырудан жалықпаса, букмекерлік кеңселер соған мәз.
Қазіргі кезде елімізде кең етек жайған құмар ойынның ең танымалы «Олимп» деп аталады. Оның кез келген бөлімшесінің іші жомарт «қонақтар» үшін жайлы орындықтар мен жылдам интернетпен қамтамасыз етілген. Қомақты қаржы тігетін адам болсаңыз, алдыңызға тегін тіске басары мен шайыңызды әзірлеп береді. Бас сұға қалсаңыз, ойынның құмарына кіріп, басын ала алмай отырған топ-топ жас жігіттерді көресіз. Тіпті, жасы алпысты алқымдаған ақ сақалды «қариялар» да көптеп кездеседі. Түскен табыстың тек 20-30 пайызын ғана ұтысқа арнайтын аталған ойынхананың республикамызда 200- ге жуық бөлімшесі бар. Бұдан бөлек, адамды алдап түсірудің саясатын ұғып алған «Зенит», «Betcity», «Гол+Пас», «Tennisi», «MegaBet», «Profit», «1хBet» сияқты ойынханалар да дамудың даңғыл жолында.
«Француз Пьер Олер ойлап тапқан ойын бүгінде Еуропа елдерінде жоқтың қасы»,– дейді танымал тележүргізуші Ерқанат Көпжасарұлы «Букмекерлік кеңсе – баяу өлім» атты әңгімесінде. Ресми түрде тек Англияда аталмыш ойынға бәс тігуге рұқсат етілген деседі. Бұл ойындар тиімді болса Еуропа елдері баяғыда-ақ дамытып, әр үйге бір-бір кеңсе ашып қояр еді. Ойынның қауіптілігінен қорыққандықтан батыста бұл ойындарға қатаң тыйым салынған. Жер бетінде алты миллиард адам бар болса, соның небәрі оны ғана букмекерлерік кеңселерден миллиондарды ұтуы мүмкін. Бүгінде ит жарысы мен ат жарыстарына да бәс көп тігіледі. Ал, бұл ойындарда кімнің жеңерін дәл табу мүмкіндігі жоқтың қасы. Бір сөзбен айтқанда, букмекерлік кеңсе – казиноның бір түрі. Бұнда да сол ақша тігіледі, жеңімпаздың кім болары белгісіз.
Арман (аты өзгертіліп алынған) есімді жігіт: «Ставка тігетін ойындар ақылмен ойнағандар үшін табыс көзі», – дегенді айтады. Алданған арғымақтың ойымен ойлайтын жігіт бүгінде жұмыссыз, табыс көзі – құмар ойын. Оның айтуынша, бәс тігетін спорт түрін зерттеп, қыр- сырын білген адам ұтылмайды. «Егер жеңіліп қалсаңыз өзіңізден көріңіз. Енді, тікелей эфирде болып жатқан футболдың нәтижесін букмекер қызметкерлері білмейтіні анық қой. Осы арқылы пайда тауып жүрмін, кейде ұтыламын. Болжамым ойдағыдай болмай жүрсе, нақты есеп жасайтын білікті жігіттерден сатып аламын»,– дейді ол.
Құмар ойынға құнығып кеткен бірнеше жігіттен пікір сұрағанымызда олардың да айтары Арманның дегенінен алыстамайтынын ұқтық. Көпшілігінде қалыптасып қалған ой осы. Дегенмен, компания жетекшілерінің қандай құйтырқы саясат жүргізіп отырғанын бірі біліп айтса, бірі білмейді.
Бұл жайында кезінде «ставка» тігіп, қазір түбегейлі бас тартқан аудан тұрғыны Марат Болманов: «Букмекерлік кеңселердің өз пайдасына айламен жұмыс жасайтындығы дау тудырмауы керек. Сөзім құрғақ кетпеуі үшін мысал келтірейін: айталық, екі футбол командасы ойнағалы жатыр. Букмекер сарапшылары қос команданы да жетік зерттейді. Содан соң, «мүмкін-ау» деген көрсеткіштерді анықтап, ол нәтижелерді жарыс тақтасынан алып тастайды. Ал сіздің ықтималдығы аз нәтижелерге бәс тігуден басқа амалыңыз жоқ. Осылай қақпанға түсесіз. Сіз бен бізге белгісіз айла-амалдарды ойлап табумен айналысатын саясаткерлер күн сайын жаңа қақпан жасап шығарады десем, артық айтқаным емес», – дей келе, шайтан ойынның зардабына тоқтала кетті: «Ең сорақысы жастарды оңай ақша табуға әуес қылады. Еңбек етуге деген құлшынысты жояды. Қарызға белшесінен батып, үйін несиеге қойған таныстарым да бар. Өзінің сүйікті командасына жанкүйерлік еткеннің сөгеттігі жоқ. Бірақ құмарлыққа бас алдырғаны дұрыс емес»,– дейді ол.
Қасиетті дініміз де құмар ойынды құптамайды. Жеңіл табыс, құмар ойындарының бәрі де адамға психикалық және моральдық, материалдық залал келтіретіндіктен исламда қатаң тыйым салынып, харам етіледі. Себебі ол адамды жалқаулыққа, маңдай терін төкпей, қиындықсыз мол табысқа бата қалуға үйретеді. Мұндай кәсіп жеке тұлғаға, қоғамға зияндарын келтіріп қоймай, тіпті отбасының шырқын бұзуға да жеткізеді екен.
Өткен жылдары вирусты компаниялардың індетіне тосқауыл қою мақсатында салық мөлшерін көбейту мәселесі талқыланған болатын. Бірақ, еншісін еселеп алып отырған ойынханалар үшін салық кедергі емес секілді. Оған дәлел Қазалы ауданында ондап саналатын ойын кеңселері. Былтырғы жылы ұлтымызға кесірлі мәселелерді нарық заманында нақты, батыл шешімдер арқылы шешу сол күннің кезек күттірмес мәселелерінің бірі ретінде қаралса, бүгін керісінше, белгілі тұлғалар рақметін айтуда. Оған себеп те жоқ емес. Сәуір айынан бастап «Дода Спорт» телеарнасы эфирге жол тартпақ.
– Арна 24 сағат бойы әлемнің үздік чемпионаттары – Италия А сериясы, Францияның 1 Лигасы, Ресейдің біріншілігі мен неміс Бундеслигасынан бөлек, бастысы, Қазақстан Премьер-Лигасы FULL HD форматында көрсетіледі. Оған қоса, спутниктік операторлар комментаторлар қызметін қазақ немесе орыс тілінде, тіпті интершуда тама-шалауды өз еркімен таңдау мүмкіндігін ұсынады. “DoDa Sport” – 100 % жекеменшік қаражатқа жұмыс атқарады және SD форматта барлық трансляцияны тегін көре аласыз”, – деді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев. Дәл осы уақытта әлеуметтік желіде “DoDa Sport” арнасының комментаторы Мәулен Ермұхамед жобаның артықшылықтарына тоқталып, оны қаржыланыдырып отырған 1хBet букмекерлік компаниясына алғысын қарша боратып жатты.
Ал Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы бірнеше күн бұрын букмекерлік кеңселерден түскен салық олимпиада ойындарының шығындарына жұмсалып жүргенін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, ол алдағы уақытта салықтың мөлшерін арттыруға жұмыс істейтіндерін айтты.
Қай тұсынан алып қарасақ та құмар ойынның қасиеті жоқ. Адами сипатқа, қазақы құндылыққа, ол аз десеңіз азаттығымызға қауіпті. Себебі, еңбек етпей-ақ ақша табуды жанына серік еткен азамат патриоттық сезімнен ауылын алыстата бермек. Ал, елін, жерін сүймеген азаматқа Отанның құны бір тиын.
P/S: Кент көлемінде мұндай кеңселердің көбейіп келе жатқанын кімнен жасырамыз? Осылардың біріне барып, бәс тігушілермен әңгімелесу барысында олардың басым бөлігі жұмыссыз жастар екенін білдік. Кәсіптің ебін тауып, туған жердің дамуына барынша үлес қосып жүргендерден бөлек, саны жағынан олардан кем түспейтін істерге жұмысы жоқ жастарды және көріп іштей жанымыз ашыды. Мүмкін олардың бірі жұмысқа орналасу үшін бәс тіккен болар? Әлде қызметін өсіру үшін бе? Кім білсін?
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
09 сәуір 2018 ж. 939 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930