Құрбан айт – ұлық мейрам
Енді бірер күнде мұсылман баласының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамы келеді. Сондықтан құрбан айт күндерінде Алла Тағалаға жақындық үшін белгілі бір малдан «Құрбан» шалу уәжіп болған. Құрбан шалу, уәжіп болу үшін мұсылман, азат, мұқим болу, сондай-ақ шариғат бойынша бай саналатын жағдайға ие болуы шарт.
Бұл үш күн қатарынан тойланатын ұлық айт кезінде мұсылман қауымы Алланың ақ жолына бағыштап, құрбандық шалады, ата-бабаларының әруақтарына құран оқытады, бір-біріне ізгі тілектер тілейді.
Ізгі амалдың тарихынан
Аллаһтың (Субханаһи уа тағала) ұлық болған қасиетті мерекесінде істей тұғын құлшылығымыз, яғни құрбандық шалу турасындағы бұйрық Ибраһимге (ғ.с.) келген екен. Ибраһим Пайғабар – Құран кәрімде жазылған 25 пайғамбардың бірі. Қасиетті Құран кәрімде Аллаһтың Пайғамбарларының бәрі мұсылман дейді. Ішіндегі атағы көп шыққаны – Ибраһим Пайғамбар. Ибраһим (ғ.с.) Исхақ және Исмағылдың әкесі. Исхақтан еврейлер тарайды. Ал Исмағылдан арабтар тарайды. Түсінде Аллаһ Тағалаға баласы Исмағұлды құрбандыққа шалуға әмір етті.
Ибраһим (ғ.с.) ұлы Исмағылға (ғ.с.) «Ей ұлым, мен сені бауыздап құрбандыққа шалатын түс көрдім. Ойлан, сонан соң пікіріңді айт» – дейді.
– Әй, әке – дейді ұлы. Өзіңе не бұйырылса, соны істе. Аллаһ Тағала бұйырып тұрса, мен қарсы болмаймын, – дейді.
Екеуі Аллаһ Тағаланың бұйрығына мойынсұнып. Ибраһим (ғ.с.) ұлы Исмағылды бауыздағанда пышағы өтпейді, таңғалады. Сол кезде Аллаһ Әбілдің көк қошқарын жерге түсіреді. Ибраһим (ғ.с.) дереу пышағын алып, қошқарды құрбандыққа шалады.
Әке мен баланың адал ниетіне орай Аллаһ малды өзі түсіреді. Бұл турасында Саффат сүресінің 101-109 аяттарында айтылған. Осы күннен бастап мұсылмандар әр жылы осы оқиғаны еске алып, атап өтіп, құрбан шалатын болды.
Құрбандық малдың жол-жоралғысы әрбір мұсылманның ниетіне, жағдайына қарай жасалады. Құрбандық малдың адал болуы және семіз болуы шарт. Пайғамбарымыздың (ғ.с.) хадисінде «Құрбандықтарыңды таңдап, семізінен сойыңдар, сират көпірінде сол малға мініп өтесіңдер» делінген.
Құрбан шалу шарттары
Айта кету керек, бір көзі немесе екі көзі соқыр, ақсақ, соятын жерге бара алмайтын нашар, құлағы мен құйрығы туғанда жоқ, құлағының жартысынан көбірек кесілген, тісінің көбі жоқ болса мұндай мал құрбандыққа жарамайды. Ал қой бір жастағы немесе бір жасындағыдай семіз, сегіз, тоғыз айлық болса, бұл бір кісілік құрбандыққа жарайды.
Ешкі бір жаста болса, бір кісіге, сиыр екі жасын толтырса, жеті кісіге дейін аталып, шалынады. Тауық, үйрек, қаз, қоян сияқты жануарларды құрбандыққа шалуға болмайтыны баршамызға мәлім.
«Құрбандықтың уақыты айт күнінің таңында басталады, содан айттың үшінші күні мен батарға дейін жалғасады. Яғни, мешіті бар жерлерде айт намаздары оқылуы бойынша шалған дұрыс. Өйткені, Пайғамбарымыз (ғ.с.): «Кім айт намазынан бұрын мал шалса, оның орнына қайта мал шалсын. Ал кім намаздан соң мал шалса, оның құрбандығы қабыл болды және ол мұсылмандардың сүндетіне дөп келді», – деген.
Тәртібі бойынша құрбан малды адам жақсы бауыздай білсе, өзі шалғаны мұстахаб болмақ. Егер қолынан келмесе, білетін біреуге шалдырса да болады. Алайда өзі рәсімнің басында тұруы қажет. Өйткені Фатимайы Захарға Пайғамбарымыз (ғ.с.): «Тұр, құрбандығыңа бар, көріп тұр. Оның алғашқы тамған қанымен сенің барлық күнәң кешіріледі» – дейді.
Құрбандық күндіз шалынғаны мұстахаб, себепсіз түнде шалу мәкрұһ болады. Құрбан шалу шамасы келетін әрбір мұсылманға уәжіп және оның жол сапарда болмауы шарт. Ал шалынатын малдың бауыздаулығы құбылаға қаратылып, арнаулы дұға оқылады. Үш мәрте тәкбір айтылады.
Ниет қылу үлгісі мынадай: «Иә, Раббым! Бұл пенденің саған қарсы келіп, қателік жасаған кезі болса, назалы да наразы сөзі болса, соның бәрін кешіре гөр, мына өзімнің ақ адал малымды шалғалы тұрмын. Қабыл ала гөр, Раббым».
Құрбанға шалынған малдың еті үшке бөлінеді, бір бөлігі үй ішінің нәпақасы, екіншісі бөлігі дос-жарандар, меймандар сияпатына, үшіншісі пақыр, мұқтаждарға садақа үшін беріледі. Сойылған малдың терісін жоқ-жітікке садақа ету немесе сатылған ақшасын садақа қылу – игі амал. Ниетке қарай, етті түгел таратып беруге де болады.
Құрбан шалушылар шілде айының 20-шы жұлдызында таңертеңгі сағат жергілікті уақытпен 6:00-ден 30 минут өткенде ниет етіп, бастай беруіне болады. Құрбан айт намазы аудан, қала, кент және ауыл мешіттерінде таңертеңгі сағат 6:00-ден оқылады.
Құрбан айт үш күнге созылады, шілде айының 22-ші жұлдызындағы Аср намазының уақытына дейін мал шалына береді.
Ескертетін жайт
Жыл сайын ертемен келіп мешіт ауласында отырып алып, менің тұрмысым төмен құрбандықтан ет беріңдер дейтіндер баршылық. Алайда биыл карантинге байланысты мешіт аулаларында құрбандық мал шалынбайды. Арнаулы қасапханаларға ғана сойдыру рұқсат.
«Менің бөлек тұратын жұмыссыз балам немесе қыздарым бар. Соларға да ет беріңіздер», – деп имандылық үйінің ауласында айқай шығаратындар да жетіп артылатынын көріп жүрміз. Бұл жөнінде тиісті орындардан зерттелуі бойынша берілетін тізім бар. Соған сәйкес құрбандық еті таратылады. Екі, үш мешіттен барып ет алатын бауырларымыз да баршылық. Сондықтан мешіт тарапынан оларды тексеріп анықтайтын топ бар екенін ескертеміз.
Ол жанұяға құрбандық еті шариғи тұрғыда беруге лайық деп табылса ғана берілмек. Ұлы мейрам Құрбан айттарыңыз, құрбандықтарыңыз, ниеттеріңіз қабыл болсын, мұсылман бауырлар!
Берік қажы СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы